Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәслихаттың жаңа құрамы таныстырылды

0 292

Қала әкімдігінің мәжіліс залында жетінші шақырылған Тараз қалалық мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Оған шаһар басшысы қатысып, ескі құрамға алғыс білдіріп, жаңа құрамға сәттілік тіледі.

Арайлым Бақытжанқызы. Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Сессияны Тараз қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Арын Асқарбеков ашып, өткен сайлаудың қорытындысы туралы хабарлама жасады.

– Облыстық сайлау комиссиясының 2021 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Мәжілісі және мәслихаттар депутаттары сайлауының алдын ала қорытындысы бойынша өңірдегі 492 сайлау учаскесіне тіркелген 720365 сайлаушының 520132-сі (72,2%) қатысты. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Мәжілісіне 502598 дауыс берілді. Оның ішінде 399766 адам – «Nur Otan» партиясына (79,5%), 14516 – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына (2,8%), 40341 – «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясына (8,0%), 15229 – «Адал» саяси партиясына (3%) және 32746 азамат – Қазақстан халық партиясына (6,52%) өз таңдауын жасады. Ал облыстық мәслихатқа 408087 адам – «Nur Otan» партиясына (81,2%), 42453 азамат – «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясына (8,4%), 43573 – сайлаушы «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясына (8,6%) және 8485 тұрғын – «Адал» саяси партиясына (1,6%) дауыс берген, – деді Арын Ілиясұлы.

Сессияда депутаттық куәлік пен төсбелгіні Арын Асқарбеков халық қалаулыларына салтанатты түрде табыстап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Жалпы жетінші шақырылған қалалық мәслихатының депутаттығына 24 депутат мандатқа ие болды. Оның ішінде «Nur Otan» партиясынан – 20, Қазақстан Халық партиясынан – 2, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан – 2 депутат.

Депутаттар бірінші кезекте жетінші шақырылымның бірінші сессиясының төрағасы ретінде Мұрат Бердалиевті сайлады. «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Жетібаев мәслихат хатшысы лауазымына Батырбек Күлекеевтің кандидатурасын ұсынып, депутаттар бірауыздан қолдады. Бұдан соң күн тәртібіндегі мәселелерге кезек берілді. Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясы құрылып, экономика, бюджет және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып №5 Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Мұрат Бердалиев сайланды. Ал заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс жасау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып «Goodmaker» ЖШС директоры Амина Қайназарова, инфрақұрылым, коммуналдық шаруашылық және жер қатынастары жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы болып «ЖамбылЖарықСауда-2030» ЖШС бас директорының орынбасары Бақытжан Әлімханов сайланса, білім беру және әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институтының директоры Орынқыз Джолдасова болды. Ал күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша ІІ сессияның төрағасы сайланды. Жиында сөз алған қала әкімі Айтқазы Қарабалаев депутаттарды қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент алдында сөйлеген сөзінде депутаттардың сайлаушыларға берген уәделерін орындап, тұрғындармен үнемі кездесулер өткізіп отыру қажеттігін баса айтқан болатын. Сіздер, ең бастысы, ақыл, тәжірибе мен білімді ұштастырып, қарапайым тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қызмет етесіздер. Халық мүддесі жолында аянбай тер төгу қажет. Облыс орталығының дамуына бірге атсалысайық, – деді шаһар басшысы.

Ал қалалық мәслихаттың ең жас депутаты «Қазфосфат» ЖШС ЖФ мұрағат бөлімінің меңгерушісі Абдукерім Әбделі – 24 жаста.

– Мен бала күнімнен мемлекетке қызмет етуді армандаушы едім. Мәслихаттың ең жас депутаты болу – мен үшін үлкен жауапкершілік. Әрине, білетінімнен білмейтінім көп. Бірақ алға қойған мақсаттарыма жету жолында аянбай еңбек етіп, халықтың үдесінен шығу үшін қолымнан келгенін істеймін. Бұл – мен үшін үлкен мүмкіндік. Үлкен арман алғашқы қадамнан басталады, сондықтан бізді қолдап, дауыс берген әрбір азаматқа алғысымды білдіремін, – деді жас депутат.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.