Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ойшылдар мұрасы – руханият өзегі

0 348

Ұлылар үндестігін дөп табу әрі оны халықтың рухани мәдениетінің өзегіне айналдыру – жаңа ұрпақтың жасампаз міндеті. Бұл мақсатта шаһардағы Достық үйінде «Әл-Фараби және Абай: Ұлылар үндестігі» атты ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суретті түсірген С. АБЖАПАРОВ

Аталған конференцияға қатысу-шылар тұлғалардың рухани мұраларын зерттеудің маңыздылығын алға тартып, орамды ойларын ортаға салды.
– Бүгінгі конференция ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына және ойшыл ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған. Олардың мұрасы мәңгілік. Ол арқылы көптеген жас буын рухани толысуда. Әл-Фараби мен Абай – ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі. Біз бұл игі дәстүрді үзіп алмауымыз керек, – деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ жиынға Алматыдан арнайы келген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бұл мерейтойдың бүкіл қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл түркі дүниесіне ортақ мерейтой екенін, сондықтан да қос алыптың тойларын ұлтымыз үшін рухани өрлеу жолындағы ұлы мереке деп есептейтінін жеткізді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов та ұлы тұлғалардың ұрпақ үшін орны әрдайым маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар Ғалымқайыр Мұтанов қос алыптың рухани әлеміндегі жаңашылдықтар, рухани сілкініс, жалпы олардың ұлы болмысы хақында ой қозғады. Ал жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жиынға қашықтан қосылып, әл-Фараби әлемдік ақыл-ойдың алыбы болса, Абай хакім Алаш ақыл-ойының темірқазығы екенін жеткізді. Сонымен қатар Дархан Қыдырәлі биылғы жылы «Егемен Қазақстан» газетінде ұлы тұлғалар хақында көптеген ғалымдардың еңбектері жарияланғанын, жалпы екі алыптың үндестігі «Толық адам» ілімі туралы да айтып өтті. Әсіресе, жастардың ізгі адам болуға құлшынысын арттыруға, жат әдеттерден арылуға жетелеуге әл-Фараби мен Абай сынды ұлы тұлғалардың үлесінің зор екенін де тілге тиек етті.

Конференция барысында әл-Фараби мен Абайдың идеяларын насихаттау, олардың өмірлік тәжірибесін зерттеу мақсатында іс-шаралар өткізуге қатысты түрлі ұсыныстар айтылды.

– Бұл бізге мемлекеттігімізді нығайтуға, білім беру жүйесін дамытуға көмектеседі. Ол үшін жаңа жағымды қасиеттерді қалыптастыру, кертартпа дағдылардан арылу қажет. Абай әділетті қоғам құруды армандады және адамдық қасиеттерден алыстамауды меңзеді, – деді Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Тахир Балықбаев.
Абайтанушы, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ оқытушысы Рахат Саламатова ұлы ағартушылардың шығармалары арқылы қазақ мәдениетінің жетістіктерін насихаттауға болатындығына назар аудартты. Әл-Фараби мен Абайдың көптеген шығармалары әлі күнге дейін күрделі күйінде қалып отыр. Оларды кеңінен зерттеуді жалғастыру қажет. Тұлғалардың философиясының негізі білім мен еңбекқорлыққа деген ұмтылдыру болып табылады.

Сонымен қатар конференция барысында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев пен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов университет пен облыс әкімдігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар түрлі салалар бойынша білікті кадрлар даярлау, экономикалық даму, өндіріс мәселелері бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыруға ниетті.

– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстанның көптеген көрнекті ғалымдарының ошағы, таланттардың бесігі. Біздің өзара ынтымақтастық тиімділігі мен бүкіл Қазақстанға көп пайда әкелетініне сенімдімін, – деді Бердібек Сапарбаев.

Ғалымқайыр Мұтанов та өз кезегінде жылы қабылдаған облыс әкіміне алғысын білдіріп, университеттің жемісті ынтымақтастыққа дайын екендігіне сендірді.
Қос ойшылдың биылғы айтулы мерейтойларына байланыс-ты атқарылуға тиісті ауқымды іс-шаралар алдағы уақытта індет себебінен болған кедергілерге қарамастан, заңды жалғасын таппақ. Қос ойшылдың терең әрі бай мұрасы осыны қажет етеді. Нәтижесінде бабаларымыздың асыл мұралары жаңа мыңжылдық тоғысында тәуелсіз Қазақстанның ілгері тартқан көшін тура жолға бастайды, қазақ елінің ұлттық идеологиясына, мәдени-рухани өміріне қызмет ететін болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.