Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұғыры биік тәуелсіздік

0 634

«Баласағұн» орталық концерт залында 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен салтанатты жиын өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ. Суретті түсірген Юрий КИМ

Шараға облыс әкімі аппаратының қызметкерлері, облыстық департамент басшылары, басқарма басшылары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, университет ректорлары, зиялы қауым өкілдері шақырылды. Мемлекеттік Гимн шырқалған соң, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жамбылдықтарды атаулы мерекемен құттықтай отыра, бабалар аңсаған тәуелсіздіктің еліміз үшін мән-маңызын атап өтіп, мемлекеттің қарыштап дамуы жолындағы Елбасының атқарып жатқан игі істеріне тоқталды.

– Тәуелсіздік жылдары Қазақстанды жан-жақты дамыту үшін үлкен жұмыстар атқарылды. Біздің ең үлкен жетістігіміз – елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қала алғанымыз. Тұрақты экономикалық өсімнің арқасында жылдан-жылға азаматтардың әл-ауқаты артып келеді. Зауыттар мен кәсіпорындар ашылып, тұрақты жалақысы бар жұмыс орындары құрылды. Біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы берген бағытты ұстанамыз, бірінші кезекте экономикалық өсуге, содан кейін саясатқа баса назар аудару керек. Мен осы жылдар аралығында ел дамуына сүбелі үлес қосқан барша жамбылдықтарға алғыс білдіргім келеді. Сіздердің әрқайсыңыздың ел дамуы жолындағы еңбектеріңіз осы елдің гүлденуіне жасалған нақты қадам деп білемін. Облыс басшылығы атынан баршаңызды мерекемен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді Бердібек Машбекұлы.

Ізінше салтанатты шара мерекелік марапаттауға ұласты. Президенттің 2020 жылғы 3 желтоқсандағы Жарлығымен еліміздің қоғамдық-экономикалық саласын дамытуға, бейбітшілікті, тұрақтылықты және халық арасындағы төзімділікті сақтауға қосқан үлесі үшін Қордай ауданы, Сортөбе ауылының әкімі Ілияс Буларов және «Жамбыл облысы бойынша Махмұд Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің директоры Мухаббат Тұрдыева ІІ дәрежелі «Достар» орденімен марапатталды.

«Құрмет» ордені «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дастан Айтөленовке, Жуалы ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбековке, Мойынқұм ауданының «Түрікпен Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Бауыржан Әбілдаевқа, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының актрисасы Анна Вундерге, «Altais Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің президенті Әлімбек Жұмабаевқа, Тараз қаласындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен жасөспірімдерге қолдау көрсету орталығының директоры Айжан Мейірхановаға, Жуалы аудандық мәслихатының хатшысы Ерғали Тілеубековке, Тараз қаласының еңбек ардагері Щорс Шарафутдиновке тапсырылды.

ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен Сарысу ауданының «Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Мұхамедияр Арыпбаев, Шу ауданының «Қазақстан Темір Жолы Жүк тасымалдау» акционерлік қоғамы депосының тепловоз машинисі Төлеген Барлыбаев, «Қызыл – Дихан қожалығы» өндірістік кооперативінің механизаторы Николай Ивкин, Талас ауданы «Игілік» көпсалалы кәсіпорнының автокран жүргізушісі Рысқали Майсыпов, «Қазфосфат» ЖШС «Аммофос» минералды тыңайтқыштар зауытының іске қосушысы Дүйсен Шынхожаев марапатталды.

Ел Президентінің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі Жарлығымен азаматтардың денсаулығын сақтауға қосқан үлесі, пандемия кезіндегі қажырлы еңбегі үшін «Халық алғысы» медалімен Талас аудандық полиция бөлімшесі изоляторының бастығы Бекболат Егеубаев, Тараз қаласының «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіров, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Анар Сағымбекова, Тараз қаласының қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдәзімов, Жамбыл облысы бойынша республикалық «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі Михаил Те марапатталды.

Жамбыл облысының дамуына, қоғамдық-экономикалық өміріне қосқан ерекше үлесі үшін «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағына қоғам қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Асқар Мырзахметов, Жамбыл облыстық ауруханасының операция бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков, Жамбыл облыстық филармониясының халық музыкалық аспаптар оркестрінің дирижері Мұхтарбай Рахманқұлов, Сарысу ауданының «Қаратау және Шолақтау» тау-кен өндіру жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұратқали Сәрсенов, Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Сейділдә Байшақов ие болды.

Марапат барысында «Облыстың Құрметті азаматы» атағына ие болған Асқар Мырзахметов жамбылдықтарға ыстық лебізін білдірді.

– Жамбыл облысының әкімі болып жұмыс істеген жылдарда маған көрсеткен қолдауы үшін барлық жерлестеріме алғысымды білдіремін. Бердібек Сапарбаевтың сөзіне қосыламын, тек бірлескен күш-жігермен алға қойылған көптеген міндеттерге қол жеткізілді. Мен баршаңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Елімізде әрдайым бейбітшілік болсын, ал біздің алдымызда көптеген жақсы күндер тосып тұр, – деді Асқар Исабекұлы.

Марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін барлық қатысушылар Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының ұжымы әзірлеген концерттік бағдарламасын тамашалады. Салтанатты шара соңында облыс әкімінің ықылас гүлі табысталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.