Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құмшағал мен Шөлдала назардан тыс тұрған жоқ

0 206

Тараздың ешбір мәселесі қалалық әкімдіктің назарынан тыс қалып қоймайды. Қай аумақта қандай қордаланған мәселелер бар, біз оның барлығынан хабардармыз. Хабардар болып қана қоймай, түйткілді мәселелер шешімін табуы бойынша үздіксіз жұмыстар атқарылып жатыр.

Жасырын емес, «Шөлдала» мен «Құмшағал» шағын аудандарындағы проблемалар жиі талқыланады. Оларды жоққа шығара алмаймыз. Алайда осы мәселелердің күрмеуі шешілуі үшін бұл бағытта орасан зор жұмыстар атқарылып жатыр.

Жалпы қаланың 11-ші округіне кіретін 6 шағын аудан, 1 станция және 28 тұрғын алқабы, яғни бұрынғы саяжайлар бар. Халық саны 18 мыңға жуықтайтын бұл аймақта үй саны 6 мыңға жетіп қалады. Оның ішінде тұрғын алқаптарда 12 мыңнан астам адам тұрады.

Бүгінгі таңда шағын ауданның маңындағы тұрғын алқаптарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамту мәселесі бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Тараз қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 6 желтоқсандағы №2988 қаулысымен Тараз қаласы «Құмшағал» және «Шөлдала» шағын аудандарының 28 саяжай алқаптарының 1028,4 га аумағы тұрғын аумағы ретінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітіліп те қойған.

6 шағын аудан мен 28 тұрғын алқабын электр желілерімен қамтамасыз ету бойынша жобалау-сметалық құжаттаманың сараптама қорытындысы алынды. Сметалық құны – 2 256,4 млн теңге. Бүгінгі таңда электрлендіру бойынша құрылыс жұмыстарын бастау үшін жергілікті бюджеттен 5,0 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді және мердігерлер анықталды.

Қараша айының соңына қарай басталған құрылыс жұмыстары аясында келісімшартқа сәйкес нысандар 2021 жылға өтпелі болып отыр.

Бұл аймақта ауыз сумен қамту бойынша мердігер «Ұлмад» ЖШС-мен жалпы құны 8,5 млн теңгеге келісімшарт жасалып, жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Бүгінде құжаттар сараптамадан өткізілуде, қорытындысын жыл соңына дейін алу жоспарлануда.

Газдандыру мәселесі де басты назарда тұр. Бұл бағытта жұмыстар атқарылып, газбен қамтамасыз ету жолға қойылған. Атап айтсам, бүгінгі таңда 6 шағын ауданда орналасқан 1204 үйдің жартысынан астамына газ кіргізілді. Ал саяжай алқаптарындағы 4552 үйдің 1041-і газбен қамтамасыз етілді. Жалпы бұл жұмыстарды толық аяқтау мерзімі алдағы екі жылға белгіленіп отыр.

Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылы қала бойынша көшелердің жол жабындысының ағымдағы техникалық жағдайын анықтау мақсатында түгендеу жұмыстары жүргізілді. Оларға сәйкес қала көшелерінде жөндеу жүргізілді. Бірінші кезекте әлеуметтік маңызды мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары орналасқан және қоғамдық көліктер өтетін көшелер жөндеуден өткізілді. «Шөлдала» мен «Құмшағал» шағын аудандарына инфрақұрылым тартылғаннан кейін асфальт жолдарын салу жұмыстары жүргізілетін болады. Мұның барлығы бір төселген асфальтты екінші рет тағы қазбас үшін ретімен жүргізілгелі отыр.

Жалпы аталған ауданда әлі талай жұмыстар жүргізілетін болады. Олардың барлығы назарда тұр, жоспарға енгізілген. Тұрғындардың қолайлылығы және сапалы өмір сүруі үшін тиісті шаралар қабылданатын болады.

Айтқазы ҚАРАБАЛАЕВ, Тараз қаласының әкімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.