Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғамдық көліктің сапасы сын көтереді ме?

0 326

Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен Қоғамдық кеңестің күн тәртібіне бірнеше мәселелер шығарылып, бірқатар мекемелер сынға алынды.

Арайлым Шабденова

Қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов ашқан жиынға қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев, қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев және кеңес мүшелері мен сарапшылар қатысты. Алдымен сөз алған Батырбек Әбдірәсілұлы Қоғамдық кеңестің атқарып жатқан толағай жұмыстарына тоқталып, алдағы уақытта сәттілік тілеп, кеңес мүшелеріне куәлікті салтанатты түрде табыстады.

Содан кейін күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша, яғни «Қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру жағдайы туралы» хабарламаны қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы жасады. Бөлім басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен бүгінгі таңдағы қоғамдық көліктің жай-жапсарын ортаға салды. Сонымен қатар онлайн-билеттің халық арасында қолданылу барысы мен карантин салдарынан 50 пайызға қысқарған қоғамдық көліктің жайы жиында сөз болды.

Жалпы қала бойынша 10 жолаушы тасымалдаушы кәсіпорынға тиесілі 429 автобус 42 бағытта, атап айтсақ, «ӘулиеатаТрансПас» ЖШС – 17 бағытта, «Саяхат-99» ЖШС мен «ДамРус» ЖШС – 5, «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС мен «СапарТранс-2012» ЖШС – 4, «ТаразТрансМоторс» ЖШС – 3, «Мерей-2002» ЖШС, «ТаразПасТранс» ЖШС, «Саят» ЖШС және «Экспресс-05» ЖШС-нің әрқайсысы бір-бір бағытта ғана қызмет көрсетеді. Жиі сынға ұшырайтын қоғамдық көліктің саны карантин уақытында 50-51 пайызға, яғни 429 автобустан 220-230 автобусқа қысқарыпты. Пандемия кезінде жүргізушілердің жұмыста тұрақтамауы көптеген бағыттардың жабылуына әкеліп соққан. Елде әлі күнге дейін карантиндік шаралар жұмсармады. Десе де, қалаішілік автобустар соңғы 2-3 аптадан бері сенбі-жексенбі күндері де қызмет көрсете бастады. Бірақ автобус санының тапшылығына байланысты аялдамада қоғамдық көлік күткен халықтың саны көп. Ал санаулы автобусқа асыққан жұртшылық ешбір санитарлық арақашықтықты да, маскалық режимді де сақтап жатқан жоқ. Бұл туралы да кеңесте сөз болды. Бөлім басшысының хабарламасынан кейін қала ішінде қоғамдық көлікті зерделеп, жолаушылар тасымалының сапасын бақылаған комиссия төрағасы мониторинг жұмысының нәтижесімен бөлісті.

– Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің 2020 жылғы IV тоқсанына арнаған іс жоспарына сәйкес кеңес мүшелерінен құрылған мониторингтік топ ағымдағы жылдың қазан айында қоғамдық көлікпен қала ішінде жолаушылар тасымалын ұйымдастыру жағдайына зерделеу жүргізді. Кеңес мүшелері мониторинг жүргізу барысында тек қана кемшіліктерді анықтау ғана емес, сонымен бірге қоғамдық сананы қозғау арқылы ең өзекті әрі өткір деген мәселелерге биліктің назарын аударуға тырысты. Автобус парктерiнiң техникалық күйiн жақсарту өте баяу жүргiзiлуде. Қала көшелерінде жолаушылар тасымалдаумен айналысып жүрген табиғи тозған автобустар мен сыйымдылығы өте төмен, шағын автобустарды әлі де көптеп кездестіруге болады. Мысалы, қаладағы ең ірі жолаушылар тасымалдаушы кәсіпорын «ӘулиеатаТрансПас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде резервімен (техникалық жарамсыз күйде тұрғандары) қосқанда 220 автобус бар. Кәсіпорын қаладағы 42 жолаушы тасымалдау бағыттарының 17-сін немесе 40 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл кәсіпорынға түбегейлі өзгеріс қажет. Өйткені қоғамдық көліктерінің сапасы сын көтермейді. Олардың 62-сі немесе 28,2 пайызы ғана пайдалану мерзімі 3 жылға дейінгі, 57-сі немесе 26 пайызы 5 жылға дейінгі, ал қалған 131-і немесе 60 пайызы пайдалану мерзімі 6-10 жылдан асқан ескі автобустар. Басқа тасымалдаушы кәсіпорындардың да жағдайы мәз емес. Қазіргі кезде облыс орталығындағы қоғамдық жолаушылар көлігі паркіндегі автокөліктердің орташа пайдаланымдық мерзімі 6,5 жылды құрап отыр. Бүгінгі карантин режимі кезінде кейбір қоғамдық көлік жүргізушілері таңертеңгі және кешкі қарбалас мезгілдерде көлік сыйымдылығын ескермей, адамдарды ине шаншыр орын қалдырмай, сығылыстырып мінгізе береді. Автобустардың ішінде тазалық сақталмайды, көбінің едендері тозып, жыртылған. Қалаішілік бірде-бір автобуста мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдауға жағдай қарастырылмаған. Қалалық қоғамдық автобус бағыттарында кресло-арбамен қозғалатын мүгедектерді тасымалдауға бейімделген автокөліктер енгізу туралы Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің 2015 жылғы 26 наурыздағы бұйрығы кәсіпорын басшылары тарапынан күні бүгінге дейін қолдау тауып отырған жоқ. Жолаушыларға қызмет көрсету мәдениеті туралы сөз қозғаудың өзі артық, – деді Қоғамдық кеңестің ауыл шаруашылығы, сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инновациялық-индустриялық, көліктік-логистикалық даму, кіші және орта бизнесті қолдау жөніндегі комиссияның төрағасы Рахманқұл Байтелиев.

Жиында белгілі болғандай, ағымдағы жылдың 10 айында қала аумағында ресми түрде тіркелген автобус парктерінің жүргізушілері 600 әкімшілік құқық бұзушылық фактілеріне жол берген. Олардың ішінде автобус рулінде отырып ұялы байланыс телефонын қолданғаны үшін – 59, маневр жасаудағы ережені бұзғаны үшін – 46, автомашинасының техникалық жағдайының нормативтік талаптарға сәйкес келмеуінен ауаны шамадан тыс ластағаны үшін 61 жүргізушіге әкімшілік хаттамалар толтырылған. Ал қала аумағында бүгінгі таңда орын алған ірі жол апаттарында адам шығынының күрт өсуі – дабыл көтерерлік жағдай. Мысалы, Тараз қалалық ішкі істер басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың 10 айының көрсеткішімен салыстырғанда, ағымдағы жылы қалада жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны 83,3 пайызға (12-ден 22-ге дейін) өскен. Сонымен қатар Қоғамдық кеңес мүшелері тазалық пен көліктердің тозғандығын айтып, тасымалдаушы компанияларға олқылықтың орнын толтыруды ұсынды. Сондай-ақ қолма-қол төленетін 130 теңге қарапайым билет алмаған халыққа көп екендігі, субсидия алған тасымалдаушылардың жұмысы, көліктің сапасы және қызметі сын көтермейтіндігі туралы Қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов өз ойын ортаға салып, мәселені тез арада шешуді тапсырды.

Жалпы Қоғамдық кеңесте күн тәртібіне шығарылған мәселелер толығымен қаралып, қарар бекітілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.