Қалалық қоғамдық-саяси газет

Азаматтық қоғам мықты болса, мемлекет те мықты

0 261

Бүгінгі қоғамда түйткілді мәселелердің шешу жолы қандай? Үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстары қандай деңгейде? Осы және өзге де сауалдардың жауабы «Азаматтық қоғам және мемлекет: серіктестік пен дамудың 30 жылы» атты облыстық форумда жан-жақты қаралды.

Зере Қуаныш Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН

Қазіргі заман өлшемімен алғанда, азаматтық қоғамы ілгерілемеген елдің заман талабына, уақыт сұранысына сай дамуы қиын. Азат күннің алтын қазығы аста-төк қазба байлығы емес, азаматтық қоғам қалыптастыру екенін түйсінер кез келді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деген болатын. Президенттің бұл сөзінен халық пен атқарушы биліктің ортақ мүдде орайында ықпалдасуының, қоғамдағы белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде бірлескен іс-қимылының маңыздылығын ұғамыз. Себебі азаматтық қоғамның белсенді болуы – адам капиталын, әлеуметтік-экономикалық дамудың, демократиялық құндылықтардың ел игілігіне айналуының негізгі алғышарттарының бірі.

Пандемияға байланысты онлайн режимде өткен форум алаңында үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік сектор өкілдері өз жұмысының нәтижесін талқылап, алдағы кезеңге арналған жоспарды айқындады. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев форум қатысушыларын арнайы құттықтады. Ол 30 жыл ішінде серіктестік, мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы ынтымақтастық жүйелі сипатқа ие болғанын атап өтті. Бүгінгі күні облыста 6 саяси партия, 894 үкіметтік емес ұйым, 356 діни бірлестік, 12 қоғамдық кеңес, 15 кәсіподақ ұйымы тіркелген.

– Мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – азаматтық қоғам институттарын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау. Біз сіздердің халық арасында қалай жұмыс жасап жатқандарыңызды көріп, біліп отырмыз. 30 жыл ішінде Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары өздерінің маңызды рөлін көрсетіп, еліміздің нағыз патриоттары екенін дәлелдеді. Біз мұны жақсы түсінеміз, алдағы уақытта да өңір тұрғындарының игілігі үшін бірлесіп жұмыс істейтін боламыз, – деді форум барысында өңір басшысы.

Ол Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге көмектесетініне сенім білдірді.

Азаматтық форум екі жылда бір рет өткізіледі. Оның барысында үкіметтік емес сектор мен әлеуметтік саланы дамытудың стратегиялық мәселелері талқыланады. Бұдан басқа, одан әрі бірлескен іс-қимылдардың тиісті ұсынымдары мен жоспарлары форум аясында әзірленеді. Форум барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов мемлекет әлеуметтік бастамаларды әрдайым қолдайтынын баса айтты.

– Жамбыл облысында азаматтық сектор қоғамдық бақылау құралдарын табысты пайдалануда, волонтерлік белсенді дамып жатыр. Білім сапасын жақсартуға, азаматтардың денсаулығын сақтауға, тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше көңіл бөлінген, – деді ол.
Сонымен қатар форумда Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева әріптесін қолдап, Жамбыл облысындағы жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес сектордың тұрақты байланысын атап өтті.

Биыл Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы» Жарлығына қол қойды. Ол жұртшылықтың мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысуын дамытуға, мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясатты жетілдіруге жәрдемдесуге, биліктің, бизнестің және азаматтық қоғамның әріптестік жүйесін нығайтуға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен қатар ҮЕҰ гранттар мен сыйақылар түрінде қаржыландырудың жаңа нысандарын жүргізу мемлекеттік емес секторда әлеуметтік проблемаларды шешуде азаматтық қоғамның неғұрлым белсенді институттарының бірі ретінде танудың нәтижесі болды. Бұл азаматтық секторда жұмыспен қамтудың ұлғаюына да ықпал етті. Форум барысында сөз алған спикерлер де өздерінің ойын жан-жақты ортаға салып, ұсыныс-тілектерін білдірді. Панельдік секцияға ұласқан жиында ҮЕҰ-ның белсенді мүшелері де жоспарларымен бөлісті.

Сонымен қатар форум аясында «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары мен «ASAR» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Пандемия мен жалпыәлемдік дағдарысқа қарамастан мұқтаж адамдарға көмектесіп, игі істер жасауды жалғастырған азаматтар алғысқа ие болды. Биыл аудандық және қалалық байқауларға 55 үміткер қатысып, олардың бесеуі марапат төрінен көрінді. Сондай-ақ «Амазонка» онкологиялық науқастарды қолдау қоры» қоғамдық қорының директоры Анжелика Сарьян, «Қызыл Жарты Ай» ҚБ Жамбыл облыстық филиалының директоры Оразгүл Тастемірова, «LIDER.KZ» волонтерлік іздестіру қозғалысының үйлестірушісі Николай Чагай мен «Өркен-Ниет» қоғамдық қорының директоры Сағдат Айнабеков «Халық алғысы» төсбелгісімен наградталды. Жиын соңында облыс әкімінің Алғыс хаттары да табысталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.