Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауырғанша, ауырмаудың жолын ізде!

0 165

Әлемді дүрбелеңге салған коронавирус инфекциясының алғашқы толқыны елімізге оңай болмады. О баста қалың жұртшылық карантиндік шараларды сақтамай, аурудың тез таралуына жол бердік. Еліміз бойынша бірнеше қала тағы да қатаң карантинге жабылып, бас дәрігерлер барынша сақ болып, екінші толқынды болдырмаудың бар амалын жасауда.

Осыған орай «Садыхан» облыстық кеңес беру және диагностикалық медицина орталығы да тұрғындар мен медицина қызметкерлерінің сақтығы үшін барынша жағдай жасаған. Бүгінгі таңда біздің медициналық мекемеде 39195 тұрғын тіркелген. Мекеме алғашқы медико-санитарлық көмек, міндетті әлеуметтік көмек, облыс деңгейінде ересек және балаларға кеңес беру, диагностикалық зерттеулер өткізеді. Облыс бойынша біздің мекемеде ғана кеңес беретін бірнеше мамандар бар. Атап айтар болсақ, қан тамырлары хирургі, сурдолог, балалар кардиологы, ортопед-травматолог. Ал облыс бойынша мекемеде фиброскан, колоноскопия, асқазан-ұлтабар рентгеноскопия зерттеулері өткізіледі.

Мекемеде коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 27 қазан айындағы №61 «23 қазан айындағы №59 Бас санитарлық дәрігердің қаулысына енгізген өзгерістері жайлы» қаулысына байланысты мекемеде қажетті ем-дом шараларының бәрі жасалған. Мәселен, емханаға кірер жерде келген науқастарды сұрыптап, дене қызуы көтерілгендерді үш фильтр кабинеттеріне жолдайды (балаларға, жүкті әйелдерге, ересектерге). Сонымен қатар қаулыға сәйкес 7 мобильді топ ұйымдастырылған. Коронавирус инфекциясы айқындалған науқастарға қажетті дәрі-дәрмектер қоры жиналған, олар қажетті жағдайда пайдаланылуы және толықтырылып тұруы қатаң қадағалануда. Санитарлық дезинфекциялық режимді сақтау үшін дезинфекциялық сұйықтықтар, дезинфекциялық заттар қажетті мөлшерде тағайындалып, қолданылып және әрдайым толықтырылады.

Мекеме қызметкерлеріне жеке қорғау құралдары, оның ішінде халат, комбинезон, қолғаптар мен бетперделер, респираторлар, бас киімдермен қамтамасыз етілген. Бұл жерде тоқталып кететін жайт, барлық дәрі-дәрмек, қорғаныш құралдары ЖШС мекемесі болғандықтан, құрылтайшының өз қаражатынан алынады. Емханада айлар бойы коронавирус індетінің алдын алу, таралуын болдырмау бойынша толықтай қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Мәселен, мобильдік тіркемелер, хабарламалар, парақшалар, онлайн аудио, видео, дөңгелек үстелдер өткізу, мекеме ішінде видеороликтерді көрсету арқылы қалың жұртшылықты қарапайым ережелерді ұстауға шақырудамыз. Сондай-ақ «Садыхан» облыстық кеңес беру және диагностикалық медицина орталығының бас дәрігері жыл басынан бері жергілікті арналар арқылы халыққа ақпарат беріп, індеттің алдын алу бойынша мәліметтер беріп отырады.

Жалпы соңғы 2 айдың ішінде мекеме бойынша қазан айында 370 ПТР-тест анализі, 23 қарашаға дейін 349 ПТР-тест талдамалары тексеруге алынған. Құрметті көпшілік, жақындарымызға сақ болып, індеттің одан әрі таралуына жол бермейік. Ауырғанша, ауырмаудың жолын іздейік!

Рабиға Бейсенбаева,
«Садыхан» ОКДМО пациенттерді қолдау және ішкі бақылау жөніндегі жетекшісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.