Қалалық қоғамдық-саяси газет

Болашақ бүгіннен басталады

0 169

Елімізде үш ауысымда оқытатын білім мекемелері әлі де бар. Күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселені шешу мақсатында жекеменшік мектептердің санын көбейтуге басымдық берілуде. Қала аумағында жалпы сегіз жекеменшік мектеп болса, соның қатарын 1025 оқушыға шақталған «ARAI-ELITE» мектеп-гимназиясы толықтырып отыр.

Сәндібек Піренов Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Жалпы қала бойынша 60 мемлекеттік мектепте 76 мыңнан астам оқушы білім алады. Бұдан бөлек, жекеменшік мектептерде 1500 бала оқиды. Шаһарда бірнеше мектеп жөндеуден өткенімен, кейбір сыныптарда әлі де болса бала саны шамадан көп. «ARAI-ELITE» мектеп-гимназиясы алдағы уақытта есігін айқара ашпақ.
Білім ордасының таныстырылымына қалалық білім бөлімінің басшысы Саясат Есеев пен ата-аналар келді. Мектеп қабырғасындағы кітап пен қалам нысанның сәнін келтіріп тұр. Төрт қабатты ғимаратта компьютерлік сынып, химия, биология, физика пәндерінің зертханалық кабинеттері, мәжіліс залы, асханасы, футбол және баскетбол алаңдары мен ойын алаңшалары да бар. Әр сыныпта балаларға жеке шкафтар қойылыпты, ал ашық бояулармен сырланған қабырғалар балалардың көңіл-күйіне ерекше әсер ететіні сөзсіз. Қалалық білім бөлімінің басшысы Саясат Керімбекұлының айтуынша, келер жылы осы мектепте оқитын балалардың саны артады.

– Енді жекеменшік мектептерде стандарттардың барлығы да тегін болады. Бір сөзбен айтқанда, бала қай мектепте білім алса да өз еркі. Мұның себебі, бала қайда барса, қаржы сонда бөлінетіндігінде болып отыр. Қалалық мемлекеттік мектептерге қаржы қалалық әкімдіктен бөлінсе, жекеменшік мектептерге министрліктен қарастырылады. Қазіргі уақытта 220 бала оқуға өтініш білдірген. Енді білім бөлімі тарапынан түсіндіру, балаларды мектепке шақыру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, егер осы мектепке басқа білім мекемесінен бір сынып келетін болса, онда мектеп мұғалімі де жұмысқа қабылданады. Сондай-ақ мұғалімнің бұрынғы жұмысындағы жалақысы сақталады. Жекеменшік мектепті әлеуметтік серіктестік ретінде насихаттау мақсатында қаладағы барлық мектептердің әкімшілігі мен сынып жетекшілері және ата-аналар қауымына санитарлық талаптарды сақтай отырып, ашық есік күнін ұйымдастырудамыз, – дейді қаланың бас ұстазы.
Аталмыш білім ордасына әзірге 1-6 сынып аралығындағы оқушылар қабылдануда. Мектеп басшылығы жаңа оқу жылында 11-сыныпқа дейін оқытамыз деп отыр. Дәл қазіргі уақытта мөлтек аудандардан қатынауға ниетті балалар болса, оларды тасымалдайтын екі автобус іске қосылады.

– Наурыз айында қала тұрғындарына мектептің ашылғаны жайында хабар тараттық. Маусым айында балаларды тест тапсыру арқылы қабылдадық. Сабақтар 1 қыркүйектен бастап онлайн режимде өтуде. Мектепте математика мен ағылшын тілі пәні тереңдетіліп оқытылады, – дейді мектеп директоры Жанна Мадимарова.
Тегін білім беретін жекеменшік мектептер салу мәселесі 2017 жылы қолданыстағы «Білім туралы» Заңға өзгеріс енгізіліп, ауқатты отбасынан шыққан балаларға білім беретін жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырыспен талантты оқушыларды оқыту туралы бастама көтерілгенде басталған-тын. Сонымен, жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың мақсаты – оқушы орындарының тапшылығын қысқарту, жекеменшік мектептер желісін кеңейту, жаңа озық педагогикалық әдістемелер мен білім беру бағдарламаларын енгізу және оқушыларды қосымша біліммен қамту болып отыр. Бұған дейін жекенің меншігіндегі мектептер мен мемлекеттік мектептердің арасындағы алшақтықты жақындату бойынша ұсыныстар айтылды. Биыл қаңтар айында осыған байланысты жұмыстар жүйелене бастаған. Демек, жекеменшік мектептер көбейсе, баға мен сапаның мәселесін тек бәсеке шешеді деген сөз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.