БҰҰ-ға қарасты Дүниежүзілік сауда ұйымының төрағасы Дэвид Бизли коронавирус пандемиясы өршіген тұста азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері реттелмесе, жаһанды аштық жайлауы мүмкін екенін хабарлады. Осы жылдың сәуірінде әлемдік БАҚ-ты жайлаған бұл ақпар көптеген мемлекетте аталған сала бойынша ойланар жайттардың көп екенін айғақтады.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Дэвид Бизлидің айтуынша, дүниежүзінде гуманитарлық көмекке кедергісіз қол жеткізілуі тиіс, ал арнайы логистикалық орталықтарды құруға 350 миллион доллар инвестиция құйылуы қажет. Тек осы жағдайда ғана бұл қорқынышты құбылыстан аман қаламыз. Ол сонымен бірге БҰҰ қажетті қолдау көрсетпесе, күн сайын 300 мың адам аштықтан өлетінін атап өтті. Аштық шамамен 30 елге әсер етуі мүмкін. Жағдайды тек коронавирус емес, сонымен қатар мұнай бағасының құлдырауы, туризм саласындағы қаржылық шығындар, жұмыс орындарының қысқаруы және еңбек мигранттарының кірістерінің төмендеуі қиындатады. БҰҰ әлемдегі аш адамдардың саны 2020 жылдың соңына қарай 265 миллион адамға жетуі мүмкін екенін де ескертіп отыр.
Бүкіләлемдік сауда есебінде «коронавирустың таралуы түрлі жағымсыз факторларды: соғыс, климаттың өзгеруі және экономикалық дағдарыс сынды проблемаларды ушықтырып жатыр» делінген. «COVID-19 пандемиясы бірқалыпты өмір сүріп жатқан миллиондаған адамды үлкен апатқа душар етуі мүмкін. Бұл – нәпақасын күнделікті тауып жүрген адамдар», – дейді ДДҰ жетекші экономисі Ариф Хуссейн. Әлемде азықсыз қалған адам саны өте көп. Африкада 100 миллионнан астам, Таяу Шығыс пен Азияда 43 миллион, Латын Америкасында 18,5 миллион аш адамдар өмір сүреді.
Әлемдік БАҚ-қа дәл осы ақпарат жарық жылдамдығымен тарап кеткен соң, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров бірден мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Қазақстанға аштық қаупі төніп тұрған жоқ. 24 сәуірде Орталық коммуникациялар қызметінде көктемгі дала жұмыстарына арналған баспасөз мәслихаты барысында Сапаров БҰҰ сарапшыларының жаһандық аштық қаупі туралы болжамдарына түсініктеме берді.
– Менің ойымша, Қазақстан үшін мұндай қауіп жоқ. Халыққа дұрыс түсіндіруіміз керек. Егіс науқанына дайындалып жатырмыз, барлық мәселелер мемлекеттік қолдаудың арқасында шешілді. Фермерлер жұмысы қалыпты жүріп жатыр, жол мәселесі шешілді, ауа райы мен климаттық жағдайлар қолайлы. Керісінше, біз азық пен астықтың мол қорын жинап, басқа елдерге қалай экспорттау керектігін ойлауымыз керек. Біз тек жұмыс істеуіміз керек. Қорымызда бәрі бар, – деді ол.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты төтенше жағдай енгізу көктемгі дала жұмыстарының барысына әсер етпейді деп мәлімдеген. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 22,5 миллион гектарды құрайды. Бұл ретте дәнді және бұршақ дақылдарының ауданы – 15,2 млн га, оның ішінде бидай – 11,4 миллион га. Майлы дақылдардың болжамды алаңы 3 млн га құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 122 мың га артық. Жалпы бақша дақылдары, картоп 29 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 39 мың гектарға, техникалық дақылдар, оның ішінде қант қызылшасы, мақта 132 мың гектарға дейін ұлғаяды делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Бүгінде ыстықтың беті қайтып, күздің алғашқы салқынымен қырман басы астық жиып, қажетті дақылдар мен өнімдер қоймаға әкелініп жатыр. Әне-міне дегенше әлемді жаулап алады деген аштық министрліктің мәліметінше біздің елге келе қоймайды. Оған қоймадағы қорымыз кепіл. Ал Жамбыл облысындағы ахуал қандай? Бұл жөнінде өңірдегі тиісті саланың мамандарымен тілдесіп көрдік.
Пандемияға байланысты карантиндік шектеулер қойыла бастағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер қоры күн тәртібіндегі алғашқы мәселеге айналды. Өңір ол кезеңдегі алғашқы қиындықтарды оңай еңсерді. Қоймалардағы 16,1 мың тонна азық-түлік қоры жұмыссыз қалған бұқараға сеп болды.
Азық-түліктің жеткілікті болуын қамтамасыз ететін жетекші бағыт – ауыл шаруашылығы саласы. Биыл өңірде 380 мың гектарға жуық жерге арпа, бидай себілді. Қазіргі уақытта 359,2 мың гектар алқаптан 816,6 мың тонна астық бастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 53,5 мың тонна артық өнім алынып отыр. Және әр гектардан алынған орташа өнім 22,7 ц/га құрады. Облыс бойынша Меркі ауданында әр гектардан алынған өнім 24,4 ц/га құрап көш бастаса, Қордай ауданында – 24,0 ц/га, Т.Рысқұлов ауданында – 23,0 ц/га, Шу ауданында 22,9 ц/га құрап, облыстық деңгейден жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр. Жалпы биылғы жылы 149,7 мың гектарға бидай, 209,5 мың гектарға арпа егіліп, егін ору науқанына 816 комбайн қатысқан. Сонымен қатар аймақта ағымдағы жылдың I жартыжылдығында ауыл шаруашылығы саласында 71 551,6 миллион теңгенің өнімі өндірілсе, оның ішінде егін шаруашылығында 2 413,1 миллион теңгенің, мал шаруашылығында 69 062,7 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Сонымен қатар ет өндірісі – 2,2, сүт өндірісі – 1,9, жұмыртқа өндірісі 3,6 пайызға артса, облыстағы мүйізді ірі қара саны – 8,2, қой мен ешкі саны – 1,3, жылқы – 11,5 және құс саны 4,8 пайызға артып отыр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 19,1 миллиард теңге инвестиция салынып, өткен жылмен салыстырғанда 109,4 пайызға артса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестиция 1,3 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығындағы бұл көрсеткіштер жадымыздағы ашаршылық хақындағы қорқыныштарымызды сейілткендей.
Мұнымен қоса өңірдің әлеуметтік ахуалын реттеуде «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы да жетекші рөл атқарады. Мекеме өз қызметін негізгі үш бағыт бойынша жүргізеді. Ол – перспективалы және бәсекеге қабілетті инвестициялық жобаларды іске асыру, облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру және өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттары. ӘКК құрылғаннан бері 44 миллиард теңгеден астам қаржыны құрайтын 69 жобаны жүзеге асырған. Қор қоймасында ұн, күріш, қарақұмық, қант, сәбіз, пияз, өсімдік майы, жұмыртқа және өзге де осы секілді өнімдер сақталуда. Бұл өнімдер ірі сауда нүктелерінен басқа, коммуналдық базарлар мен әлеуметтік дүңгіршектерде де сатылуда. Бүгінде облыс орталығында қорға қарасты 9 әлеуметтік дүңгіршек, коммуналдық базар жұмыстарын жалғастырып жатыр. Одан бөлек, биыл 20-дан астам дүкенмен меморандумға қол қойылып, төмен бағада тауар сату үшін нақты қадамдар жасалуда. Әлемдік экономикаға едәуір соққы болған індеттің екінші толқыны тағы басталса, қор тарапынан жасалынатын тірлік аз болмайын деп тұр. Мәселен, көктемдегі төтенше жағдай жарияланған кезде облыстық бюджет есебінен 220 миллион теңге қаражат бөлініп, оған тұрақтандыру қорын толықтыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатып алынған. Сонымен қатар аталған шараларға мекеменің өз есебінен 180 миллион теңге жұмсалған. Былтыр облыста халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жүзеге асырылған пилоттық жоба аясында қордың 2500-ден астам мүшесімен бірлесіп 11 тұтыну кооперативі құрылған. Нәтижесінде биыл картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, ет, сүт өнімдері жеткілікті деңгейде өндірілуде. Бүгінде тұрақтандыру қорында 1000 тонна ұн, 1000 тонна қант, 500 мың дана жұмыртқа, 470 тонна картоп, 300 тонна сәбіз, 200 тонна пияз бар. Картоп, сүт өндірістерін дамыту жобалары іске асырылуда, бұл жобалар өз жемісін келесі жылы береді. Облыста оңтүстік аймақтар бойынша алғаш рет қарақұмық жармасын өндіру цехы ашылмақ. Облыста өндірілмейтін өнімдер бойынша да «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобасы аясында қажетті тауарларды жеткізу жоспарланып отыр.
«Тараз» ӘКК АҚ сауда және азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Арман Түймебаевтың айтуынша, қор үшін шиеленісті мәселелердің бірі – тұрақтандыру қорына тауарды мемлекеттік сатып алу рәсімдері арқылы алу.
– Бұл үлкен қиындықтарға әкеледі, себебі конкурс ұзақ уақытты қажет етеді. Келесі мәселе, қалыптасқан қор тек облыс орталығына ғана жетеді, оның үстіне тауарды шалғай аудандарға жеткізудің өзі бөлек проблема. Дәл осындай қорлар аудандық деңгейде де құрылса, жұмысымыздың нәтижесі айқын көрінер еді. Сонда әлеуметтік тауарлар тиімді бағамен қолжетімді болар еді, – дейді Арман Бекмұратұлы.
Қай саланың болмасын өзіне тән қиындықтары мен шешілуді қажет ететін күрмеулі мәселелері болады. «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы пандемия кезінде өңірде азық-түлік жетіспеушілігін болдырмау мақсатында ауқымды істер атқарып, өздерінің қор ретіндегі қуатын көрсете білді. Алдағы қиындықтарды еңсеруде де осы қарқыннан таймауға барлық ресурстар жеткілікті екенін аңғартып отыр. Қамба құтқа толы, демек, әлем болып даурығып жатқан аштық туралы болжамдарға берілмей, екі қолды бос қоймай еңбек қылу ләзім.