Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балалар – біздің болашағымыз

0 223

Жақсылық жасау – қуаныш сыйлауға ұмтылдыратын, қоғамды үндейтін қасиет. Жылағанды жұбату, көмекке мұқтаж жанға қол ұшын созу – ізгі істің үлгісі. Түрлі қиындыққа тап болған жандарға дер кезінде көмек көрсетуді «Nur Otan» партиясы қолға алып, көмек қолын созуда алғашқылардың бірі болуда.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

«Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» жобалары аясында партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев бір топ көпбалалы аналарды, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қабылдады. «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы шеңберінде мектеп оқушыларына қажетті жаңа үлгідегі планшеттер мен кеңсе тауарлары және сөмкелер салтанатты түрде табыс етілді. Айта кету керек, дәл осы күні мұндай дүниелер 10 балаға тапсырылса, енді күнделікті осы санмен бірнеше балаға ұсынылатын болады. Аталған акция аясында партия облыстық филиалы 35 балаға планшет, кеңсе тауарлары, сөмке, киім-кешектер табыс етті. Мектепке қажетті бұйымдар партия облыстық және қалалық филиалына, әлеуметтік желідегі парақшадағы өтініштер негізінде әлеуметтік аз қамтылған, мұқтаж, мектеп жасындағы балаларының саны көп отбасыларға берілді. Іс-шара барысында 7 баласы бар көпбалалы жалғызбасты ана Күнсұлу Күзембаева сөз алып, алғысын білдірді.

– Мен сияқты көпбалалы жалғызбасты аналарға балаларымызды мектепке дайындау қиынға соғады. Оның ішінде биыл карантин жариялануына байланысты балаларымды онлайн оқыту үшін планшет, компьютер өте қажет болған. «Nur Otan» партиясы мен сияқты аналарға көп қолдау білдірді, көмек қолын созды. Бұл көмекті бірінші күні жасап отырған жоқ. Бізге ылғи көмектесіп тұрады. Азық-түлікпен де, қаржылай да. Сондықтан да партияның облыстық филиалына, партия басшылығына тек алғысымды айтамын, – деді «Ақжүніс» аналар тобының мүшесі.

Сонымен қатар 9 баланың анасы және 2 мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ана Жұпар Манкеева да қуанышын жасырмай, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалына шексіз алғысын жаудырды. Жұпар Төлегенқызының екі баласы ғана емес, жолдасының да мүмкіндігі шектеулі. Ал 9 баланың бесеуін мектепке дайындау да оңай еместігін жеткізді.

Жалпы тамыз айының басынан бері партияның Тараз қалалық және аудандық филиалдары бүгінгі күнге дейін 2000-ға жуық баланы оқуға қажетті құралдармен қамтамасыз етті. Аталған акцияға партия аумақтық филиалдарының бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, Саяси кеңесінің және Бюросының мүшелері, депутаттық фракция мүшелері белсене атсалысты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.