Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа оқу жылында жаңалық көп

0 157

Тараз қаласы әкімдігінің ғимаратында «Білім саласы: Жаңа оқу жылының ерекшеліктері» тақырыбында жыл сайынғы дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Карантин жағдайына байланысты жиын онлайн түрде ұйымдастырылып, оған қала аумағындағы мектеп ұжымдары ғаламтор арқылы қатысты.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Өткен оқу жылы қала мектептері үшін әрі жағымды, әрі тосын жаңалықтарға толы жыл болды. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы ұлт тәрбиесінде маңызды рөл атқаратын салаға серпін берсе, қашықтан оқыту жүйесі ұстаздар мен ата-аналардың жүйкесіне біраз жүк түсірді. Осы өзгерістер мен жеткен жетістіктер, кейбір кем-кетіктер сараланып, алға жаңа жоспарлар қойылатын жыл сайынғы дәстүрлі жиынға қала әкімі Айтқазы Қарабалаев пен аталған салаға жауапты орынбасары Алмас Садубаев, сондай-ақ қалалық мәслихат хатшысы Батырбек Құлекеев қатысты. Жиын қала әкімдігіне қарасты білім бөлімінің жаңадан тағайындалған басшысы Саясат Есеевтің баяндамасымен басталды. Салаға жауапты маман ең алдымен «Педагог мәртебесі туралы» Заңның шаһар мектептеріндегі білім сапасына қалай әсер еткені туралы баяндады.

– Бастысы, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы мен 2025 жылға дейінгі білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы баршамызға жаңа талаптарды айқындап берді. Педагог мәртебесі құқықтық жағынан реттеліп, мұғалімдердің жағдайын жақсарту қағидаттары нақтыланды. Бұл барлық ұстаздар қауымының кәсіби қызметін атқаруға үлкен серпіліс пен күш берді деген сенімдемін, – деді Саясат Керімбекұлы.

Еліміздегі 2020 жылдың наурызынан басталған карантиндік шектеулер салқынын тигізбеген сала кемде-кем. Қазақстан аумағында алғашқы коронавирус індетін жұқтырған науқас тіркелген күннен бастап мектептегі сабақтар тоқтап, білім беру жүйесі онлайн форматқа ауысты. Осы тұста елде ғаламтордың жылдамдығының аздығы, балалардың қажетті құралдарының болмауы сынды мәселелер пайда болды. Жауапты министрлік мәселені реттеуге ынта-шынтасын салды. Нәтижесінде орын алған олқылықтардың дені жойылып, бүгінде смартфон алуға мүмкіндігі жоқ отбасыларға мектеп тарапынан ноутбуктар мен компьютерлер, арнайы роутерлер үлестіріліп, кем-кетіктің орны толтырылып жатыр. Бүгінде бұл мәселеге байланысты облыстық бюджеттен қаржы да бөлінген. Бұл жөнінде де Саясат Есеев қала ұстаздары алдында қажетті ақпар беріп өтті.

– Мемлекетіміздің тарихи жылнамасында оқушылар алғаш рет өткен оқу жылының төртінші тоқсанын қашықтан оқыды. Жаңа оқу форматы оқушы, ата-ана және педагогтар үшін жаңа жағдай болғандықтан, қызығушылық пен қорқынышты, күдік пен үмітті қатар туғызды. Дегенмен жаңа білім беру форматында оқушылар алғырлығын, педагогтар іскерлігін, ата-аналар жауапкершілігін таныта білді. Сын сағатта балаларымыздың білім алуына өз үлестерін қосып, елде жарияланған карантиндік шараларға қарамастан ұстаздарымыз шығармашылық жұмыстарын цифрландыру форматына ауыстырып, үй жағдайында бейнесабақтар түсірілімін әзірледі. Республикалық, облыстық телеарналардан көрсетілетін сабақтарға 150-ден аса бейнесабақтар қоржынын толықтырған №№2, 20, 23, 46 орта мектеп, №№7, 39 мектеп-гимназия, №№40, 41 гимназия ұстаздарына айтар алғысымыз шексіз,– деді білім бөлімінің басшысы.

Саясат Ессевтің баяндауы бойынша биыл жаңа оқу жылын 78 мыңға жуық оқушы бастағалы отыр. Ата-аналардың таңдауы бойынша 1-4 сыныптардағы 4786 оқушы 52 мектепте ұйымдастырылған 384 кезекші сыныптарда білім алады деп күтілуде. Мектептерде санитарлық талаптарды сақтау мақсатында дезинфекциялау тоннельдері мен кілемшелері, санитайзерлер, термометриялармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ 62 мектепке дейінгі ұйымдарда 1790 бала кезекші топтарда тәрбиеленуде. Жаңа оқу жылын сапалы ұйымдастыру мақсатында педагогтар қашықтан оқыту бойынша біліктілік арттыру курстарынан өткізілді. Күнделікті сабақ «Daryn.online» интернет платформасы арқылы жүргізілетін болады. Платформаның мобильдік қосымшасы да қарастырылған. Бүгінгі күні өзекті болып отырған мәсәле – мектеп оқушыларын компьютерлік құрылғылармен жабдықтау. Балалары білім алатын 41 мыңнан астам отбасының 33 мыңға жуығында үйлерінде компьютерлік құрылғылары бар. Қалған 8399 отбасындағы 20998 баланы компьютерлік құрылғылармен жабдықтау қажет болған. Аталған отбасы балаларына мектеп теңгеріміндегі 4646 компьютер уақытша пайдалануға таратылып берілді. Алынған құрылғылардың барлығы ата-аналардың сұранысы негізінде мектеп оқушыларына уақытша пайдалануға беріледі. «Мектепке жол» акциясы аясында 17888 аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларына жалпыға міндетті білім беру қорынан әр балаға орташа есеппен 32 606 теңге көлемінде киім-кешектер мен оқуға арналған құрал-жабдықтары алынып берілді. Оқу жылында мектеп формасы міндеттелмейді. Аталған жағдайлардың барлығы оқу жылының алдында өткізілген педагогикалық кеңестер мен ата-аналар жиналыстарында талқыланып, таныс-тырылды. Сонымен қатар дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында 25-28 тамыз аралығында барлық сынып оқушыларымен диагностикалық сабақтар жүргізілді. 1 қыркүйек – Білім күніне және оқу жылының басталуына арналған онлайн линейкалар өтеді. Балалар мектепке келмейді.

Осындай жаңалықтарға толы басшы баяндамасынан соң №24 гимназияның мұғалімі, «Үздік педагог» атағының иегері Наталья Полухина мен №5 мектеп-гимназиясы ата-аналар комитетінің төрайымы Айткүл Сағынтаева сөз алып, өздерінің сын сағатта қиындықтармен қалай күрескендері және жаңа оқу жылына дайындықтары туралы ойларын ортаға салды. Одан соң қала әкімі Айтқазы Қарабалаев өткен оқу жылында айрықша нәтижеге жеткен педагогтар – Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Анастасия Гусеваны және Александр Пушкин атындағы №41 гимназияның мұғалімі Гүләйім Бакиеваны Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапаттады. Сондай-ақ көпбалалы және әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылары басым мектептерге қала әкімінің ынталандыру сыйлығы тапсырылды. Айта кету керек, 2019-2020 оқу жылдары өңірдегі бірқатар білім ұялары үшін табыс-ты болды. Мәселен, Байзақ ауданының Ғ.Мұратбаев атындағы гимназиясы «2020 жылдың үздік орта білім беру ұйымы» номинациясы бойынша 34 миллион теңгелік грант иегері атанды. «Үздік инновациялық мектеп» номинациясын Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы жеңіп алды. Төле би атындағы №8 гимназиясы «Үздік қала мектебі» атанды. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев өз сөзінде аталған білім ошақтарын жеткен жетістіктерімен құттықтап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.