Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сенің құшағың – менің Отаным…

0 728

Файзулла ТӨЛТАЙ – Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында дүниеге келген. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің түлегі. Қазіргі таңда Түркия Республикасы, Денизли қаласындағы Памуккале университетінде «түркология» мамандығы бойынша тәмамдады. Оқырман назарына жырақтан білім іздеген жас ақынның жаңа бағыттағы туындыларын ұсынып отырмыз.

оның жазған өлеңі

Сенің құшағың –
менің Отаным сынды;
ешқандай жау көз алартпайтын,
ешқандай дұшпан жаулап ала алмайтын менің мәңгілік Отаным!

Шарасыздық

Таңға жуық жаңбырдың астында қалған пальмаларға ұзақ қарап тұрдым,
қос көзді бөлменің жазу үстелінде шаң басқан қолдарымды созып;
пальмалар болса ақырын ғана теңізге қарай кетіп бара жатты.

Сәлден соң олардан бейхабар әуежайдан бір ұшақ әуеге көтерілуі тиіс,
енді бұл мекенге ешқашан сені алып келмейтін ұшақ.

«Тоқтатыңдаршы!
Ұшақтың ішінде теңіз бар!» деп айқайлағым келді:
«Сендерге ешқайда барудың қажеті жоқ қазір!
Ұшақтың ішінде теңіз!
Тоқтатыңдаршы!»

Жаңғырған дауысым өзге бір мекеннен өзіме ғана естілді бірақ,
бейне бір Тараз бен Шираздың жолында көз жұмған дәруіш кейіптес дауыс:
сол өлген дауыстың жаназасына жиналған адамдар секілді жаңбыр да толастар емес,
құдайға бет алған қаралы көш сынды пальмалар да ақырын ұзап барады менен.

Мен, солай, шаң басқан қолдарымды созып сен мінген ұшақтан бейхабар
пальмалар көшіне үнсіз ғана қараумен болдым –
үнсіз ғана жаңбырдың жауын құрттарына ұқсап,
сенсіздіктен де ауыр менсіздік менің жанымды жеп жатты, теңіз…

sovegna vos

Кеше түнде көп жылдан бері алғаш рет төбемнен тараған он алтын нұрдай
бес күмбезі парлаған аппақ бір қағазға есіміңді жаздым,
әріптері Күлзім теңіз суына ұқсаған сенің күлкіңмен күлді,
саусақтарыма жағылған қаламның сиясынан жұпары аңқып.

Мен сонда пәруанадай сүйе алмағанына өкініп жылаған бұлбұл секілді,
ауада өртенген оттың алдында тұрдым,
қос қара құрдымнан кеңістікке тамған көз жасым тасқа айналып…

Сол сәтте ештеңеден хабары жоқ сенің есіміңе
біз бір-бірімізді өлердей сүйгенімізбен,
қоштасқанымызға іштей қуанғанымызды не деп түсіндіріп беретінімді білмедім.

Өкініштісі,
алақаныма тығылған қаламым есіміңнен басқа ештеңені есіне түсіре алмады:

сен кім едің,
жұмақтың жемісіне ғашық Иерусалимнің қызы?!

Жанын таңға сатқан түн

Біз оны Бейоғлуның белгісіз бір көшесіндегі шам түбінен таптық,
сенсіздік сүйегінен өтіп кеткен сәттерді құшақтап отырған оны –
ажалымен қауышқан адамдай төбесіндегі шамға үнсіз жымиып қарайды,
жымиып қарайды және шам,
өзінің тағы бір мәрте құлпытасқа айналатынына қуанып.

Бірақ бұл ажал да оның өлімсіз жанына жұбаныш болмайтын сынды:
өлімнен кейін де
тағы бір өлімнің болмауы
немесе
өмірден кейін де
тағы бір өмірдің болуы
ешқайда қашуға мүмкіндік бермейді оған;

ол енді жай ғана Бейоғлуның белгісіз бір көшесіндегі шамға үнсіз жымиып қарауға мәжбүр,
сенсіздік сүйегінен өтіп кеткен сәттерді құшақтап отырған күйі.

Біз де үнсіз оны жұбатқымыз келіп осы бір құлпытас астына жайғастық сосын –
шарықтан құлаған адамның даусындай
құлағымызға оның әлсіз бір күбірі естіліп тұрды:
– Бұл үшін сен мені кешіргеніңмен, мен сені кешірер ме екенмін, құдай?

жалғыз қанатты көбелек

Түн жамылып тереземнен кірген жалғыз қанатты көбелек,
сіз ойлағандай шамға емес:
ертеңге ғашық –
ертеңге ғашық жалғыз қанатты көбелек.

Мұнда оны тәніңді тәрк етсе оралмас жан сынды сенімі жетелеп келген,
қанаты жерге көлеңкесін түсірген сайын құдайдан сансыз рет кешірім сұрап;

ол тек қана жазу үстеліндегі шамның бүгіннен құтқарғанын қалайды,
ең соңғы үміті осы бір шам.

Сол шамның түбінде ертеңмен қауышар сәтті
қиялдаумен ғана қанатын қағады жалғыз қанатты көбелек:

қиял оның ешқашан қателеспейтін ең жақын досы,
қателік жасайтын ақыл емес қой, қиял.

Шам болса оны дәл сіздей өзіне ғашық екен деп ойлайды, бәлкім,
бірақ ол махаббатының соңы қасіретпен аяқталмас үшін,
соңына дейін қасірет шегуге даяр…

ескі бір сурет

Мен бұрын кіруге қорқатын бөлменің төрінде
балалық шағымның ең қасіретті құпиялары сақталған қобдиша тұратын,
жанымның жарты бөлшегі секілді шаң басқан қобдиша;

бір күні анам сол қобдиша ішінен ескі бір суретті алып қолыма ұстатты,
артында мен туған жыл мен әкемнің есімі жазылған;

Жаратқанның жаңа бір жаратып жатқан ғаламын көргендей қуандым шексіз –
тіпті аппақ кеңістіктегі қап-қара нүкте секілді
жетпіс жерімнен тынысым ашылып қарағанымды да білем;

содан соң, суреттің бетінде дақ болып қалған көз жасының кімге тиесілі екенін сезсем де,
сол дақтың ішінде жымиып тұрған адамды тани алмағаныма өкіндім;

иесін күтуден жалыққан ескірген сурет – ең жақын адамдай бейтаныс еді,
шаң басқан қобдишаларға толы мен болсам кіруге қорқатын бөлмедей жалғыз…

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.