Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлем ұлықтаған Абай

0 566

10 тамыз – қазақтың ұлы ойшылы, философ Абай Құнанбаевтың туған күні. Алаш даласы биыл хакімнің 175 жылдығын атап өтуде. Тек қазақтың ғана емес, адамзаттың ұстазына айналған ақынның мол мұрасы бүгінде әлемнің жауһарына айналған. Оны жаһанның әр түкпірінде қойылған асқақ мүсіндерден, Абай атымен аталатын нысандардан, хакімнің қаламынан туған тың туындыларға бағытталған шетелдік зерттеулерден айқын аңғаруға болады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Әсілінде, Абайға жасалған құрмет – қазаққа жасалған құрмет. Тіпті Абай мен қазақ екеуі бір ұғымдай. Тірісінде осы елдің жоғын жоқтап, надандық тұсауынан арылуына, толық адам қағидаттарын ел жадына жеткізуге, даналық ілімінің жалпыадамзаттық құндылыққа айналуына саналы ғұмырын сарп еткен хакімнің есімі әлемнің әр түкпірінде ұлықталып келеді. Мысалы, 1995 жылы 15 ақпанда әлемнің орталығы саналатын Лондон қаласында Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылды. Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы пайда болса, 2016 жылы орталық саябақтардың бірінде бюсті қойылды

. Сол кезде Каир қаласы басшысының орынбасары Мысыр астанасында Абайға ескерткіш қою мегаполистің маңызды оқиғасы екенін және қазақ пен мысырлықтардың рухани әрі мәдени жақындығын көрсететінін атап өткен. Бюстке қаражатты мысырлық меценат Хусейн әл-Шафии шығарған. Ал мүсін авторы – мысырлық танымал мүсінші Усама әл-Серуи. Оның мүсіндері Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан және Ташкентте орнатылған екен. Ашылу салтанатында Абайдың қара сөздері мен өлеңдері араб тіліне тәржімаланған кітаптар таратылған. Берлинде 2000 жылы 18 ақпан күні Абай-штрассе ашылған. Сонымен бірге Ташкент, Бішкек қалаларында, Түркіменстанның Акдаш ауылында, тіпті Үндістан астанасы Нью-Делиде де Абай Құнанбаев атындағы көше бар.

Әзірбайжан астанасы Бакуде көше атауына ғұлама бабамыздың есімі берілген. Себебі жергілікті тұрғындар Абай ақынның шығармаларын сүйіп оқиды.
Душанбеде Абай есімімен аталатын көше бар. Тәжікстанның басты шаһарындағы бұл көше 1963 жылы қазақ әдебиетінің онкүндігі аясында таныстырылған. Үндістанның астанасынан да ұлы ақын, композитор әрі философтың есімімен аталған көшені кездестіруге болады. Делидегі көшенің толық атауы– Абай Мардж. «Мардж» деген сөз «жол» дегенді білдіреді екен. Оның ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан.

1988 жылдан бері Киевте Абай Құнанбаев көшесі ашылған. Ақын атындағы көше сондай-ақ Украинаның Краматорск, Днепропетровск қалаларында да бар.
Мажарлардың да ұлы ақынға деген құрметі ерекше. 2014 жылы Душанбенің Астана көшесінде Абайға арналған бюст ашылды. Мүсіннің ашылу салтанатына сол тұстағы Премьер-министр Кәрім Мәсімов қатысқан. Мүсін қоладан құйылған.

2014 жылы наурызда Қытай астанасы Бейжіңнің орталығындағы Чаоян саябағында Абайға арналған ескерткіш ашылды. Бұл салтанатты іс-шараға еліміздің сол кездегі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қатысты. Мүсіннің авторы – Юань Сикунь. Мүсінші Юань Сикунь ұлы адам Абай Құнанбайұлының мүсінін жасау зор құрмет екенін атап өткен. Өз сөзінде Ыдырысов бұл айтулы оқиғамен жиналғандарға және мүсіншіге алғыс айтқан. Шара соңында қос елдің жастары қазақ және қытай тілдерінде Абайдың өлеңін оқыды.

2007 жылы қазан айында Иран Ислам Республикасы Тегеран қаласында Абай мүсіні ашылды. Мүсін Ұлттық кітапханаға кіреберіс аллеяда орнатылған. Сондай-ақ Иран ұлттық кітапханасында да Абайдың мүсіні қойылған. Бұл орын кездейсоқ таңдалмаған. Иранның ұлттық кітапханасы Қазақстанмен берік мәдени байланыстар орнатқан. Сол кезде Қазақстан Ұлттық ғылыми кітапханасы мен Ұлттық ғылым академиясының делегациясы Иранда болып, осы елдің Ұлттық кітапханасының құрылымымен және қызметімен танысып қайтқан. Сапар барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының қорына Иран кітапханасында сақталып жатқан қолжазбалар тізімі тарту етілген.

Бауырлас Өзбекстанда да Абайдың құрметіне ескерткіш тұрғызылған. Ашылуына сол тұстағы екі ел президенттері Ислам Каримов пен Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан. Ескерткіш орнатылған Ташкенттегі Шайхантахур ауданындағы басты көшелердің бірі де Абай атамыздың есімімен аталады. Бұл ескерткіштің авторлары – белгілі қазақ мүсіншісі Нұрлан Далбай және сәулетші Расул Сатыбалдиев. Авторлар ақын бейнесі арқылы бүкіл қазақ халқының дархан көңілі мен ұлы ойшылдың дана тұлғасын сомдаған. Ескерткіштің биіктігі – 9,2 метр.

Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев Абай есімі бүкіл әлемге танымал екенін атап өткен еді. «Лондонда Абай үйі ашылған, Мәскеуде, Тегеран мен Ыстамбұлда ескерткіші орнатылған, ғаламшардың көптеген қаласында оның құрметіне көшелерге есімі берілген. Бауырлас Өзбекстан астанасы Ташкенттегі Абай көшесінде оның ескерткішінің ашылуының тарихи маңызы бар», – деген еді Назарбаев.

Ал өз кезегінде өзбек ағайынның бұрынғы басшысы Абай шығармашылығында жүздеген жылдар бойы көршілес өмір сүрген бауырлас екі халықтың ең асыл армандары мен үкілі үміті көрініс тапқанын атап өткен. «Өзбекстанда Абайды бүкіл өмірін ізгілік пен әділдіктің салтанат құруы үшін күресіп, өз халқының мұң-мұқтажы мен биік мұраттарға ұмтылысын жырлауға арнаған нағыз халықтық ақын, ағартушы және гуманист ретінде жақсы біледі әрі жоғары бағалайды. Өзінің өшпес туындыларында қазақ халқының рухани жан қуатын, оның ең ізгі қасиеттерін жарқын және толық көрсетіп берген Абайдың орасан зор еңбегін бағаламау мүмкін емес», – деген болатын Ислам Каримов.

Мәскеудегі ескерткіш – еліміздің Ресейге тартуы. 2006 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуінде ұлы ақынға ескерткіш орнату туралы келісілген екен. Ақынның ескерткішін Мәскеудің «Чистые пруды» бульварынан, яғни Қазақстанның Ресейдегі елшілігі маңынан көруге болады. Орындаған авторлық ұжым: мүсінші Марат Айнеков, дизайнер Тимур Сүлейменов, суретші Эдуард Дробицкий, сәулетші Вячеслав Романенко.

Одан бөлек, Ресейдің Алтай Республикасындағы Көш-Ағаш ауылында Абай көшесі бар. «Казахстанская правда» газетінің мәліметіне сүйенсек, Беларусь елінде Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойына байланысты «Абай жалпақ әлемде салтанат құруда» деп аталатын сайт ашылды. Бұл Абайды тек өз елінде ғана емес, қазақ жұртын танитын барлық ел таниды дегенді білдіреді. Сонымен қатар Витебск қаласында да Абай атамызға арналған ескерткіш қойылған. Бұл үрдістен француздар да қалыс қалмады. 2016 жылы Францияның Ренн қаласында Абай Құнанбайұлының құрметіне ескерткіш орнатылған.

Алматыда Абай Құнанбайұлына қоладан құйылған ескерткіш 1961 жылы қойылды. Авторлары – мүсінші Х.Е.Наурызбаев архитектор Л.И.Белоцерковский. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 13,7 м. Трапеция пішіндегі тұғыры қызыл граниттен қаланған. Сол қолында қолтығына қыса ұстаған кітап, оң қолы желбегей жамылған шапанының шалғайында, ақынның терең ой үстінде келе жатқан сәті бейнеленген. Бұл ескерткіш – елімізде жеке адамға қойылған алғашқы көлемді ескерткіш.

Осы алаңға кейін салынған Республика Сарайы, «Арман» кинотеатры, «Қазақстан» қонақ үйін жобалаған сәулетшілер де Абай ескерткішінің тасаланып қалмауын көздеді. Нәтижесінде, қазір бұл туынды тек Абай ескерткіші емес, тұтас архитекторлық ансамбльдің көрнекті үлгісі болып тұр. Алматыдан кейін Абай ескерткіші 1968 жылы Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданы, Абай кеңшарында, 1971 жылы Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы), Абай поселкесінде және 1977 жылы Семей қаласында, 2010 жылы 19 маусымда Астанада тұрғызылды.

Ал Жамбыл облысының аумағында хакімнің төрт ескерткіші бой көтерген. Тараздағы еңселі ескерткіш Абай даңғылы мен Ташкент көшесінің қиылысында орналасқан. Авторы – мүсінші С.Момышев. 2007 жылы бой көтерген ескерткіш бетоннан жасалған, тұғыры да бетоннан құйылып, гранит тақталарымен қапталған. Биіктігі – 2 метр, тұғыры – 2,5 метр.

Иә, Абайдың ұлықталғаны – қазақтың ұлықталғаны. Ғаламның әр түкпіріндегі бұл асқақ ескерткіштер ұлы даланы мекен еткен дархан халықтың осындай данасы барын айғақтап, мерейімізді асырады. Бойымызды мақтаныш кернейді. Одан бөлек, хакімнің терең мұрасы ғасырдан-ғасырға мұра болып, адамзатқа мәңгілік азық бола бермек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.