Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дәрігерлерге демеу

0 317

Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері пандемия кезінде сауапты іс жасап, дәрігерлерге көмек қолын созды.

Арайлы СЕРІКҚЫЗЫ

Облыстық мәслихат депутаты Гүлдара Нұрымованың бастамасымен өңірдегі бизнесті тізгіндеген нәзікжандылар қауымынан «Шұғыла» қоғамдық қоры арқылы 12 оттегі концентраторына 3 миллион теңге көлемінде қаражат жиналды. Айта кету керек, әрқайсы 200 мың теңге тұратын құрылғы Қытайдың Гуанчжоу қаласында орналасқан өндіруші зауыттан арнайы жеңілдетілген бағада жеткізіліп отыр.

Оттегі концентраторлары Жамбыл облыстық көпсалалы ауруханаға, Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығына, Байзақ, Жамбыл, Меркі аудандарының орталық ауруханаларына берілді.

Бұдан басқа, қауымдастық 100 медициналық қорғаныс костюмін (CR-k комбинезоны) сатып алды, олар жақын арада Жамбыл облысының жедел медициналық жәрдем станциясына беріледі.

Ассоциация өкілдерінің бірі, ресторатор Меруерт Лештаева стационарларда күн-түн демей жұмыс істеп жатқан қызметкерлер мен науқастар үшін шілденің 11-інен бастап ыстық түскі ас дайындап жеткізуде.

– Бастапқыда біз бұл істі өз қаражатымызға жасадық. Содан кейін осы игі іске қауымдастық мүшелері мен қарапайым қала тұрғындары көмектесе бастады. 11 шілдеден бастап 200-300 адамға ыстық сорпа әзірлеп жіберіп жатырмыз, – деді ол.

Айта кетейік, ауруханаларға ыстық тағамнан басқа, ет пен сүт өнімдері тасымалданады. Бұл тағамдардың ауыр жағдайдағы науқастар мен жазылып келе жатқан жандар үшін пайдасы зор. Мейірімді жандардың сауапты істерінің арқасында медицина қызметкерлері қиын кезеңде өз қызметтерін қалтқысыз орындап келеді.
Сондай-ақ жамбылдық дәрігерлер мен ауруханалардағы науқастарға өңірдегі меценаттар тарапынан және шет мемлекеттерден арнайы гуманитарлық көмек жеткізілді. «Арнайы медициналық жабдықтау базасы» коммуналды мемлекеттік мекемесіне Түркия Республикасынан гуманитарлық жүк келді. Бауырлас мемлекет көмек ретінде жеке қорғаныс құралдары бар 69 қорап және он оттегі аппаратын ұсынған. Барлық жүк жауапты мамандар мен азаматтық белсенділердің бақылауымен берілген өтінімдерге сәйкес облыстың медициналық ұйымдарына үлестірілді.

Түркиядан бөлек, коронавируспен күресуге елімізге Өзбекстан, Катар, Қытай және Ресей көмек көрсетуде. Бұл елдер Қазақстанға экспресс-сынақтар, спиртті майлықтар, дезинфекциялық антисептиктер және түрлі медициналық препараттар жіберген болатын.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымовтың айтуынша, барлық көмек бірінші кезекте коронавируспен күресіп жатқан медициналық қызметкерлерге жеткізіледі.

Дәрігерлер мен науқастарға көрші елдермен қатар жергілікті кәсіпкерлер де көмек қолын созуда. Атап айтқанда, демеушілік қолдау есебінен кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен жалпы сомасы 41,3 миллион теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынды. Олардың барлығы амбулаторлық емдеу мекемелеріне бөлініп, науқастарға берілетін болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.