Қалалық қоғамдық-саяси газет

БАҚ – билік пен халық арасындағы алтын көпір

0 338

Дүйім жұртты дүр сілкіндірген пандемияның салдарынан мерекелік шаралар тоқтатылды. Десе де, әрдайым бұқараның базынасын айтып жүретін БАҚ өкілдерін жергілікті билік назардан тыс қалдырған жоқ.

Арайлым Шабденова
Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Қазіргі қалыптасқан күрделі ахуалды, карантиндік талаптарды ескере отырып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қаламгерлердің шағын тобын қабылдап, мерекемен құттықтады. Жиын онлайн режимде өткізіліп, аудандардағы тілшілер қауымы да елеусіз қалмады.
– Қазіргідей қиын-қыстау кезеңде жұртқа дұрыс ақпарат таратып, талапты орындап, тәртіпті сақтауға шақыруда журналистерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сіздер осындай сәтте күн-түн демей өз міндеттеріңізді атқарып келесіздер. Кешегі Қордай оқиғасының салдарын ретке келтіруде де өздеріңізбен бірге қоян-қолтық жұмыс істедік. Аудандарға жасаған іссапарларым кезінде де бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері елдегі жағдайды саралап, халықты құлақтандырып отырды. Қордаланған мәселені көтеріп, атқарылған жұмыстардың нәтижесін де көтеріп жүрсіздер. Шерағаң айтқандай, «журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» екені осыдан көрінеді, – деді Бердібек Машбекұлы.
Карантиндік талаптарға сай мереке иелері бетперде киіп келген кездесуде жамбылдық журналистиканың бүгінгі бет-бедері туралы сөз қозғалды. Өңір басшысы қоғамдағы түрлі түйткілдер, әсіресе, жасөспірімдер тәрбиесін жолға қоюдағы бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны ерекше екенін айтты. Атқарылған жұмыстың жақсы нәтижесін де көрсетіп, сынды шын айту керектігін ескертті.
Жиында республикалық «Жамбыл» әдеби-танымдық журналының директор-бас редакторы, жазушы Несіпбек Дәутай келелі әңгіме қозғады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні асық ату, көкпар шабуды, жиылып түрлі жиынды өткізуде жатпағанына, тектілікті сақтап қалудың қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. «Ел біреу, жер біреу. Ал елге ие керек. Мемлекет сіздерге осындай міндет жүктеп отыр. Ендеше, артық ауыз әңгімені доғарып, қайткенде ел болып қалу қамын ойлауға тиіспіз. Біз қандай зобалаңдардан да аман өткен халықпыз. Енді әрі қарайғы амандықты ойлау қажет», – дей келе, жазушы ақиқаттан аттамау қажеттігін, жастардың мінезді болуы керектігін, өзінен шені үлкенге жалбаңдап, мына жақтағы жұртты ұмытатындай әдеттен ада болғаны жөн екенін айтып өтті. Баспасөздің баһадүрі Шерхан Мұртазаның Жуалыдағы үйі қараусыз қалмаса деген ұсынысын жеткізді. Қаламгер Қалыбек Атжан өңір басшысының тілшілермен тонның ішкі бауындай тығыз жұмыс істейтініне, қаламын қару еткен журналистердің әлеуметтік мәселелері де назардан тыс қалмайтынына сенім білдірді.
Расында, ақиқаттан артық ештеңе жоқ. Ол жоқ жерде ар мен намыс, иман мен ибаның да құны қалмайды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жастардың бойына бұл қасиеттерді сіңіру үшін рухани құндылықтарды жаңғыртуымыз қажет екенін айтты.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынарда Елбасы қоғамдағы қалыптасқан кей жағдайларды саралап, экономика тоқыраса, оны 5 жылда қайта қалпына келтіруге болатынын, ал рухани тоқырауға түссек, 10 жылға артта қалатынымызды айтты. Біз алға жылжимыз десек, еш уақытта рухани құндылықтарымызды естен шығармауымыз керек, – деген Бердібек Машбекұлы елдің рухани дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан жазушы, драматург Елен Әлімжанды мерейтойымен құттықтады.
Төл мерекелерінде де түйткілді мәселе көтеретін журналистерге еңбегіне сай сый-құрмет көрсетілді. Бірқатары облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар осы күні қала әкімінің міндетін атқарушы Қайсар Сарытай қала әкімдігінің мәжіліс залында ақпарат айдынында жүрген бір топ журналистерді қабылдады. Салтанатты кездесуге қалам мен микрофонды жанына серік еткен мамандық иелері жиналды. Олардың қатарында журналистика ардагерлері, қалалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері мен республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілері де болды. Журналистерді мерекемен құттықтаған Қайсар Амантайұлы баспасөз билiк пен халықтың дәнекерi болғанын атап өтті.
– Қазiргi кезде газет оқымайтын, телеарна көрмейтiн, радио тыңдамайтын, интернет қарамайтын жан жоқ. Уақыт өткен сайын баспасөзге, ақпарат саласына деген сұраныс артып келедi. Ең бастысы, ақпарат жедел, қолжетiмдi. Барып, көрiп үлгермейтiн мәселелер сiздердiң материалдарыңызда шығып, шешiмiн тауып жатқандығы қуантады, – деді Қайсар Сарытай.
Жиында сондай-ақ қала әкімінің атынан журналистерге сыйлықтар тапсырылды.
Партия марапатына ие болды
28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күніне орай осы салада қызмет етіп, халық пен билік арасында алтын көпір бола білген, партия жұмысын белсенді насихаттап жүрген журналистерді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев арнайы құттықтады. Ол сондай-ақ салаға сіңірген еңбегі үшін Бекет Момынқұл, Жаңабай Миллионов сынды бірқатар ардагерге Құрмет грамотасын ұсынды. Бас партияның марапатына сонымен қатар жергілікті БАҚ-тың директор-бас редакторлары бар, бас-аяғы 11 адам лайықты деп танылды. Ал «Nur Otan»-ның жұмысын насихаттап, оның беделін қалыптастыруда атсалысып жүрген 30 журналиске Алғыс хат табыс етілді. «Партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға қосқан қомақты үлесі және журналистика саласындағы жемісті еңбегі үшін БАҚ қызметкерлері күніне орай алғыс білдіремін. Егемен еліміз – Қазақстан Республикасының баянды болашағын қамтамасыз етудегі ерен еңбегіңізге толайым табыс тілеймін», – делінген құттықтау хатта.

«Бір шаңырақ астында» тілшілер марапатталды
Елімізді мызғымас бірліктің арқасында 130-дан астам өзге ұлт өкілі тату-тәтті тұрмыс кешіп отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының туының астына топтасқан сан ұлттың айрандай ұйып, елімізде ұлтаралық келiсiм мен демократиялық қоғам құру, бейбiтшiлiк пен тұрақтылықтың сақталуы жолында бұқаралық ақпарат құралдары айрықша үлес қосып келеді. Осы ретте өз өңіріміздің де қалам ұстаған қауымы сан алуан этностық топ өкілдері мекендеген облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ел ішіндегі ынтымақ пен береке-бiрлiгінің, достықтың салтанат құруына себепкер болып отырғанын айта кеткен жөн. Олар өңіріміздегі саяси тұрақтылықтың орнықты болуын насихаттаудан еш танған емес.
Осыны жақсы түсінетін Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі жыл сайын жергілікті БАҚ өкілдері арасында байқау ұйымдастыруды үрдіске айналдырған. Биыл да 28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Бір шаңырақ астында» атты облыстық байқау өз мәресіне жетті. Салтанатты шарада облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас маманы Ұлтуар Бабақұлова қалам ұстаған қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлінің маңыздылығын атап өтті.
– Журналистердің артылған міндеті ауыр. Себебі билік пен халықтың арасындағы алтын көпір іспетті болып жүрген олардың жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар елдің тұтастығын сақтауда БАҚ өкілдерінің алатын орны айрықша. Елді игі іске жұмылдырып, берекені арттырып, татулықты нығайтуға қосқан үлестеріңіз өлшеусіз. Заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолындағы абыройлы қызметтеріңіз жемісті бола берсін. Жаңашылдықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып, қоғамдағы ахуалдың алғы шебінде жүретін айрықша кәсіп иелерінің қызметі қадірлі де құрметті. Мерейлі мереке құтты болсын, ұшқыр қалам иелері! – деді бас маман.
Сондай-ақ шарада қазылар алқасының мүшесі Михаил Бунин сөз алып, әріптестерін мерекемен құттықтады. Жалпы байқауға БАҚ тілшілерінен 20 өтінім және телевизиялық арналар тілшілерінен 5 өтінім келіп түсіпті. Барлығы 22 шығармашылық жұмыс ұсынылып, оның ішінде 17 мемлекеттік және 5 орыс тілінде. 3 материал конкурс ережесіне сәйкес келмегендіктен алынып тасталған. Нәтижесінде аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің тілшісі Ләйлім Досембекова бас жүлдені, облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі Көкен Оршабеков ІІ орынды иеленсе, Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің тілшісі Арайлым Шабденова ІІІ орыннан көрінді. Өзге де бір топ журналистер байқауға қатысқаны үшін Алғыс хаттар мен арнайы жүлдемен марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.