Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ораза айт құтты болсын!

0 320

Ораза айт – айлардың сұлтаны әрі күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айының жемісті нәтижесі іспетті сауабы мол мүбәрак мерекесі. Жалпы Ораза айт қасиетті Рамазан айы аяқталуының белгісі ғана емес, ол – бір айлық құлшылығымыздың қуанышы.

Зере ҚУАНЫШ

Биыл Ораза айттың бірінші күні 24 мамырға сәйкес келеді. 23 мамыр – Арафа күні. Ораза айт 24, 25, 26 мамыр күндері тойланады. Мухаддис Әбу Дәуіт сахаба Әнастан (р.а.) жеткізген хадисте дініміздегі қос мерекенің пайда болуы былай баяндалады: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға келгенде, олардың екi мерекесi болатын. Пайғамбарымыз: «Бұл қандай күндер?», – деп сұрағанда: «Жаһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын, күлкiмен өткiзетiн едiк», – дедi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағала осы екi күндi олардан да жақсы Құрбан және Ораза айт күндерiмен алмастырды», – дедi».
Айт сөзі арабтың «иъид» деген сөзiнен шыққан. «Иъид» сөзiнiң негізгі түбiрi – «ъада». Ол «мерекелеу», «бiр-бiрiн мерекемен құттықтау» деген мағынаны қамтиды. «Ъада» сөзiнiң масдары (iс-әрекеттi бiлдiретiн терминi) – «иъадат», яғни «хал сұрасу», «бiр-бiрiн қуанту», «қуанышқа топталу». Демек, айт сөзiн «мереке», «мейрам», «қуаныш», «шаттық» деп түсінеміз. Сондықтан айт – оразаның аяқталғанын білдіретін мереке.
Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен хадисте былай делінген: «Мүмiн пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күнi намазға бет алғанда, Алла Тағала перiштелерге: «Ей, перiштелерiм, адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етедi. Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн. Сендер куә болыңдар, оларды мағфират еттiм», – дейді». Ораза айт мерекесi шәууал айының бірінші күнi басталып, үш күнге созылады. Ол күнi ертерек тұрып, ғұсыл алып, хош иiс себіну Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйсiнiп жасайтын әдеттерiнен едi. Сол үшін бұл амалдар мұстахаб болып саналады. Себебi айт күні жұма намазындағыдай көпшiлiк бір-бірімен араласады. Жұма күнi қандай амал сүннет болса, айт күнiнде де олар сүннет. Айтқа байланысты тағы бір хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күнi мешiтке барған жолмен қайтпай, басқа жолмен қайтатын едi», – делiнген. Демек, айт – көпшiлiкпен дидарласып, кең ауқымда өткiзiлетiн мереке. Бірақ еліміздегі пандемия жағдайын ескерер болсақ, айт намазын мешітте оқуға рұқсат етілмеді. Тараз қаласында айт намазы сағат 7:00-де оқылады.
Шариғат бойынша айт күндері қуанышты болу, жүзiмізден нұрлы шырай тарату – Алланың рахметi, пайғамбардың шапағаты, жәннат және оның нығметтерiне үмiт арту белгiсi. Сондықтан мереке күндерi адамдарға мейiрiммен қарау – амалдардың ең сауаптысы және абзалы, айт күнгi жүріс-тұрысымыз, киiнуiмiз, жүзiмiздiң шырайы дұға iспеттес ғибадат болып табылады. Айтта шариғат мұсылмандарға мешiтке жиналып бiрге айт намазын оқуды, одан соң бiрiн-бiрi мерекемен құттықтауды, үйлерiнде тәттi тағамдар жасауды, келген қонақтарды күтудi, алыс-жақын туған-туысқандарына барып жүздесудi, олардың iшiнде қиыншылыққа тап болғандарына көмек қолын созуды және басына қайғы келгендерге арнайы сыйлықтар жасап, көңiлдерiн көтеруді, сырқат таныстарына зиярат жасауды, өткендердi еске алуды, араздасқандарға мiндеттi түрде бiр-бiрiмен татуласуды бұйырады.

Айт намазы

Айт мейрамы намаз оқумен басталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өсиетiнде: «Айт күнi бiрiншi орындайтынымыз – намаз оқу», – делiнген. Айт намазы дiнiмiздiң ұраны болғандықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмiрiнде оны бiр рет те қалдырмай оқыған. Ислам кез келген мерекенiң ғибадаттармен өткерiлуiн құптайды. Сондықтан айт мерекелерi арнайы ғибадаттармен басталады.
Айт намазына мешiтке бара жатқанда тәкбір айтқан дұрыс. Рамазан айтта тәкбір iштен, ал Құрбан айтта жария, дауыстап айтылады.
Айт намазының уақыты – күн найза бойы шыққаннан зауалға дейiн.
Айт намазы мерекенің алғашқы күнi оқылуы тиiс. Ол жұма намазы парыз болған адамдарға уәжiп. Намаз жұма оқылатын мешiттерде немесе келiсiлген алаңда жиналып оқылады. Пайғамбар заманында мешiтке сыймағандықтан, Мәдина қаласындағы пайғамбар мешiтiне жақын жердегi кең орында оқылған.
Айт намазы екi рәкәғат, намаз соңынан хұтба оқылады. Хұтбада Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жамағатқа уағыз-насихат айтатын болған.
Айт намазының өзге намаздардан айырмашылығы – азан мен қамат айтылмайды. Айт күнi мұсылмандар намаздан соң бiр-бiрiн құшақтап, құттықтайды.

Бауырмалдыққа баулитын сәт

Айт мейрамында ата-аналарымыздың, науқастардың, туған-туыстардың хал-жағдайын сұрап бару – үлкен сауапты iс. Алла Тағала қасиеттi Құранда: «Аллаға сыйыныңдар, оған ештеңенi теңестiрмеңдер, ата-аналарыңа, туыс-туғандарыңа, жақын көршi (дiндегi туыстығы бар көршi), бөгде көршiге (жай ғана көршi), жан жолдастарыңа (бiрге жұмыс iстейтiндеріңе), мүсәпiрге, қол астыңдағыларға жақсылық жасаңдар», – дейді («Ниса» сүресi, 36-аят). Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ата-ана разы болмай, Алла Тағала разы болмайды», – деген. Олай болса, айт күндері ата-анаға қошемет көрсетiп, разылығын алу қажет-ақ. Ал бақилық болғандарға Құран оқылып, сауабы бағышталады.
Айт күндері бала-шағаға сыйлық, жаңа киiм-кешек сыйлау, көрiктi орындарды аралатып қыдырту – жақсы амал. Сол арқылы бала мұсылманшылыққа тәрбиеленеді. Әр қоғамда ерекше көңiл бөлудi, жылы қабақ танытуды қажет ететiн жандар бар. Жетiм-жесiр, тағы да басқа мұқтаж кісілерге айт мейрамдарында көңiл бөлу – мұсылмандардың мiндетi. Өйткенi олар көмекке, жылы сөзге аса зәру. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жетiмге қарайласқан кiсi менiмен жәннатта мына екi саусақтай бiрге болады», – деп ортаншы және сұқ саусақтарын көрсеткен. Жетiмдер секiлдi жесiр әйелдер мен кедей мiскiндерге де көмек беру сауапты iстерден. «Жесiр әйелдiң және кедейдiң бiр күндiк нәпақасы үшiн жүгiрген мұсылман Алла Тағала жолында соғысқан мұжтаһид сияқты. Немесе түнiмен намаз оқып, күнi бойы ораза ұстаған кiсi тәрiздi», – дейді Алла Елшісі (с.ғ.с.). Оразаның нәтижесімен жанашырлық, мейiрiмдiлiк деген қасиеттерді бойына дарыта бiлген мұсылманға айт күнi пiтiр садақа беру міндеті жүктеледi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Пiтiр садақа ораза ұстағанның айтқан пайдасыз сөзiнiң, басқа жағымсыз амалдарының ластығынан тазалаушы және мұқтаждарға азық ретiнде берілуі уәжiп етілдi», – дейді (Әбу Дәуіт риуаят еткен). Демек, пiтiр садақа Рамазандағы ғибадаттардың сауабын толықтыру үшiн берiледi. Бұл – хижраның екiншi жылында мұсылмандарға оразамен қатар жүктелген амал. Сондықтан мереке күнгi садақаларымызды шын көңiлмен берiп, өзгеге жәрдемдесу – мұсылманға ортақ іс. Қасиеттi Құранда: «Қайырдан не iстесеңдер, Алла оны күдiксiз бiледi», – делiнген («Ниса» сүресi, 127-аят). Демек, қандай жақсылық жасасақ та, ол сауапсыз қалмайды. Олай болса, айт мерекелерінде сауапты амалдарды арттырсақ нұр үстіне нұр болмақ. Ораза айт баршамызға құтты болсын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.