Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құлаққаппен қалма құлап қап!

0 338

Қазақ ажалдың айтып келмейтін тажал екенін ежелден білген. Алайда бүгінде дүние жүзі бойынша адам өлімінің негізгі себебі алдымен жүрек талмасы, одан кейін обыр дерті болса, үшінші орында жол-көлік апаты салдарынан қаза тапқандар саны біраз сергелдеңге түсіріп отырған жайы бар. Ең қорқыныштысы, көлік апатынан жапа шегетіндердің дені – жаяу жүргіншілер.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Иә, көрсеткіш көңіл көншітпейді. Адам өмірін басты капитал санайтын біздің ел үшін әрбіріміздің тірі жүргеніміз – үлкен олжа. Ал темірден болған ажалға қандай тұрлау бар? Бұл ретте көлік апаттарының барынша алдын алу мақсатында елде түрлі шаралар ұйымдастырылады, заң күн сайын күшейіп, жол полициясының да жұмысында жүктеме көбейіп келеді. Бәрі де адам өмірі үшін, әлбетте. Жуырда Жамбыл облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі ерекше акция бастады. Көлік апатынан жапа шегетіндердің дені жаяу жүргіншілер болғандықтан, офис мамандары шаһарда адам көп жүретін нүктелерге, көше қиылыстарындағы жолдарға «Құлаққапты шешіңіз, балаңыздың қолынан ұстаңыз!» деген жазуды арнайы баллонмен жазып, қауіпсіздікке алдымен әркім өзі жауапты екенін қаперге салды. Бір қарағанда елеусіз дүние болуы мүмкін. Алайда осы ескертуді оқыған әрбір тұрғын өмірлерінің бәрінен бағалы екенін ескеріп, аптықпай, айналасына назар салып сақтана бастайды. Бүгінде жастар арасында жаппай құлаққаппен жүру үрдісі белең алған. Бұл дерт пе, жоқ жай әуестік пе, десе де әркімнің өз таңдауы. Бірақ айналасында не болып жатқанынан бейхабар бозбалалар мен бойжеткендерді қоғамдық көліктің қағып кеткені бейнеленген видеоларда есеп жоқ. Желіні аша қалсаңыз, жағаңызды ұстайсыз. Міне, «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің бастамасы осындай жайсыз жағдайлардың алдын алуға бағытталып отыр.
– Бүгінде Таразда жеңіл автокөліктердің саны күн санап көбейіп келеді. Мұндайда жол апаттарының да саны жиілейтіні белгілі. Біз бұл акцияны талай жанұяны жақынынан айыратын жайсыз жайттардың санын азайту үшін ұйымдастырып отырмыз. Жамбыл облыстық полиция департаментімен бірлесіп ұйымдастырылған жоба біздің офис мамандарымен ерікті түрде жүзеге асуда. Бұл Еріктілер жылындағы ерекше жобаға айналатынына сенім зор, – деді «Рухани жаңғыру» жобалық офисі басшысының орынбасары Данияр Өмірбеков.
Еріктілер жылының «Саулық» бағыты бойынша қолға алынған жобаға «Жаяу жүргіншілер назарына!» деген атау берілген. Аталған жазулар қаланың 25 нүктесіне жазылған. «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің мамандары жыл соңына дейін Еріктілер жылының аясында бұдан өзге тағы да бірнеше жобаны қолға алмақ ниетте.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.