Қалалық қоғамдық-саяси газет

Хакім аты ұлықталды

0 215

Биыл адамзаттың ойшылы, хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы елдік деңгейде атап өтілуде. Дәуір данасының шығармашылық мұрасы мен ерек тұлғасы әспеттелетін бұл бастамаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша назар аударған болатын. Осыған байланысты Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында жамбылдықтар үшін «Желсіз түнде жарық ай» атты концерт-композиция ұйымдастырылды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Тұлға мерейтойының өңірде ресми түрде бастау алуына арналған салтанатты шараны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көпшілікпен бірге тамашалады. Шара аясында аталған концерт залының фойесіне ақын мұраларынан әзірленген көрме жасақталды. Кеште К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония мен А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы өнерлерін ортаға салды. Жиналған жұртшылық назарына ең алдымен LED-экран арқылы «Тарих. Тағдыр. Тұлға» атты деректі фильм ұсынылды. Туындыда Абай шығармашылығының қазақ тарихындағы өшпес орны, тұтас ұлтты тәрбиелеудегі тереңдік пен мазмұндылығы баяндалған. Әдеби-сазды іс-шараның шымылдығы танымал дирижер Адай Жұмат дирижерлік еткен қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы Абайдың «Торжорға» күйімен түрілді. «Мерей» тобы және «Шолпы» би ансамблі «Желсіз түнде жарық ай» әнін жүрекке жеткізсе, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» туындысын облыстық театр әртістері нақышына келтіре оқып, жан тебірентті. Мәдениет саласының үздігі Жанатбек Кәдіров қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен хакімнің әйгілі «Көзімнің қарасы» әнін шарықтата шырқады. Одан кейін театр әртістері Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Қажымас дос халықта жоқ», «Сегіз аяқ» туындыларынан құралған әсерлі композицияны сахналап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Мәдениет саласының үздігі Айгүл Мақашева және Сұлужан Әбенова «Сегіз аяқ» әнін орындап, сезім пернелерін дөп басса, театр әртістері «Абай мен Тоғжан», «Абай мен Әйгерім» поэтикалық көріністерін ғажап сомдап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Абай операсынан «Ажардың ариясы», ақынның А.Пушкиннен аударған «Е.Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Айттым сәлем, Қаламқас» атты сазды шығармалары да, «Есіңде бар ма жас күнің?», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» атты терең философиялық һәм лирикалық өлеңдері де көңіл тербетті.
Шара соңында өнерпаздарға өңір басшысы Бердібек Машбекұлының ықылас гүлі салтанатты түрде табыс етілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.