Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жанұяға – жылулық, шаңыраққа – береке!

0 191

Таразда «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында 2020-2021 жылдарға арналған Жамбыл облысының жол картасын жүзеге асыру мақсатында «Baqytty otbasy» отбасы институтын қолдау орталығы ашылды. Жаңа орталықтың жұмысымен алғашқылардың бірі болып Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев танысты.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Бүгінде өңірде 32,6 мың көпбалалы отбасы, 15 мыңға жуық атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жанұя және 45,9 мың мүгедек жан тіркелген. Отбасы институтын қолдау орталығының қызметкерлері «бір терезе» қағидасы бойынша осындай осал топтағы азаматтарға тегін психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңес береді, жұмыспен қамту шараларын қамтамасыз етеді, «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасы бойынша жұмысты үйлестіреді, қайырымдылық көмек ұйымдастырады.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жамбылдықтарды орталықтың ашылуымен құттықтай отырып, аналар мәселесі еліміздің жағдайын тұтастай көрсетіп отырғандығын, сондықтан Қазақстанның болашағын өсіретіндерге барлық жағдай жасау маңызды екенін атап өтті. Бақытты халық елдің табысын қамтамасыз етеді, ал ол үшін үздіксіз жұмыс жүргізу қажеттігін баяндады.
– Халықта әрдайым сұрақ көп болады. Өтініш беруші жеткізген бірде-бір проблеманы назардан тыс қалдыруға болмайды. Отбасы институтын қолдау орталығы жамбылдықтардың игілігі үшін жүргізілетін жұмыстарды бір жерде жүйелейтін орталыққа айналуы тиіс. Мен тиісті тапсырмалар беремін, азаматтарды қабылдау кестесін құрамыз. Орталықта облыс әкімдігі мен «Nur Otan» партиясының өкілдері тұрақты түрде қабылдау жүргізеді. Халықпен тікелей сұқбат мәселенің мән-жайын жақсы түсініп, оны жедел шешуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыс әкімі.
Орталыққа психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер мен медиаторлар жұмылдырылған. Олар мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде несие беру, қайта даярлау және жұмысқа орналастыру, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар беру мәселелері бойынша әрбір анаға көмек көрсететін болады. Нысан күніне 100 адамға дейін қабылдауға қауқарлы екенін атап өткен жөн.
Алматыдағы «Baqytty otbasy» отбасы институтын қолдау орталығының үйлестірушісі Ақмарал Басирова бұл пилоттық жоба Алматыда басталғанын айтады. Осыған дейін әр мекеменің табалдырығын тоздырған көпбалалы аналар өздері үшін «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін орталық құруды ұсынған. Қолдау орталығының көмегіне бір балалы болсын, бес балалы болсын аналар келіп жүгіне алады. Оларға тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында психологиялық көмек көрсетеді, заңгерлік кеңес береді, қаржылық сауаттылыққа үйретеді. Ақмарал Басированың айтуынша, көптеген отбасылар жан-жақты хабардар болмағандықтан, үлкен пайыздық несиелер алып, қарыздан шыға алмай отыр. Ал бұл орталықта әрбір жанұяға отбасылық бюджетті жүргізуді де үйретеді. Орталық банктермен бірлесіп жұмыс істей отыра қара тізімдегі адамдардың проблемалары шешіледі. Мұндай азаматтарға банкке немесе коллекторлық компанияға хат жазудан бастап проблеманы тікелей шешкенге дейін мамандармен кеңесіп отырады.
– Идеяны жүзеге асыру барысында оң нәтиже көп күттірген жоқ. Бізге тек аналар ғана емес, жалғызбасты әкелер, мүгедектер, тұрмысы төмен және басқа да көмекті қажет ететін жандар қолдауға мұқтаж екендерін айтып келді. Жоба логикалық даму алып, бүгінгідей «Baqytty otbasy» отбасы институтын қолдау орталығы жүйелі жұмыс істеп келеді, – деді Ақмарал Басирова.
«Baqytty otbasy» Тараз орталығының басшысы Бақытжан Наметулла орталықта халықтың осал топтарының өкілдері туралы деректер базасы құрылатынын, барлық мекемелер мен мемлекеттік органдар арасында салааралық жұмыс жоспарлары жасалатынын атап өтті.
– Психологтар күйзеліске ұшыраған отбасыларымен жұмыс жүргізеді. Орталық қызметкерлері «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы берілетін екі пайыздық ипотекалық несие алуға көмек көрсетеді. Еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартады, – деді орталық басшысы.
Орталықтың ашылуына келген аналардың айтуынша, бұл орталық көпбалалы аналар туралы қалыптасып қалған қасаң көзқарастарды бұзуға көмектеседі. Олардың қоғамның қозғаушы күші екенін, экономика мен әлеуметтік мәселелерге оң серпін беруге қауқарлы екенін дәлелдей түспек. Сондай-ақ орталық жұмысы жүйелі жүре бастаса, көптеген жанұялық мәселелердің үлкен проблемаға айналуы бәсеңдей түседі деген сенім бар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.