Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мектеп ешкімнің меншігі емес»

0 272

Өткен сенбіде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстың білім беру саласы қызметкерлерімен кездесті. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде өткен жиын барысында салаға қатысты сан түрлі мәселе сөз болып, күрмеулі тақырыптар талқыланды.

Арайлым Шабденова

Өңір басшысы жиынға дейін Жамбыл политехникалық жоғары колледжін аралап, студенттердің ғылыми жобалары қойылған көрмемен танысты. Кездесу еркін форматта өтті. Жаттанды баяндамалар мен арнайы хабарламалар оқылмады. Алдымен сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмиля Бекбатырова саладағы жеткен жетістіктер туралы баяндап шықты. Ол 1891 мұғалім республикалық және халықаралық конкурстардың жеңімпазы атанса, облыс оқушылары пәндік олимпиадаларда 132 медальге қол жеткізгенін, сондай-ақ өңірдің 10 мектебі республика бойынша 100 үздік мектеп қатарында екенін атап өтті. Сондай-ақ ол педагогтардың біліктілігінің төмендігін, сырттай бөлімде оқу оқып, диплом алатындардың жайына назар аудару қажеттігін атап өтіп, өңірдегі оқу орындарында 100-ден астам мектеп инспекторы қажеттігін жеткізді. Одан кейін облыс әкімі: «Ең негізгі мәселе – бәріміз бірігіп білімнің сапасын көтеруіміз керек», – деп осы мақсатта қандай жұмыстар атқарылуы керектігін атап шықты. Облыстың 40 мың педагогының алдындағы басты үш міндетті де нақтылап өтті. Олар: білім, тәрбие және тәртіп. «Тізім бойынша емес, емін-еркін, ашық ұсыныстарыңызды ортаға салыңыздар», – деген өңір басшысы бірқатар мәселелердің аймақта ушыққандығын қадап айтты. Оның ішінде – ерте жүктілік. Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев ата-аналар комитетінің жұмысын да сынға алды. «Ата-аналар комитеті іс жүзінде жұмыс істемейді, ал педагогтар инертті ұстанымға ие. Бала тәртіп бұзған жағдайда ата-аналарға шағымдана алмайды», – деді ол. Ал жиында сөз алған облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали бірқатар ұсыныстар мен атқарылған жұмыстарды алға тартты.

– «Тамшы тасты теседі». Атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес, бірақ күшейту керек. Өткенде қорытынды есебіңізде «Бақытты бала» орталығын ашу керектігін айтқан болатынсыз. Қос қолдап қолдаймын. Ана мен бала мәселесінде саяси-әлеуметтік, мәдени-танымдық, құқықтық-псиxологиялық көмек беретін «Анаға тағзым» орталығын ашудың да уақыты жетті. Жоғарыда айтылғандай, математика пәні бойынша республикада алдыңғы орыннан табылып жүрген облыс жеткіншектерінің потенциалы жоғары. Осы орайда ескерткіштердің құрылысын қоя тұрып, авиамодельдеу мен ракетамодельдеуді дамыту үшін картинг алаңын салу, балаларымыздың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында шығармашылық орталықтарды көбейту қажет. Сонымен қатар ұзақ жыл бір жерде қызмет етіп, өзін сол мектептің «құдайындай» сезінетін кейбір мектеп директорларын ротациялауды ұсынамын, – деді Эльмира Иниятқызы.

Облыс әкімі мектептерді өзінің жеке меншігі секілді көретін кейбір мектеп директорларын қатаң сынға алды. «Оқу орындарының кейбір басшылары «менің мектебім», «менің ұстаздарым», «менің шәкірттерім» деген сияқты тіркестерді қолданып, өздерін ұйымдастырушы емес, меншік иесі секілді сезінеді. Мектеп – мемлекеттікі, ал директор – ауысып отыратын басқарушы тұлғалар болуы тиіс, – деген Бердібек Машбекұлы олардың «керекті адамдармен» байланыс орнату арқылы өсіп, соңында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына баратынын ескертті. «Жұмысқа орналастырғаны үшін директор мұғалімнен ақы алса, одан сапалы жұмысты қалай талап етеді? Ол мұғалім өз шығындарын ата-аналар арқылы қайтара бастайды, сыбайлас жемқорлық тізбегі осылай жалғаса береді», – деп қынжылды өңір басшысы.

Кездесуде сөз алған ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков те бірқатар келелі ұсыныстарын айтты.
– Соңғы бес жылда оқушылардың халықаралық байқауда жоғары көрсеткіш көрсетіп жүргендігі қуантады. Дегенмен ол облыстың білім деңгейін көрсетпейді. Жалпы облыс бойынша 460 мектеп бар. Бұл орайда ауыл мен қала мектептерінің білім беру деңгейі жер мен көктей. Ең алдымен сапаға мән беру қажет. Мұғалімнің мәртебесін көтеру мақсатында заң да қабылданды. Бірақ ұстаздардың мәртебесі бір дегеннен көтеріліп кетеді деген – қате пікір. Қоғам ол үшін жұмыс жасауы қажет. Сондай-ақ ұстаздарға арналған деректі фильмдер түсірілсе. Ұстаздар династиясын барынша насихаттап, оларды марапаттауды үрдіске айналдырсақ нұр үстіне нұр болар еді, – деген Махметғали Нұрғалиұлы жергілікті бюджет тарапынан грант бөлуді қолға алуды ұсынды.

Ұсынысты қолдаған Бердібек Сапарбаев алдағы уақытта ескерілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ ол: «Әр мектептен «Ізет», «Түлек» деген сайт ашылсын. Оның екі түрлі мағынасы бар. Ол, біріншіден, онда оқып жатқан оқушылар білу керек: ол мектептің білім сапасы қандай, осы мектепті бітірген түлектер қазір қайда оқып жатыр, қайда қызмет жасайды? Екіншіден, сол мектепті бітірген әрбір түлек мүмкіндігі болса, сол білім ұясына жан-жақты қолдау көрсетсе. Әрбір мектептің директорына осындай тапсырма берілді. Олар өздерінің түлектерінің базасын жасау керек және олармен жұмыс істеу керек», – деді. Спорт залдары мен білім беру және мәдениет нысандары барлық жергілікті тұрғындар үшін, әсіресе жастар үшін қолжетімді болу керектігін баса айтқан Бердібек Машбекұлы алдағы уақытта олардың ашық тұрған-тұрмағанын өзі кез келген уақытта тексеретінін ескертті. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі аймақтың барлық оқу орындарына таралуы қажеттігіне де ден қойылды.

Кездесу соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларды БАҚ пен әлеуметтік желілердегі сыни ескертулерге жедел әрі мұқият назар аударып, тиісті шара қолдану қажеттігін ескертті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.