Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жеңістің мұрагеріміз!

0 301

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың шешімімен Ұлттық ұланда Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» тағзым эстафетасы басталған болатын. Осыған орай, патриоттық эстафета облыс орталығында жалғасты.

Сәндібек Піренов

Аталмыш эстафета 2018 жылы 28 қыркүйекте Душанбе қаласында өткен ТМД Мемлекет басшылары Кеңесінің шешімімен бекітілген Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге бағытталған іс-шаралар жоспары бойынша өткізіліп отыр. 1941 жылы Алматы қаласында жасақталып, Мәскеуден Берлинге дейін жеткен Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық мотоатқыштар Режицский, Қызыл ту Ленин орденді, Суворов орденді дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесі еліміздің 24 қаласына жеткізіліп, жоспарлы шаралар 5 мамырға дейін жалғаспақ.

Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында өткен эстафетаға қала әкімі Айтқазы Қарабалаев пен қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев, 5513, 5514, 2035 әскери бөлімдерінің, сондай-ақ 85395 әскери бөлімі мотоатқыштар батальоны, штабтық батальоны, Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құрамы қатысты. Шара барысында «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алды. Артынша ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешов сөз сөйлеп, аталмыш шараның мақсаты жайында айтты.

– Жеңістің 75 жылдығына арналған акция Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде өтуде. 47-ден астам әскери бөлімді қамтитын акцияның мақсаты – өскелең ұрпаққа қазақстандықтардың Ұлы жеңіске қосқан үлесін насихаттау. Жамбыл жерінде өтіп жатқан шарада Ұлы Отан соғысына 100 мыңнан астам жамбылдықтың қатысқанын, оның ішінде 22-сі Кеңес Одағының Батыры атанғанын және даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ерлігін жастарға түсіндіру. Эстафета аясында барлық әскери бөлімдерде ту ұстаушылар тобы жасақталып, соғыс ардагерлерінің үйіне барып, Ішкі істер министрі атынан алғыс көрсетеді. Аталмыш шара 7 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін әскери парадта қорытындыланады, – деді ол.

Осыдан кейін 5514 әскери бөлімі 8-ші гвардиялық мотоатқышар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесін майор Төлеген Сауытбеков басқаратын 5513 әскери бөліміне тапсырды. Артынша әскери бөлімдердің жеке құрамы мен облыстық «Жас сарбаз» қозғалысының құрамы әскери шеруге қатысты.

Салтанатты шарадан кейін 5513 әскери бөлімінің қызметкерлері Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде аға лейтенант Ялкун Азизов дирижерлік еткен оркестрдің сүйемелдеуімен соғыс жылдарындағы әндерді шырқады. Сондай-ақ панфиловшылардың ерлігі, соның ішінде даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы жайында түсірілген деректі фильм көрсетілді. Концерттік бағдарламадан кейін полковник Ниязтай Әлкешов және облыстық Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Тұрдалы Шералин Ұлы Отан соғысының ардагері Әшірбек Сәрсенбиевтің үйіне арнайы барып, сарбаздардан жасақталған оркестр салтанатты шеруге қатысты. 100 жасқа келген майдангер 1942 жылы соғысқа аттанып, Таллинді азат етуге қатысып, Курессааре, Франкфурт қаласы мен Балтық теңізінің Муху аралын қорғаған. Соғыс жылдарын еске алған ардагер Әшірбек Сәрсенбаев «Отан алдындағы борышты өтеу – әрбір ер азаматтың парызы» деп жастарға насихат айтты.

Жауынгерлік Ту көшірмесін қабылдаған 5513 әскери бөлімі алдағы уақытта Жуалы ауданына ат басын бұрып, Б.Момышұлы атындағы мұражайға және ҰОС ардагерлерінің үйіне барып сый-құрмет көрсететін болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.