Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жастардың таңдауы – есірткісіз болашақ

0 59

Бүгінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес және оның таралуының алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл іске құқық қорғау органдарымен қатар жастар ұйымдары мен қоғамдық белсенділер де атсалысып, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамның есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыруға үлес қосып жатыр.

Айталық, таяуда «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жамбыл облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығының өкілдері мен белсенділер бірлесіп, қала аумағындағы есірткі заттарын насихаттайтын заңсыз граффити жазуларын жою жұмыстарын жүргізді. Жастардың тазалық акциясына қатысуы қоршаған ортаны көркейту ғана емес, есірткінің таралуына қарсы күресте азаматтық жауапкершілік танытудың да айқын көрінісі болғаны сөзсіз.
Осылайша жыл басынан бері облыс аумағында есірткі жарнамасы бар 240 граффити жазуы жойылды.
– Заңсыз граффитилердің басым бөлігінде есірткі заттарын сатуға немесе таратуға қатысты интернет-ресурстар мен байланыс арналары көрсетіледі. Мұндай жазуларды дер кезінде анықтап, жою – есірткінің таралуының алдын алудың маңызды бағыттарының бірі, – деп атап өтті Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Кемеңгер Әбдібеков.
Есірткі қылмысының алдын алу жұмыстары ақпараттық-түсіндіру шараларымен де қатар іске асырылуда. Атап айтқанда, Тараз сервис және технологиялық колледжінде білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, есірткінің зияны туралы түсінігін кеңейту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.
Шараға Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Кемеңгер Әбдібеков, облыстық Кинология- лық қызмет орталығының кинологы Нұрбол Төребек және Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығының жастар ісі жөніндегі маманы Ержан Ерланұлы қатысты.
Кездесу барысында мамандар жастарға есірткінің адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және болашағына тигізетін зиянын түсіндіріп, есірткі қылмыстарына қатысы бар адамдардың заң алдындағы жауапкершілігі туралы ақпарат берді. Сонымен қатар есірткіге әуестенудің алдын алу, зиянды әдеттерден аулақ болу және бос уақытты тиімді пайдалану мәселелеріне назар аударылды.
Жиынның мазмұнын толықтыр- ған ерекше сәттердің бірі – кинолог маманның қызметтік иттердің жұмысын көрсетуі. Нұрбол Төребек арнайы дайындықтан өткен иттердің есірткі заттарын анықтаудағы қызметі туралы айтып, олардың мүмкіндіктерін іс жүзінде таныстырды. Өз кезегінде білім алушылар мамандарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, пайдалы ақпарат алды.
Әрине, тараздық жастардың «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, есірткі жарнамаларын жоюға атсалысуы мен профилактикалық кездесулерге белсенді араласуы салауатты әрі қауіпсіз қоғам құруға деген ұмтылыстың белгісі екені сөзсіз. Өйткені есірткімен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастарды зиянды әдеттерден қорғауға және есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қоюға бағытталады.

Нұрзат АМАНГЕЛДІ,
Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің
жастар ісі жөніндегі маманы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.