Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Цифрлық сауаттылық – алаяқтыққа қарсы қалқан

0 60

Тараз сервис және технология колледжінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Цифрлық әлемге қауіпсіз қадам» тақырыбында құқықтық-ақпараттық сағат ұйымдастырылды.

Шараға Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ жастар ісі жөніндегі маманы Нұрзат Амангелді, сондай-ақ Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары – Жұлдыз Тұрдалиева мен Ілияс Келес қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастарға цифрлық ортадағы қауіп-қатерлер туралы ақпарат беру, интернет-алаяқтықтың заманауи түрлерін түсіндіру, дипфейк (deepfake) технологияларының зияны мен олардан қорғану жолдарын түсіндіру, сондай-ақ студенттердің құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру.
Басқосу барысында Нұрзат Нұрланұлы жасанды интеллект мүмкіндіктері пайдалана отырып дипфейктер арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің қарқынды өсіп келе жатқанына назар аударды.
Келесі кезекте Жұлдыз Сейітжанқызы дипфейк арқылы жасалған алаяқтықтың нақты мысалдарына тоқталды. Спикердің айтуынша, шетелдік компания қызметкері әріптестерінің бейнесін дипфейк технологиясы арқылы жасалған нұсқада шынайы деп қабылдап, алаяқтардың есепшотына 25 миллион доллар аударған. Бұл жағдай қазіргі таңда адамның бет-әлпетіне ғана сенудің жеткіліксіз екенін көрсетеді.
– Дипфейктер қоғам үшін ең үлкен қауіптердің біріне айналып келеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2019 жылдан бері дипфейктер саны 550 пайызға артқан. Демек, қазіргі таңда адамның көргені мен естігенін қосымша тексеру қажет болатын жаңа цифрлық орта қалыптасып отыр, – деді Ж.Тұрдалиева.
Сондай-ақ спикер жасанды интеллектіні пайдалану арқылы жасалатын алаяқтықтың қаржылық шығындарын айтып өтті. Мәселен, «Resemble.ai» деректеріне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы төрт айында жасанды интеллект қолданылған алаяқтық әрекеттерден келген қаржылық шығын 200 миллион доллардан асқан. Ал «Deloitte» компаниясының болжамынша, 2027 жылға қарай мұндай алаяқтықтан келетін шығын 40 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін.
Бұл тұрғыда Қазақстандағы жағдайға да ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл дипфейктерге байланысты 40-тан астам қылмыстық іс тіркелген.
Жиын аясында дипфейк арқылы жасалатын алаяқтықтың негізгі түрлері түсіндірілді. Олардың ең маңыздысы – әлеуметтік желілердегі дипфейктер. Алаяқтар Instagram, Telegram және басқа да әлеуметтік желілерде жалған парақшалар ашып, танымал немесе тартымды адамдардың фотосуреттері мен бейнелерін пайдаланады. Олар өздерін басқа адам ретінде таныстырып, жәбірленушінің сеніміне кіруге тырысады. Мұндай әрекеттердің негізгі мақсаты – қаражат, жеке мәліметтерді, құпия ақпаратты иемдену немесе кейіннен бопсалау.
Кездесуде Ілияс Сәкенұлы интернеттегі қауіпті таныстықтарға байланысты алаяқтық схемаларды да баяндады. Ол жақында Астана қаласында болған оқиғаны мысал ретінде келтірді. Аталған жағдайда қала тұрғыны өзін шетелдік азамат ретінде таныстыр- ған бейтаныс адамға сеніп, 9 млн теңгесін аударған.
Спикердің айтуынша, алаяқтар көбіне шетелде жүргенін, банк картасының бұғатталғанын, қонақүйге немесе елге қайту үшін билет алуға ақша қажет екенін айтып, жәбірленушінің аяушылық сезімін пайдаланады екен. Алғашында күмән туындағанымен, сенімге кіргеннен кейін азаматтар өз еркімен ақша аударып жатады.
Сонымен қатар жастарға интернеттегі алаяқтықтан қорғанудың негізгі жолдары да таныстырылды. Бейтаныс адамдарға ақша аудармау, күмәнді ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы тексеру, жеке мәліметтерді жарияламау және күдік туындаған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну қажеттігі айтылды.
Кездесу барысында дауыс арқылы жасалатын дипфейктердің де қауіптілігі жайлы сөз қозғалды. Заманауи технологиялардың көмегімен адамның дауысын қысқа ғана дыбыстық жазба арқылы қайталап, оның атынан кез келген сөзді айтқызуға мүмкіндік бар. Мысалы, алаяқтар адамның жақынының дауысын қолдан жасап, шұғыл көмек қажет екенін айтып, ақша аударуды сұрауы мүмкін. Дауыс таныс болғандықтан, адам алаяқтық әрекетті бірден байқамай қалуы ықтимал.
Сондай-ақ видеодипфейктердің ерекшеліктері мен оларды анықтау жолдары да түсіндірілді. Алаяқтар әлеуметтік желілерде жарияланған жақын адамдардың фотосуреттері мен бейнематериалдарын пайдаланып, жалған бейнелер жасай алады. Осыған байланысты WhatsApp және басқа да әлеуметтік желілердегі жеке деректерге қолжетімділікті шектеу ұсынылды.
Спикер видеодипфейкті анықтаудың бірнеше белгісіне тоқталды. Олардың қатарында табиғи емес жыпылықтау, жарық пен көлеңкенің сәйкес келмеуі, бет пен мойын арасындағы бұлыңғыр шекара, шаш қозғалысының табиғи болмауы сияқты белгілер бар.
Осыған орай жастарға қауіпсіздік шарасы ретінде жақын адамдармен алдын ала құпия код сөз белгілеу, күмән туындаған жағдайда адамның өзіне белгілі телефон нөміріне қайта қоңырау шалу, бейтаныс адамдарға ақша аудармау, шұғыл өтініштерге бірден сенбеу, бейтаныс адамдарға дауыстық хабарлама мен жеке фотосуреттерді жібермеу қажеттігі айтылды.
Жиын соңында Нұрзат Нұрланұлы жастарға қазіргі таңда жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуына байланысты дипфейктер санының да арта түсетінін атап өтті.
– Ең алдымен, бұл – жауапкершілік пен этика мәселесі. Дипфейкті жасайтын да, оны тарататын да – адам. Сондықтан кез келген азаматтың бейнесін немесе дауысын рұқсатсыз пайдаланып, жалған ақпарат таратуға жол берілмеуге тиіс, – деді Н.Амангелді.
Сонымен қатар колледж студенттеріне дропперлік және «оңай ақша» табу схемалары, қаржылық және еңбек алаяқтығы, қауіпті онлайн-таныстықтар, груминг пен сталкинг, сондай-ақ жастарды құқыққа қайшы әрекеттерге тарту тәуекелдері туралы ақпарат берілді. Нәтижесінде студенттер өздерін цифрлық ортадағы алаяқтықтан қорғау жолдары бойынша пайдалы ақпарат алып, құқықтық және цифрлық сауаттылықтарын арттырды.

Дулат АБИТАЕВ,
Тараз сервис және технология колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.