Бүгін Тараз қаласы мен Байзақ ауданына қарасты Бурыл ауылдық округі аралығында қатынайтын жаңа бағыт іске қосылды. Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков пен Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев және ауыл тұрғындары қатысты.
Шара барысында шаһар басшысы Бақытжан Әмірбекұлы тұрғындарды сапалы қоғамдық көлік қызметімен қамтамасыз етудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Жаңадан ашылған №4 бағыттағы 10 қоғамдық көлік Байзақ ауданына қарасты Бурыл мен Құмжота ауылдарын Тараздағы «Ауыл береке» базары, Сыпатай батыр, Төле би, Аққозиев, Балуан шолақ, Жібек жолы, Самарқанд, Абай көшелері арқылы «Түрксіб» алабымен байланыстыратын болады. Жүру аралығы15 минутты құрайды. Бұл шешім аталған аумақтардағы әбден тозығы жеткен 2004-2007 жылғы шығарылған «ПАЗ» маркалы автобустарды алмастыру, жүру жиілігін 30 минуттан 15 минутқа дейін қысқарту нәтижесінде тұрғындарға қолайлы қызмет көрсету қажеттілігінен туындап отыр.
Жол ақысы да қала тарифімен бекітілді. Яғни, барлық тұрғындар үшін – 100 теңге, ал, 18-ге толмаған жасөспірімдер мен балалар үшін 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларының иегерлері, «Батыр ана», «Ана даңқы» ордендерінің I және II дәрежелерімен наградталған көпбалалы аналар және бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар автобуста тегін жүруге құқылы.
Айта кетейік, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары Таразда қоғамдық көлік жүйесін жаңғыртуға, жаңа бағыттар ашып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға ерекше ден қойылуда.
Осыған орай, қаланың 2023-2025 жылдарға арналған Даму жоспарында жыл сайын кемінде 70 қоғамдық көлік сатып алу міндеті көзделген болатын. Осы жоспарға сәйкес, 2023 жылы қалаға 73 қоғамдық көлік алынса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 155 автобусқа жетті. Ал өткен жылы шаһар аумағына 91 қоғамдық көлік жеткізілді. Биылғы жылдың басынан бері қосымша 48 автобус әкелінді. Осылайша, соңғы жылдары жаңарған қоғамдық көліктердің жалпы саны 391-ді құрап отыр.
Нәтижесінде Тараздағы жаңа автобустардың үлесі 57 пайыздан 87 пайызға дейін артып, қоғамдық көлік саны 330-дан 560 автобусқа дейін көбейді. Сондай-ақ жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында қосымша 15 бағыт ашылып, қазіргі уақытта қала тұрғындарына 48 бағыт бойынша қоғамдық көлік қызмет көрсетуде.
Бұл тұрғыда Байзақ және Жамбыл аудандарынан қала құрамына қосылған елді мекендерді қоғамдық көлікпен қамтуға басымдық берілуде. Сонымен қатар өткен жылы Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер ауылынан Таразға қатынайтын қоғамдық көліктің мәселесі шешімін тапты. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 7 кыркүйегінен бастап Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылы мен Тараз қаласы арасында №67 жаңа бағыт ел игілігіне берілді.