Тараз қаласының аумағына Байзақ және Жамбыл аудандарынан қосылған 14 елді мекендегі жер учаскелерінің құжаттарын рәсімдеу жұмыстары басталды.
Биыл жергілікті бюджеттен 13 533 жер учаскесіне мемлекеттік жер актілерін дайындауға қаржы бөлінді. Құжаттарды рәсімдеу жұмыстары Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арасындағы келісім негізінде жүргізілуде.
Жер учаскесінің иесі құжаттарын рәсімдеу үшін әуелі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жүгініп, жер учаскесіне қаланың кадастрлық нөмірін алуы қажет. Одан кейін Халыққа қызмет көрсету орталығынан мекенжай анықтамасын алады.
Егер жердің нысаналы мақсаты өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу болса, оны жеке тұрғын үй құрылысына өзгерту үшін ХҚКО арқылы өтініш беріледі. Ал жер учаскесі шаруа қожалығын жүргізуге немесе кәсіпкерлік мақсатқа арналған болса, оны қала аумағына қосылуына байланысты қайта рәсімдеу үшін Тараз қаласы әкімдігіне өтініш беру қажет. Тиісті шешім қабылданғаннан кейін жер иесі ХҚКО арқылы мемлекеттік жер актісін рәсімдеуге өтініш береді. Бұл жерде маңыздысы – қала аумағына қосылған жер учаскелеріне қатысты аталған мемлекеттік қызметтер де, мемлекеттік жер актісін дайындау да тұрғындар үшін тегін жүзеге асырылады.
Тараз қаласының әкімдігі