Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қала қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік

0 54

Төтенше жағдай – адам өмірі мен денсаулығына, қоғамның қауіпсіздігіне сын келтіретін күтпеген оқиға. Мұндай сәтте уақытпен санаспай, қауіптің ортасына бірінші болып кіретін мамандардың бірі – төтенше жағдайлар қызметкерлері. Олардың әрбір шақыртуы – адам өмірін құтқару, өртті ауыздықтау, апаттың салдарын жою, қауіптің одан әрі таралуына жол бермеу деген жауапкершілікті арқалайды.

Төтенше жағдай қызметінің жұмысы десе, көпшіліктің көз алдына тілсіз жаумен арпалысып, адам өмірін құтқарып, қиын сәтте көмекке ұмтылатын құтқарушылар елестейді. Алайда бұл саланың міндеті тек төтенше жағдай болған кезде әрекет етумен шектелмейді. Қауіптің алдын алу, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіру, түрлі нысандарда профилактикалық жұмыстар жүргізу де – мамандар қызметінің маңызды бағыты. Осы тұрғыдан алғанда, Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді.
Мәселен, өткен аптада жылыту маусымының басталуына орай Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері «Әділет жастары» және «Жібек жолы жастары» еріктілерімен профилактикалық кездесу өткізді. Жиын барысында еріктілер тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, өрттің алдын алу және жылыту маусымындағы қауіпсіздік шаралары жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Себебі жылыту маусымы басталған тұста тұрғын үйлердегі пештер мен жылыту қондырғыларын дұрыс пайдалану, электр желілеріне салмақ түсірмеу, ақаулы құрылғыларды қолданбау секілді қарапайым талаптарға жауапкершілікпен қараудың маңызы арта түседі.
Кездесуде қауіпсіздік тақырыбы тек өрттің алдын алумен шектелген жоқ. Мамандар жер сілкінісі кезіндегі дұрыс іс-қимыл алгоритмін, төтенше жағдайлар кезінде сақталуға тиіс негізгі қауіпсіздік ережелерін және алғашқы медициналық көмек көрсету тәртібін де түсіндірді. Мұндай кездесулердің маңызы – қауіпсіздік жөніндегі ақпараттың тұрғындарға түсінікті әрі дұрыс жеткізілуінде. Ал бұл жұмыста еріктілердің де үлесі айрықша. Өйткені олар мамандармен бірге тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге атсалысады.
Сала мамандары «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қызметкерлерімен де өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында өрттің алдын алу шаралары түсіндіріліп қана қоймай, алғашқы өрт сөндіру құралдарын, оның ішінде өрт сөндіргішті дұрыс пайдалану тәртібі көрсетілді. Қызметкерлер қажетті әрекеттерді тәжірибе жүзінде пысықтады. Сонымен қатар өрт болған жағдайда эвакуациялау тәртібі, қауіпсіз жерге шығу жолдары және төтенше жағдай туындағанда «101», «112» нөмірлеріне дер кезінде хабарлау қажеттігі айтылды.
Құтқарушылардың өздері де кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп отырады. Осы бағытта Тараз қаласы №4 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағындағы жылу-түтін камерасында кезекті практикалық жаттығу өткізді. Жаттығу барысында өрт сөндірушілер жоғары температура, қою түтін және шектеулі көріну жағдайындағы іс-қимылдарды пысықтады. Сондай-ақ тыныс алу органдарын қорғау құралдарымен жұмыс істеу, буын құрамында әрекет ету және күрделі жағдайда өзара үйлесімді жұмыс жүргізу дағдыларын жетілдірді.
Сонымен бірге төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары қаланың түрлі салаларын қамтып отыр. Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Әулиеата ауданы әкімдігі және «Әділет» партиясының еріктілерімен бірлесіп, балық аулау дүкендерінің сатушылары арасында да түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында сатушыларға балық аулаушыларға судағы қауіпсіздік талаптарын түсіндірудің маңыздылығы айтылды.
Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру жұмыстары білім беру ұйымдарында да тұрақты жүргізіледі. Мәселен, басқарма қызметкерлері №61 орта мектепте сейсмикалық жаттығу өткізді. Жаттығу барысында жер сілкінісі болған жағдайда оқушылар мен мектеп қызметкерлерінің іс-әрекет алгоритмі пысықталды. Қатысушылар ғимараттан эвакуациялау, қауіпсіздік талаптарын сақтау және қауіпсіз аймаққа ұйымдасқан түрде шығу тәртібін тәжірибе жүзінде орындады.
Практикалық бөлімнен кейін Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары мектеп ұжымымен конференция өткізіп, жер сілкінісі кезіндегі негізгі қауіпсіздік ережелері, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібі және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұндай кездесулер №63 орта мектеп оқушыларымен де ұйымдастырылды. Оқушыларға өрт қауіпсіздігі ережелері, өрттің алдын алу шаралары және төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету тәртібі түсіндірілді.
Қауіпсіздік жөніндегі түсіндіру жұмыстары балабақша бүлдіршіндерін де қамтиды. Тараз қаласындағы №26 «Нұрай» бөбекжай-балабақшасында қауіпсіздікке арналған танымдық іс-шара өтті. Оны Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері ұйымдастырды. Іс-шара барысында бүлдіршіндер өрт қауіпсіздігі тақырыбында арнайы қойылымдар ұсынып, өрт болған жағдайда қалай дұрыс әрекет ету керектігін көрсетті. Балалар өз өнерлері арқылы қауіпсіздік ережелерін қаншалықты меңгергендерін танытты.
Кездесудің ең қызықты бөлігі – өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникасы мен арнайы жабдықтарды таныстыру болды. Құтқарушылар балаларға арнайы техниканың мүмкіндіктерін көрсетіп, өрт сөндірушілердің арнайы киімдері мен құрал-жабдықтарын таныстырды. Мамандар бүлдіршіндерге өрт кезінде сабыр сақтаудың, үлкендердің нұсқауын орындау- дың және қауіпсіз жерге шығудың маңызын тағы бір мәрте түсіндірді.
Осындай жұмыстардың барлығы бір мақсатқа – төтенше жағдайдың алдын алып, адам өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Құтқарушының еңбегі тек өртті сөндірумен, апат орнында көмек көрсетумен немесе қауіп төнген сәтте адамды құтқарумен өлшенбейді. Қауіптің алдын алу үшін халықпен тілдесу, қауіпсіздік талаптарын түсіндіру, балаларға ерте жастан сақтықты үйрету, мекеме қызметкерлеріне алғашқы әрекеттерді көрсету де – осы жауапты қызметтің ажырамас бөлігі.
Төтенше жағдайдың алдын алуда балалармен жүргізілетін жұмыстардың да маңызы зор. Құтқарушылар мектеп оқушыларына өрт шыққан кездегі алғашқы әрекет, жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шаралары, судағы қауіпсіздік, «дабыл сөмкесін» дайындау және алғашқы көмек көрсету тәртібін үйретеді. Мұндай кездесулер баланың қауіп-қатерді ерте байқап, төтенше жағдайда абдырап қалмай, дұрыс әрекет етуіне ықпал етеді.
Тараз қаласындағы «Жас құтқарушылар» қозғалысы аясында да жасөспірімдерге қауіпсіздік негіздері жан-жақты түсіндіріліп келеді. Құтқарушылардың практикалық сабақтары барысында оқушылар арнайы құрал-жабдықтармен танысып, өрт сөндіру құралдарын пайдалану, алғашқы медициналық көмек көрсету және төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл бойынша тәжірибе жинақтайды.
Құтқарушылардың әрбір түсіндіру шарасы – ертеңгі қауіптің алдын алуға жасалған қадам. Өйткені төтенше жағдайдың салдарын жоюдан бұрын, оның алдын алу әлдеқайда маңызды. Осыны жақсы түсінетін Тараз қаласының төтенше жағдайлар қызметкерлері тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеп, қауіпсіздік талаптарын күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыруды көздейді.
Құтқарушының еңбегі көбіне төтенше жағдай болған сәтте ғана көрінеді. Ал оның көзге көрінбейтін үлкен жұмысы – қауіптің алдын алу, халыққа дұрыс бағыт-бағдар беру, әр азаматтың қауіпсіздік ережесін білуіне ықпал ету. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы – тек құтқару емес, ең алдымен, адам өмірін сақтауға бағытталған үлкен жауапкершілік.

Карина КАРТАШОВА,
облыстық Төтенше жағдайлар
департаментінің ресми өкілі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.