Ұстаз – адам өміріндегі ең қастерлі есімдердің бірі. Расында, әрбір адамның жүріп өткен жолында жүрекке із қалдырған, білімнің шамын жағып, арманға қанат бітірген бір ұстазы болады. Оның айтқан бір ауыз сөзі, берген бір сабағы, танытқан бір тағылымы жылдар өте келе өмірлік бағдарға айналады.
Күздің қоңыр салқыны сезіліп, айнала алтын түске боялған шақта ұстаздар қауымына деген құрмет те ерекше арта түседі. Бұл – шәкірт жүрегіндегі алғыс пен ізеттің, ата-ана ықыласы мен ел құрметінің тоғысатын сәті. Өйткені жыл сайын 5 қазанда Мұғалімдер күні аталып өтеді. Осынау мерейлі мереке қарсаңында ұстаздықтың ұлағаты мен ұлт тәрбиесіндегі орнына ой жүгіртіп, шаһардағы педагогтар қауымына көрсетіліп отырған қолдаулар мен білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан игі істерге тоқтала кеткенді жөн көрдік.
Көне тарихқа көз салсақ, ұлтымызда ұстаздар туралы толғана жазған тұлғалар аз емес. Мәселен, Алаштың ардақты перзенті Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады», – десе, тағы бір сөзінде: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі», – деген екен сыршыл ақын. Сондай-ақ орыс жазушысы Лев Толстой: «Егер мұғалім шәкіртін әкесіндей, шешесіндей сүйетін болса, ол барлық кітаптарды оқыған, бірақ іске де, шәкірттеріне де сүйіспеншілігі жоқ мұғалімнен тәуір болмақ. Егер мұғалім өз бойында іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол – кемел ұстаз», – деген.
Сонымен қатар ұстаздардың ұлы еңбегін бағалап, толғана жазған ақындар да баршылық. Айталық, өлең сүйер оқырманға етене таныс Фариза Оңғарсынова:
«Ұстазсыз жанда сөнбек күн,
Шәкіртсіз өмір – сусыз жер.
Көрінбес ғажап еңбектің,
Бейнетін кешіп жүрсіздер», – десе, өзі де педагогика саласында еңбек еткен қазақтың талантты ақыны Төлеген Айбергенов:
«Маршалым бұл жорықта өзің болдың,
Мендегі сотқарлыққа төзім бердің.
Кешегі сол бір тентек шәкіртіңнің,
Мінекей, адам болған кезін көрдің», – деп толғана жырлапты.
Әрине, ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып, терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де – бәрі-бәрі ұстаздан тәлім алған. Сондықтан оларға бүкіл адам баласы мәңгілік қарыздар. Француз жазушысы Жан-Жак Руссоның: «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, басқаның бақытын аялау», – деген нақыл сөзі де – осы сала иелеріне берілген әділ баға. «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, ұстаз – қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Демек, ұстаздардың ұлы міндеті қашанда бағалы.
Бүгінде осы ұлы міндеттің Тараз қаласында да лайықты деңгейде атқарылып келе жатқанын білім саласының тыныс-тіршілігінен анық аңғаруға болады. Көне шаһардағы білім беру жүйе- сі жыл өткен сайын кеңейіп, заман талабына сай жаңғырып келеді. Қаламызда қазіргі таңда 80 мектеп, 54 бөбекжай-бақша, 5 қосымша білім беру мекемесі, 3 түзету кабинеті жұмыс істейді. Сонымен қатар жетекші салада 184 жекеменшік ұйым қызмет көрсетуде. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 30 мыңнан астам бүлдіршін, ал мектептерде 95 мыңнан аса оқушы білім алып, тәрбиеленуде.
Қазіргі заман мұғалімнен тек білім беруді ғана емес, шәкірттің қабілетін танып, оның шығармашылық ізденісіне жол ашуды, бәсекеге қабілетті, жан-жақты тұлға қалыптастыруды талап етеді. Осы орайда оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың қабілеті мен қызығушылығын дамытуға бағытталған қосымша білім беру жұмыстарының маңызы зор. Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаеваның айтуы бойынша, бүгінде мектеп оқушыларының 80 пайызы қосымша білім берумен қамтылған.
– Сапалы, қолжетімді, қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету мақсатымен жыл сайын шаһардағы балалардың сапалы білім алуына қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Айталық, соңғы екі жылда қаламызда 4 жаңа мектеп, 2 жапсарлас ғимарат пайдалануға беріліп, оқушы орнының тапшылығы мен үш ауысым мәселесі толық шешімін тапты. Сондай-ақ ағымдағы жылы №27 орта мектептің жанынан 600 орынды жаңа ғимарат салынды.
Мектеп – тек білім беретін ғимарат емес, баланың тұлға болып қалыптасатын ортасы. Сондықтан оның материалдық-техникалық жағдайы да ұстаздың сапалы еңбегіне тікелей әсер етеді. Осы бағытта білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңартылды. Оқу ордалары заманауи кабинеттермен, компьютерлік құрылғылармен және интерактивті тақталармен қамтамасыз етілді, – дейді Айгерім Аханқызы.
Әрине, мұндай жұмыстардың нақты нәтижесі, ең алдымен, оқушылардың жетістіктерінен көрінетіні белгілі. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша, мектеп оқушылары арасында өткен халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарында, спорттық және шығармашылық байқауларда жүлделі орындар саны өскен.
– Өткен оқу жылында мектеп оқушыларының білім сапасы артып, халықаралық және республикалық пән олимпиадаларында, ғылыми жобалар мен шығармашылық байқауларда 95 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде халықаралық деңгейде – 21, республикалық деңгейде 74 жүлде бар. Жалпы нәтижесінде оқушылар 33 алтын, 34 күміс және 28 қола медаль иеленді. Бұл көрсеткіш алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 16 жүлдеге артты. Ерекше атап өтерлігі, халықаралық деңгейдегі Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша жыл сайынғы халықаралық зерттеу жобалары конкурсында, «Ғылым әлемін ашамыз», «INFORMATRIX-ASIA-2026», «Fibonacci International Robot Olympiad» додалары мен республикалық деңгейде өткен интеллектуалдық жарыстарда №1, 3, 5, 8, 7, 11, 15, 23, 24, 39, 40, 41, 45, 47, 49, 53, 64, 66, 67 мектептері, Б.Бесбаев атындағы, Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиялар, А.Макаренко атындағы орта мектеп оқушылары мен Техникалық шығармашылық орталығының білім алушылары жоғары нәтижелерімен ерекшеленді.
Ұстаз еңбегінің бағасы оның шәкіртінің жетістігімен ғана емес, өзінің кәсіби ізденісімен де өлшенеді. Осы ретте Тараз қаласының педагогтары да түрлі деңгейдегі кәсіби байқауларда өздерінің біліктілігі мен шеберлігін танытып келеді. Республикалық деңгейде өткен конкурс нәтижесі бойынша, «Үздік педагог» атағына Б.Момышұлы атындағы №45 гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Тоғжан Лаубай ие болды. Сонымен қатар облыстық деңгейде 3 педагог жеңімпаз атанды.
Қаламыздағы екі мектептің республикалық «Ең үздік олимпиа- далық 100 мектеп» қатарына енуі де – білім саласындағы еңбектің нәтижесін көрсететін маңызды көрсеткіш. Олимпиадалық білім бәсекесінде Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия мен Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы үздіктер қатарынан табылды. Бұған қоса педагогтар халықаралық және республикалық кәсіби байқауларда 50-ге жуық жүлделі орыны еншіледі. Атап айт- қанда, «Олимп шыңы» республикалық пәндік олимпиадасында – 21, «Үздік авторлық бағдарлама» конкурсында – 3, «Педагогикалық идея- лар панорамасы» конкурсында – 2, «Алтын тұғыр» олимпиадасында – 1, «Педагогикалық идеялар» фестивалінде – 5, «Математика регата» конкурсында – 2, «Үздік жыл психологі» конкурсында 1 педагог-психолог жеңімпаз атанды. Нәтижесінде, Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназия облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» грантына қол жеткізді, – дейді А.Алтынбаева.
Дегенмен, ұлағатты ұстаздардың еңбегі тек жоғары сынып оқушыларын білім додаларына дайындаумен шектелмейді. Ұстаздық жолдың алғашқы баспалдағы мектепке дейінгі тәрбиеден басталады. Баланың бойына алғашқы әдепті, алғашқы әдетті, алғашқы білімді сіңіретін тәрбиеші де – ұстаз. Осы тұрғыдан алғанда мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие сапасын жетілдіру де – басты назарда.
Бүгінде қаладағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында балаларды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу бағытында жарқын жобалар жүзеге асырылуда. Айталық, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған 1 000 ойын жаңартылып, 300-ге жуық ойыншық патенттелді. Бұл тәжірибе республика көлемінде таратылды. Сонымен қатар өткен оқу жылының қорытындысы бойынша білім мекемелері қызметінің тиімділігін бағалау және ынталандыру мақсатымен өткізілген облыстық рейтинг нәтижесінде №45 бөбекжай-бақша «Үздік инновация- лық мектепке дейінгі ұйым», №8 бөбекжай-бақша «Үздік қалалық мектепке дейінгі ұйым» номинация- ларымен марапатталды.
Қорыта айтқанда, ұстаздықтың ұлағаты оның нәтижесі бір күнде көрінбейтінінде жатыр. Себебі бүгінгі сыныпта айтылған сөз бен берілген тәлім ертең ел ісіне араласатын азаматтың дүниетанымынан, таңдаған жолынан, өмірлік ұстанымынан көрініс табады. Сондықтан ұстаз еңбегінің өлшемі тек санмен немесе жетістікпен ғана емес, шәкірт жүрегінде қалдырған рухани ізбен де айқындалады.
Заман өзгерген сайын білім беру кеңістігі де жаңара беретіні сөзсіз. Алайда шәкіртке деген ықылас, оның болашағына деген сенім және бала тәрбиесіне деген жауапкершілік қай кезеңде де өз мәнін жоймайды. Ұстаз осы қасиеттерді бойына жинақтай отырып, уақыт талабына бейімделіп қана қоймай, келешектің келбетін қалыптастыруға қызмет етеді. Ендеше шәкіртінің жетістігіне қуанып, оның көкжиегін кеңейтіп, қанатын қатайтуға күш салып жүрген әрбір ұстаздың еңбегі қандай құрметке болса да лайық.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ