Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ұстаздық жолды ұлықтаған әулет

0 96

Ұстаздық – жүрек қалауымен таңдалатын, үлкен жауапкершілікті, сабыр мен мейірімділікті талап ететін қасиетті жол. Ұстаз шәкіртке білім беріп қана қоймай, оның өмірлік ұстанымының қалыптасуына ықпал етеді, адамдық қасиеттерді бойына сіңіреді. Сондықтан ұстаз еңбегінің өлшемі – шәкіртінің жетістігі, ал ұстаздың ең үлкен мұрасы – артынан ерген шәкірттері мен өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесі.

Осындай тағылымды еңбек жолын қалыптастырып, ұстаздықты әулеттің дәстүріне айналдырған жандардың бірі – Кенжебай Аманқұлов атамыздың отбасы. Бұл әулеттің тарихына көз жүгіртсек, бірнеше буын өкілдерінің білім беру саласында еңбек етіп, ұстаздық жолды абыроймен жалғастырып келе жатқанын көреміз. Бір әулеттің бірнеше ұрпағының мұғалімдік мамандықты таңдауы – кездейсоқтық емес. Бұл – білімге деген құрметтің, ұстаздыққа деген адалдықтың және үлкендердің өнегесін кейінгі ұрпақтың жалғастыра білгенінің айқын көрінісі.
Әулеттің ұстаздық дәстүрінің негізін қалаған Кенжебай Аманқұлов 1943 жылы дүниеге келген. Ол 1960 жылы орта мектепті тәмамдап, сол жылы Шымкент педагогикалық институтының «Физика-математика» факультетіне оқуға түседі. 1965 жылы аталмыш институтты үздік бітіріп, еңбек жолын білім беру саласымен байланыстырады.
Кенжебай Аманқұлов Алғабас орта мектебінде 43 жыл бойы ұстаздық қызмет атқарып, талай шәкіртке сапалы білім мен саналы тәрбие берді. Ұзақ жылдар бойы мектеп өміріне белсене араласып, директордың орынбасары қызметін де абыроймен атқарды. Қырық жылдан астам уақытты қамтыған еңбек жолы – оның өз мамандығына деген адалдығының дәлелі. Ол үшін ұстаздық қыз- мет тек жұмыс емес, өмірінің мәніне айналған үлкен мектеп болды.
Бүгінде ардагер ұстаз – зейнеткер. Ұзақ жылғы еңбегі еленіп, Тұрар Рысқұлов ауданының Құрметті ардагері медалімен марапатталған. Бұл марапат – оның білім саласына сіңірген еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі.
Әулеттің ұстаздық жолын жалғастырған жанның бірі – Алтын Бердібаева. Ол Шымкент педагогикалық институтын «Орыс тілі» мамандығы бойынша тәмамдап, 1967 жылдан бастап ұстаздық қызметке кірісті. Алтын Бердібаева 30 жыл бойы білім беру саласында еңбек етіп, өз ісіне жауапкершілікпен қараған білікті маман ретінде танылды. Оның саналы ғұмырының елеулі бөлігі жас ұрпаққа білім беруге арналды. Ұстаздың еңбегі жылдармен ғана емес, тәрбиелеген шәкірттерінің жүрегінде қалған ізімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Алтын Бердібаеваның да ұстаздық жолы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай.
Кенжебай Аманқұловтың қыздары да ата- анасының өнегелі ісін жалғастырып, ұстаздық мамандықты таңдады. Дина Аманқұлова Жамбыл педагогикалық институтын «Орыс тілі» мамандығы бойынша бітірген. Бүгінде Қырғыз Республикасындағы ауылдық мектептердің бірінде ұстаздық қызмет атқарып келеді. Оның жалпы еңбек өтілі – 35 жыл.
Ал Қымбат Аманқұлова Жамбыл педагогикалық институтын «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда директордың орынбасары қызметін атқарып жүр. Білім саласындағы еңбек өтілі – 30 жыл. Қымбат Аманқұлованың қызметі ұстаздықпен ғана шектелмей, мектептің оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру, әріптестеріне қолдау көрсету, жас мамандарға бағыт-бағдар беру секілді жауапты міндеттермен сабақтасып келеді.
Жанат Аманқұлова да Жамбыл педагогикалық институтын «Қазақ тілі мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп, ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарып келеді. Ол да өз таңдауын білім беру саласымен байланыс- тырып, ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосып жүрген жан.
Бұл әулеттегі ұстаздық дәстүр тек қыз балалармен ғана шектелмейді. Әулеттің келіні Эльмира Иманқұлова да білім саласында еңбек етіп келеді. Эльмира Ахмет Ясауи атындағы университетте «Қазақ тілі» мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі таңда Өрнек ауылындағы Алғабас орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарады. Білім саласындағы еңбек өтілі – 22 жыл.
Осылайша, бір әулеттің бірнеше мүшесінің бір салада еңбек етуі олардың арасындағы кәсіби сабақтастық пен ортақ құндылықтардың берік қалыптасқанын көрсетеді.
Әулеттегі ұстаздық дәстүрдің бүгінгі жалғастырушысы – Асылжан Кенже. Асылжан Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «География-тарих» мамандығы бойынша үздік бітіріп, қызыл диплом иегері атанды. Студенттік жылдарында да белсенділігімен көзге түсіп, ТМД-ның үздік студенті атанды. Бүгінде жас маман Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназия- да география пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Ұстаздық жолдағы үш жыл аз уақыт болып көрінгенімен, осы қысқа мерзім ішінде ол кәсіби тұрғыдан өсіп, модератор санатын иеленіп үлгерді. Сонымен қатар облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жеңімпаз атанып, өз кәсіби ізденісін нәтижелі көрсетіп келеді. Асылжанның бойындағы ізденіс пен еңбекқорлық – әулеттен келе жатқан ұстаздық дәстүрдің қазіргі заман талабына сай жалғасып отырғанының көрінісі.
Бұл әулеттің тарихына қарасақ, әр буынның ұстаздық жолы бір-бірімен сабақтасып жатқанын көреміз. Бірі – физика-математика пәнінің мұғалімі, бірі – орыс тілі мен әдебиеті саласының маманы, енді бірі – қазақ тілі мен әдебиеті, география, тарих пәндерін оқытып келеді. Мамандықтары әртүрлі болғанымен, барлығының ортақ мақсаты бір – білімді ұрпақ тәрбиелеу.
Ұстаздықты әулеттік дәстүрге айналдыру – үлкен жауапкершілік. Себебі кейінгі ұрпақ өзінен бұрынғы буынның еңбегіне қарап бой түзейді. Үлкендердің кәсіби жолы жас ұрпаққа бағыт-бағдар береді. Осы тұрғыдан алғанда, Аманқұловтар әулетінің өнегесі – еңбекке адалдықтың, мамандыққа беріктіктің және ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі.
Бүгінде қоғам өзгеріп, білім беру саласына жаңа технологиялар мен жаңа әдістер еніп жатқанымен, ұстаздықтың басты құндылығы өзгермейді. Ол – балаға білім беру, оның бойындағы қабілетті ашу, жүрегіне ізгілік ұрығын себу. Кенжебай Аманқұлов бастаған ұстаздық жолдың бүгінде балалары, келіні мен немересі арқылы жалғасып келе жатқаны – әулет үшін үлкен мақтаныш.
Ұстаздан шәкірт, шәкірттен ел өседі. Ал ұстаздық өнеге ұрпақтан-ұрпаққа жалғасса, оның берген тәрбиесі мен білімі талай буынның өміріне жол көрсетеді. Аманқұловтар әулетінің тарихы – бір отбасының еңбек жолы ғана емес, ұстаздық мамандыққа деген адалдықтың, білімге деген құрметтің және ұрпақтар сабақтастығының шежіресі. Осындай әулеттер барда ұстаздықтың ұлы жолы да, білімнің шамшырағы да ешқашан сөнбейді.

Асылжан КЕНЖЕ,
Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның
география пәні мұғалімі.
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.