Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үздіктер анықталды, үміттер ақталды

0 255

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің сегіз оқытушысы «Үздік оқытушы» атағына ие болды. Естеріңізде болса, 2017 жылы 7 оқытушы, 2018 жылы 8 оқытушымыз үздік атанған болатын.

2019 жылдың үздіктеріне оралар болсақ, экономика ғылымдарының кандидаты Альмара Наурызбекова, PhD докторы Жәмила Мамырханова, техника ғылымдарының кандидаты Бауыржан Манапбаев, PhD докторы Жанғазы Молдамұратов, техника ғылымдарының кандидаты Мұхамеджан Сексенбай, PhD докторы Гүлсім Матниязова, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Рысты Керімбаева және биология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнар Зияева үздік атанып, үмітті ақтады.
Өткен жылдың аяғында «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның отырысы өтті. Конкурсқа республиканың 81 жоғары оқу орнынан 471 үміткер қатысып, 48 жоғары оқу орнынан 200 адам «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды. Конкурсқа соңғы 10 жыл бойы жеңімпаз болмаған үміткерлер қатысты.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің сайтында хабарлағандай, биылғы жылы оқытушылардың қызметі үміткерлердің жұмысын бағалаудың жаңартылған сапалық және сандық көрсеткіштері бойынша бағаланған. Олар: ағылшын тілінде оқулықтарды, монографияларды, оқу құралдарын әзірлеу, кәсіби қызметі бойынша шет тілінде жаппай ашық онлайн курстардан өту. Сондай-ақ жоспарланған барлық жұмыстардың мониторингін қарастыратын үміткерлер жұмыстарының жылдық жоспар-кестесі бағаланған.
Бұл атақ жоғары оқу орындарының оқытушыларына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және біліктілікті арттыру мақсатында әлемнің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.
Иә, бұл конкурс – үлкен еңбектің жемісі, ғылыми ізденістің нәтижесі. Бірден жеңіске жете алмай, жылдар бойы бағын сынаған оқытушылар да бар. Мәселен, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Рысты Керімбаева «Үздік оқытушы» атағын иеленуге бес жыл үміткер болып, қажырлы еңбегінің арқасында осы жылы жеңіс тұғырынан көрінді.
– Бұл байқауға бесінші рет қатысып, осындай жеңіске жеттім. Қандай байқау болмасын, дайындықсыз, ғылым мен білім беру, әлеуметтік белсенділік, қоғамдық жұмыстар жолындағы жетістіктерсіз жеңіске жету мүмкін емес. Байқаудың ережесіне сай, халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық, тіпті университетішілік жұмыстың сандық және сапалық көрсеткіштері болуы шарт. Ол көрсеткіштер, жетістіктер әр жыл сайын өзгеріп, жаңарып тұруы тағы бар. Биыл үздік оқытушы атанғаныма шексіз қуаныштымын. Бұл – әрбір оқытушының көздеген мақсаты. Әріптестерімді жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын, – деді Рысты Қалдыханқызы.
Ал PhD докторы Жанғазы Молдамұратов – бұл конкурсқа алғаш рет қатысып, бірден жеңіске жеткен оқытушымыз. «Университетішілік байқаудан жеңіске жеткенмен, республикалық деңгейге даярлығым аздығын сезініп қатыспаған едім. Осы жылы толықтай дайындалып қатыстым. Бес жылдық жетістіктер ескерілетіндіктен, тек осы жылы сақадай сай екенімді сездім. Әріптестерім қолдап, құттықтап жатыр. Ерекше қуаныштымын», – дейді университетіміздің жас ғалымы.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып, білімі мен біліктілігімен конкурс жеңімпаздары атанған үздік оқытушыларымызды жеңістерімен құттықтаймыз!

Дулати университетінің медиа-қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.