Мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыс істеуін азайту үшін қандай шаралар қабылданды?

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік қызмет мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық және әлеуметтiк қорғалуы қағидаттарына негізделеді.
Мемлекеттік қызметшілердің еңбекті, денсаулықты қорғауға, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажетті еңбек жағдайларына, сондай-ақ әлеуметтік және құқықтық қорғалуға құқығы бар.
Бұл ретте, мемлекеттік органдармен мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан тыс уақытта үстеме жұмыстарға тартуы заңмен тыйым салынған және бұл мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын бұзу болып табылады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті қызметінің негізгі бағыттарының бірі азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және оларды қалпына келтіру болып табылады.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысындағы 439 мемлекеттік органның 210, яғни 47,8% қолжетімділікті басқару және бақылау жүйелерімен (бұдан әрі – ҚББЖ) жабдықталған (олардың 155-і жергілікті атқарушы органдарда болса, 55-і сот органдары, орталық атқарушы органдардың аумақтық департаменттері мен инспекцияларында, сондай-ақ 37 мемлекеттік органда (ЖАО – 36, ОМО АБ – 1) орнатылған ҚББЖ-лер «Е-қызмет» ақпараттық жүйесімен интеграцияланған).
Департамент тарапынан мемлекеттік органдарға бару арқылы жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізудің 2026 жылға арналған жоспары аясында 26 мемлекеттік органдарда мониторинг жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 21 қызметшіге 25 сағаттан астам қосымша демалыс уақыты берілді.
Бұдан бөлек, «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы қашықтықтан мониторинг жүргізу нәтижесінде 147 қызметшіге 348 сағаттан астам демалыс уақыттары беріліп, бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Сонымен қатар, 1 лауазымды тұлға ҚР ӘҚБтК-тің 89-бабының 1-бөлігінде (жұмыс берушінің ҚР еңбек заңнамасында көзделген жұмыс уақытының және күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) қалыпты және қысқартылған заңсыз асыруы) көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін «ескерту» түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар Департаментпен тұрақты түрде жүргізілетін болады.