Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Заң мен тәртіп – құқықтық мемлекеттің негізі

0 67

Құқықтық мемлекеттің басты құндылығы – заңның үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы және қоғамдағы әділеттіліктің орнығуы. Мемлекеттің тұрақты дамуы мен қоғамдық келісімнің берік болуы, ең алдымен, заңға деген құрмет пен құқықтық тәртіптің сақталуына байланысты.

Заң мен тәртіп ұғымдары бір-бірімен тығыз байланысты. Заң – қоғамдағы қарым-қатынастарды реттейтін негізгі құрал болса, тәртіп – сол заң талаптарының күнделікті өмірде орындалуының нақты көрінісі. Заң талап етіліп қана қоймай, әрбір азамат пен мемлекеттік орган тарапынан мүлтіксіз сақталған жағдайда ғана құқықтық мемлекет қалыптасады.
Көп жыл бойы сот саласында қызмет атқарған судья ретінде бір нәрсеге анық көз жеткізуге болады: қоғамдағы көптеген дау мен құқықбұзушылықтың түпкі себебі – заң талаптарын білмеу ғана емес, кей жағдайда оны елемеу, өз құқықтарымен қатар міндеттерін де дұрыс түсінбеу. Сондықтан заң мен тәртіпті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының немесе сот жүйесінің міндеті деп қабылдау дұрыс емес. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік.
Құқықтық мемлекеттің ең басты қағидаларының бірі – заң алдында барлығының тең болуы. Қызметтік лауазымына, әлеуметтік жағдайына, материалдық мүмкіндігіне немесе қоғамдағы мәртебесіне қарамастан, әрбір адам заң талаптарын сақтауға міндетті.
Заңның беделі оны бұзған адам міндетті түрде жауапқа тартылған кезде ғана емес, заң талаптарының баршаға бірдей қолданылуымен қалыптасады. Азамат заңның әділдігіне сенген жағдайда ғана мемлекетке, сотқа және құқықтық инс- титуттарға деген сенімі артады.
Осы ретте сот билігінің қоғамдағы орны ерекше. Соттың негізгі міндеті – заңға сүйене отырып, құқық пен бостандықтарды қорғау, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру және әділ шешім қабылдау.
Судья үшін әрбір іс – жай ғана құжаттар жиынтығы емес. Оның артында адамның тағдыры, отбасының жағдайы, мүлкі, абыройы, кейде бостандығы тұр. Сондықтан сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заң нормаларын дұрыс қолданумен қатар, әділеттілік, объективтілік, бейтараптық және адам құқықтарын құрметтеу қағидаттары ерекше маңызға ие. Сот шешімі заңға негізделуімен бірге қоғамда әділдік сезімін қалыптас- тыруға ықпал етуге тиіс.
Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету тек жазалау шараларымен шектелмеуі керек. Нағыз құқықтық тәртіп адамның заңды ішкі қажеттілік ретінде қабылдауынан басталады. Жол қозғалысы ережесін сақтау, басқа адамның құқығына құрметпен қарау, сот актісін орындау, мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдеп нормаларын ұстануы, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуі – мұның барлығы заң мен тәртіп мәдениетінің көріністері.
Қоғамда «менің әрекетім басқа адамға қалай әсер етеді?» деген жауапкершілік сезімі қалыптас- қан кезде құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік артады. Сондықтан құқықтық мәдениетті қалыптастыруды балалық шақтан бастау қажет. Мектептегі құқықтық тәрбие, жоғары оқу орындарындағы құқықтық білім, мемлекеттік органдардың халықпен құқықтық түсіндіру жұмыстары – заңды құрметтейтін қоғам қалыптастырудың маңызды элементтері.
Сот жүйесінің жұмысына қойы- латын талап әрдайым жоғары. Себебі сотқа жүгінген азамат көбіне өзінің ең маңызды мәселесінің шешімін күтеді. Судьяның кәсіби тәжірибесі қаншалықты мол болғанымен, ол әрбір істі заң шеңберінде, тараптардың дәлелдері мен ұсынылған дәлелдемелерді жан-жақты зерттей отырып қарауы қажет. Судьяның жеке пікірі немесе қандай да бір сыртқы ықпал сот төрелігінің нәтижесіне әсер етпеуге тиіс. Тәжірибелі судья үшін кәсіби біліктілік тек заң нормаларын жақсы білумен өлшенбейді. Ол – заңды дұрыс түсіну, оны нақты жағдайға сауатты қолдану, процесс қатысушыларының құқықтарын сақтау, шешім қабылдауда ішкі сенім мен жауапкершілікті үйлестіре білу. Сот төрелігінің сапасы қоғамның сотқа деген сеніміне тікелей әсер етеді. Ал сотқа деген сенім – құқықтық мемлекеттің маңызды көрсеткіштерінің бірі.
Кейде заң талаптарын орындау тек жауапкершіліктен қорқумен байланыстырылады. Алайда құқықтық қоғамда адамның заңды сақтауы жазадан қорыққандықтан емес, оның заң алдындағы жауапкершілікті сезінуінен туындауы қажет. «Заң маған не береді?» деген сұрақпен қатар, «Мен заңды сақтау арқылы қоғамға қандай үлес қосамын?» деген түсінік қалыптасуы керек. Әр азамат өз құқығын білгені сияқты, өз міндетін де білуі қажет. Өйткені құқық пен міндет – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Мысалы, адамның сот арқылы өз құқығын қорғауға толық құқығы бар. Бірақ сотқа құрметпен қарау, сот процесінің тәртібін сақтау, сот актілерін орындау – оның құқықтық міндеттерінің бірі. Осы қарапайым қағидаттардың сақталуының өзі қоғамдағы құқықтық мәдениеттің деңгейін көрсетеді.
Құқықтық мемлекетті құру тек мемлекеттік органдардың қызметіне байланысты емес. Оның негізін азаматтардың құқықтық санасы мен жауапкершілігі құрайды. Айталық, мемлекеттік қызметші заң талаптарын сақтауы керек. Кәсіпкер өз қызметін заң шеңберінде жүргізуге тиіс. Ата-ана баласына заңды құрметтеуді үйретуі қажет. Ал жас ұрпақ өз құқықтарымен бірге қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінуі маңызды.
Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, қызметтік міндеттерді адал орындау, азаматтардың құқықтарын құрметтеу, мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайту – заң мен тәртіп қағидатының нақты көріністері. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер үшін бұл талаптың маңызы зор. Себебі мемлекеттік орган өкілі қабылдаған әрбір шешім азаматтың тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қызметтегі адалдық пен заңдылық – жай ғана кәсіби талап емес, қоғам алдындағы моральдық және құқықтық жауапкершілік.
Заң мен тәртіп – мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамның қауіпсіздігінің ғана емес, оның болашағының да негізі. Құқықтық мемлекетте заң баршаға ортақ болуға тиіс. Ал әділеттілік – сол заңның дұрыс әрі адал қолданылуы арқылы жүзеге асады.
Заңның күші тек оның жазылған нормаларында емес, сол нормаларға адамдардың сенімінде және оны орындауға деген ішкі жауапкершілігінде. Заңды құрметтеген қоғамда адам құқығы қорғалады. Адам құқығы қорғалған жерде әділеттілік орнығады. Әділеттілік орныққан жерде мемлекетке деген сенім нығаяды. Сондықтан «Заң мен тәртіп» – белгілі бір кезеңге арналған ұран емес, құқықтық мемлекеттің күнделікті өмірдегі басты қағидаты болуға тиіс.

Н.ҚАДІРБЕК,
қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының төрағасы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.