Өркениет көшіне ілескен мемлекет үшін, ең алдымен, қоғамның құқықтық мәдениетін, азаматтардың құқықтық сауаттылығын қалыптастырып, дамыту аса маңызды. Қазір заң тетіктерін, нормаларын жете білмегендіктен, көптеген азамат өз құқығын қорғауда, тіпті күнделікті тіршілікте дегендеріне жете алмай жүр. Одан бөлек, алаяқтарға жем болып жүргені және бар. Сондықтан құқықтық сауаттылық қазір әрбір азаматқа ауадай қажет.
Бұл – уақыт пен қоғам талап етіп отырған құндылық. Кез келген адам өзінің өміріне керекті құқығын және оның шегін барынша білгені абзал. Сол себепті, ел болып құқықтық мемлекет құрамыз деген ұранмен алға ұмтылған кезеңде әрбір отандасымыз- дың құқықтық сауатын жетілдіруге талпынуға тиіс.
Жалпы, Ата Заң талаптарының орындалуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына бірден бір кепіл болатын тұлға ретінде Мемлекет басшысы да бұл іске мүдделілік танытады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының құқықтық санасын қалыптастыруды түрлі маңыз- ды жиындарда сөйлеген сөздерінде, халыққа арнаған Жолдауларында да ұмыт қалдырған емес. Мәселен, Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды. Заң мен тәртіп үстемдік құрған мемлекеттің тұғыры қашанда мықты болады», – деп отандастарымызға құқықтық сананы қалыптастырудың аса маңызды екенін айтып өтті.
Бүгінде мамандар халықтың сауаттылық деңгейінің төмендігін жиі айтып жүр. Әрине, мұндай қорытындымен келіспеске шара жоқ. Заң үстемдігі жөніндегі рейтинг бойынша Қазақстан посткеңестік елдерден алда тұр. Десе де, жемқорлық, адам құқығын қорғау, ашық үкімет, заң үстемдігі секілді мәселелер әлі де күн тәртібінен түсер емес. Сол себепті осы саланың мамандары ел халқының құқықтық сауатының деңгейін арттырудың маңызы зор екенін алға тартады. Өйткені, құқықтық сауаттылықтың төмендігі азамат үшін де, мемлекет үшін де қауіпті.
«World Justice Project» халықаралық үкіметтік емес ұйымының зерттеуінше, Қазақстан «Заң үстемдігі» индексі бойынша 143 елдің ішінде 36-орынға тұрақтаған екен. Аталған индекс – әлем елдеріндегі құқықтық мемлекеттің қағидаттарына негізделген және құқықтық ортамен қамтамасыз етілуі жағынан жеткен жетістіктерін бағалайтын зерттеудің қорытындысы. Көрсеткіштерге көз жүгіртсек, жылдан-жылға зерттеуге қатыстырылған елдер саны артып келе жатқаны байқалады.
Бұл тізімде Дания алдына жан салмай, көш бастап келеді екен. Үздік бестіктің келесі орындарына Дания, Швеция, Нидерланды және Германия орналасқан. Байқасаңыздар, негізінен дамыған елдерде заңның үстемдігі басым, сәйкесінше азаматтардың құқығын қорғау көрсеткіші де жоғары. Сол себепті де мұндай елдерде тәртіп пен қауіпсіздік салтанат құрған.
Расында, көпшіліктің құқықтық мәдениеті қалыптаспай, қоғам дамымайтыны айтпаса да түсінікті жағдай. Зерттеулерге сүйенсек, күнделікті ғаламтордағы ақпараттар ағынын зерделесек, дамушы елдерге қарағанда көбіне дамыған елдердегі адамдардың құқығын қорғау тетіктері жақсы жұмыс істейді. Оның ар жағында сол елдердің халқының өз құқықтарын, елінің басты заңының талаптары мен міндеттерін бес саусақтай білетіні «менмұндалап» тұр. Яғни, әр азамат құқығының қорғалуы үшін өзі де оған мүдделі болуы керек.
Әлем елдеріндегі құқықтық сауаттылық деңгейі әртүрлі. Мәселен, бұл көрсеткіш Еуропа мен Америкада жоғары. Ол жақта кез келген мәселеге адам құқығы тұрғысынан келеді. Біздің посткеңестік елдерде мәселеге мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарайды. Батыс елдерінде жеке адам құқығы тұрғысынан келетін болған соң, әр адам оқуға, үйренуге мүдделі. Мәселен, АҚШ-та заңгерлер саны бізден әлдеқайда көп. Алайда олар біздегідей прокурор, сот, тергеуші болайын деп емес, «өзім үшін» деген мақсатта үйренеді. Ол жақта адамдардың өздері құқықтарын білуге мүдделі. Оған өмірін өзгертетін фактор ретінде қарайды.
Бүгінгі таңда бұзақыдан емес, азаматтарды арбауына оңай-ақ түсіре салатын алаяқтардан төнген қауіп басым болып келе жатқан мына күнде заңды құқығын білген адам – бес қаруы сай адам.