Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында ХХ жазғы Азия ойындарының шымылдығы түрілді. Екі аптадан астам уақытқа созылатын құрлық додасында 43 спорт түрінен 469 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Төрт жылда бір өтетін байрақты бәсекеге елімізден 558 спортшы қатысып, спорттың 35 түрінен ел намысын қорғайды.
Жарыстың алғашқы күнінен-ақ жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрініп, Жапония төрінде Әнұранымыз 6 мәрте шырқалды. Жапония төрінде жеңіс тұғырының биігіне көтерілген Рината Сұлтанова болды. Тасжолдағы велоспорттың әйелдер бәсекесінде сынға түскен ол мәре сызығын алдына қара салмай қиды. 2022 жылғы Ханчжоу ойындарында қола жүлде иеленген Рината бұл жолы қарсыластарынан әлдеқайда мықты екенін дәлелдеді.
Тасжолдағы велоспорттың ерлер бәсекесінің алтыны да бізге бұйырды. Алексей Луценко өзінің әлі де бабында екенін дәлелдеп, құрлық додасында тағы да топ жарды. Бұған дейін Азия ойындарында төрт алтын және бір күміс жүлде иеленген саңлақ осылайша бес дүркін чемпион атанды.
Каратэшілеріміз де жарыстың алғашқы күнін олжалы аяқтады. 55 кг салмақта сынға түскен Жоламан Биғабыл іріктеу кезеңдерінен іркілмей өтіп, финалда өзбекстандық Х.Халимовты 9:1 есебімен айқын жеңді. Сөйтіп, Қазақстан қоржынына кезекті алтын медальды салды.
Каратэнің кумите бағдарламасында Софья Берульцева да чемпион атанды. 68 кг салмақта сынға түскен отандасымыз финалда таиландтық Маниван Бутсуваннан басым түсті. Осылайша, Софья Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Ол 2022 жылы Қытайда өткен құрлық додасында да топ жарған еді.
Ел қоржынындағы бесінші алтынды аралас жекпе-жек шебері Еркінғали Бүркіталин салды. ММА шебері Азия ойындарының финалында Бахрейн өкілі Мухаммад Набиевтен басым түсіп, алтын медаль иеленді. Айта кетейік, ММА Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет биыл енгізіліп отыр.
Бүгінге дейін Қазақстан құрамасының еншісінде 12 медаль бар: алты алтын, бір күміс және бес қола. Ұлттық құрама медальдар кестесінде төртінші орында тұр. Қытай құрамасы 23 алтын медальмен көш бастап келеді. Екінші орында – 9 алтын медалі бар Жапония, үшінші орынға – бес алтын жүлдесі бар Оңтүстік Корея жайғасқан.
«JT»-ақпарат