Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жалықтырмайтын жаңа жылдық фильмдер

0 415

Жаңа жылды жылы үйде, жақындардың жанында, жанға жайлы атмосферада, теледидар алдында қарсы алатын қалың жұрт мереке кезінде отандық арналардан жаңа жылдық фильмдердің түр-түрін тамашалайды. Олардың қатарында баршаға белгілі «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен!», «Үйде жалғыз қалғанда» сынды қайталанбас туындылар бар. Киносүйер қауымның таңдауына әлемнің үздік жаңа жылдық фильмдер топтамасын ұсынамыз. Топтамадан өткен ғасырдың кино өнімдерімен қатар соңғы жылдардағы премьералармен таныса аласыз.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

«Бұл ғажайып өмір», 1946 жыл

Фильм кейіпкері Джордж Бейли – Американың Кедфорд Фоллс қаласында тұратын несие компаниясының иесі. Адал, жауапты, сүйікті жар, балаларының сүйікті әкесі өзіне-өзі қол жұмсауды ойлайды.

Құдайдың ең үлкен сыйынан бас тартқан Джордж періште көмегіне мұқтаж. Аспан Джордждың жағдайын ойлап, оған Кларенс есімді екінші санаттағы, сол сәтте ғана қолы босаған мейірімді әрі тәжірибесіз періштені жібереді. Ол өзінің арқасындағы қос қанатына да лайық емес еді. Егер ол өз жұмысын жақсы істесе және Джорджды өлімнен құтқара алса, қанатын өзіне қайта алады. Кларенс өзінің қарауындағы кісінің мәселесін шешу үшін қарапайым адамдарға көрінбейтін әлемге сапар шегуді ұйғарады.

Фильмнің режиссері әрі продюсері туындының түсіріліміне 3 180 000 доллар жұмсап, 19 119 577 доллар пайда тапқан.

«Шыршалар. Соңғы», 2018 жыл

Киноальманахқа бес жаңа жылдық оқиға кіреді: Ақшақар жалғызбасты қарияны құтқарады, тюмендік хипстер Юраға ғашығына ұсыныс білдіруді үйретеді, Борис досы Женяны Якутскіге қайтармау үшін неше түрлі қулыққа барады, пермдік спортшылар сұлу қыздың күлімдегенін көру үшін қаланы астан-кестең етеді, ал Воронежде тұратын қарапайым тұрғын актер Комаровскиймен кездесу үшін астанаға аттанады. Бұл – бүкіл франшизаның соңғы бөлімі. 8 бөлімнен тұратын альманахтың соңғы бөлімі алдыңғы бөлімдерімен салыстырғанда әсерлі әрі таң қаларлық жайттарға толы. Себебі сегіз жылдан бері өзімізбен таныс, туыс болып қалған кейіпкерлер көрермендерімен қоштасады. Жаңа жыл отбасылық мереке болғандықтан, фильм сізге барынша отбасылық махаббатты, жылылықты, қамқорлықты сезінуге көмектеседі. Жаңа жылдық демалыс кезінде фильмді отбасыңызбен тамашалап, көңіл-күйіңізді көтересіз.

«Екеудің Рождествосы», 2019 жыл

Бұл фильм – биылғы жылдың ең үздік жаңа жылдық туындыларының бірі. Фильм сюжеті бойынша Кейт есімді бойжеткен өмірге деген құштарлығын жоғалтып алады. Себебі ол бәрінен жалыққан, ішімдікке беріліп, өміріндегі сәтсіздіктерге еті үйреніп кеткен. Күн сайын Кейт эльфтің костюмін киіп, рождестволық әшекейлер мен ойыншықтар сататын дүкендегі жұмысына кіріседі. Мереке қарсаңында безендірілген көшелер мен шамдар ілінген терезелер, жаңа жылдық әндер кейіпкердің ызасын келтіреді. Ол адамдардың барлығына шаттық сыйлайтын мерекеде өзін толыққанды бақытты сезіне алмайды.

Жұмыс барысында Кейт Том есімді сүйкімді жігітпен танысады. Том оның өмірге деген құштарлығын оятады. Алайда көрермендер фильм соңында күтпеген жағдайға тап болады. Режиссер Пол Фиг түсірген драма элементтері бар комедия әлемдік прокат нарығында 111 236 935 доллар табыс тапты. «Тақтар ойыны» сериалында басты рөлді сомдаған Эмилия Кларктың кезекті рөлі көрермендерді тәнті етіп, жаңа жылдық көңіл-күй сыйлайды. Айта кететін жайт, фильмде атақты әнші Джордж Майклдың жаңа жылдық әндері саундтрек ретінде шырқалған.

«34-ші көшедегі ғажайып», 1947 жыл

Рождество қарсаңында ұйымдастырылған шеру кезінде Санта Клаусты сомдауы тиіс актер мас болып шығады. Шерудің режиссері Дорис Уолкер жолда кездескен ақсақал Крис Кринглді Сантаның рөлін ойнауға көндіреді.

Шерудегі керемет жетістігінен соң Кринглді дүкенге жұмысқа алады. Алайда дүкен менеджері мистер Шеллхаммер Крис Кринглге балаларға ескі ойыншықтарды сатты деп жала жабады. Оның орнына ол балаларды өзінің бәсекелесі мистер Гимблдың дүкеніне жібереді. Бұл үлкен қиындықтарға алып келеді. Крис барлығына нағыз Санта Клаус екенін дәлелдеуге тырысады.

Әкесіз өсіп келе жатқан Сюзан анасы мен көршісі, заңгер Фред Гэйлидің бір үйде тұруы үшін қолынан келген барлық әрекетті жасайды. Балалар бақытын бірінші орынға қоятын Крис Сюзанға мақсатына жетуге көмектесуге тырысады. Осылайша, Сюзан Кристің нағыз Санта екенін дәлелдеп беруіне көмек қолын созады. 1947 жылы жарық көрген Джордж Ситонның бұл өнімі 2 650 000 доллар табыс тапқан.

«Рождество оқиғасы», 2009 жыл

2009 жылы сценарист және режиссер Роберт Земекис түсірген «Рождество оқиғасы» атты мультфильм Чарльз Диккенстің «Рождество әні» повесінің желісімен түсірілген. «Рождество оқиғасы» мультфильмінің сюжеті басты кейіпкердің фантастикалық тарихын айтады. Бір кездері қарапайым бала, содан кейін романтикалық жасөспірім, кейін ғашық болып қалған ересек адам. Бірақ уақыт өте келе оның идеал тұтқан жақындары ақшаға беріліп кетеді. Ол үшін бағалы ештеңе қалмайды, оған қайта туылып, қайта тұлға болып қалыптасуға мүмкіндік берілген жоқ. Бірде оған Рождествоның үш бірдей рухы бірге келеді. Олар алдымен өткенге, кейін қазіргі сәтке саяхат жасайды. Үш рух бас кейіпкер Скруджиға егер дәл қазіргі өмірлік ұстанымдарын өзгертпесе, алдында қандай жағдайлар күтетінін ескертеді. Өзінің өмірге деген немқұрайлы қағидаларынан айнымаса Скруджидің ет жақындары өмірлерімен қоштасып, өзі де келеңсіз жағдайларға тап болар еді. Ол осы Рождествода келешегін өзге арнаға бұру үшін қолынан келген барлық шарттарды орындауы тиіс.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.