Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Еріктілік – жүректен басталған үлкен жол

0 29

Еріктілік – мен үшін жай ғана қоғамдық іс-шараларға қатысу емес. Ол – адамдарға көмектесу, қоғамға пайдаңды тигізу, жаңа тәжірибе жинақтау және өзіңді дамытуға мүмкіндік беретін үлкен мектеп. Ең бастысы, еріктілік адамды айналасында болып жатқан жағдайларға бейжай қарамауға үйретеді.

Менің еріктілік жолым университет қабырғасынан басталды. Студенттік кезеңнен қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, жастардың бастамаларын қолдауға және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға атсалыстым.

2023–2024 жылдары Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Студенттік ректоры қызметін атқардым. Бұл кезең мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Студент жастармен жұмыс істеп, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған түрлі бастамаларды ұйымдастыруға мүмкіндік алдым. Сонымен қатар «Шерхан волонтер» еріктілер ұйымының жұмысына араласып, жастарды игі істерге жұмылдыруға үлес қостым.

Еріктілік қызметі барысында қайырымдылық және әлеуметтік акциялар, тазалық шаралары, донорлық бастамалар мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жобаларға қатыстым. Солардың ішінде «Мен донормын», «Үлкенге құрмет», «Қызғалдақ мұрасы», «Таза ауыл» және студенттік құрылыс жасақтары бағытындағы жұмыстар менің еріктілік тәжірибемде ерекше орын алады.

Осындай жобалар маған еріктіліктің қоғам үшін ғана емес, адамның өзі үшін де үлкен мүмкіндік екенін көрсетті. Волонтерлік ортада адамдармен қарым-қатынас орнатуды, командамен жұмыс істеуді, жауапкершілік алуды және ұйымдастырушылық қабілетті дамытуды үйренесің.

Мен үшін еріктілік саласындағы ең үлкен жетістік – атақ немесе марапат емес, адамдардың сенімі. Дегенмен атқарылған еңбектің бағалануы жаңа бастамаларға жігер береді. Қоғамдық жұмыстардағы белсенділігім үшін Жамбыл облысы көлемінде «Үздік студент» номинациясына ұсынылып, түрлі Алғыс хаттар мен марапаттарға ие болдым. Сондай-ақ «Ауыл» партиясының 25 жылдығына арналған төсбелгімен марапатталдым.

Бүгінде еріктілік бағытындағы жұмысымды Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығында жалғастырып келемін. «Тараз қалалық еріктілер қозғалысы» аясында жастарды волонтерлікке тарту, олардың бастамаларын қолдау және қоғамдық маңызы бар жобаларды жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Жастар арасында еріктілік мәдениетін кеңінен насихаттауға да ерекше көңіл бөлудеміз. Колледждерде ақпараттық кездесулер өткізіліп, жастарға волонтерліктің мүмкіндіктері мен маңызы түсіндіріледі. Сонымен қатар еріктілердің тәжірибесін, ойын және өмірлік ұстанымын көпшілікке жеткізу мақсатында «VOL.TALK – волонтерлердің үнімен» атты жаңа медиа айдары іске қосылды.

Менің түсінігімде волонтер болу – бір күндік акцияға қатысып, белгілі бір тапсырманы орындаумен шектелмейді. Еріктілік – адамның өмірлік ұстанымы. Ол өзіңнен кейін жақсы із қалдыруға, айналаңдағы адамдарға көмектесуге және қоғамдағы өзгерістердің бір бөлігі болуға мүмкіндік береді.

Еріктілік жолында жүріп, үлкен өзгеріс жасау үшін міндетті түрде үлкен мүмкіндіктің қажет емес екенін түсіндім. Кейде бір игі бастама, бір көмек немесе бір адамның белсенділігі өзгелерге үлгі болып, үлкен іске ұласуы мүмкін.

Бүгінгі ерікті – ертеңгі белсенді азамат, білікті маман және қоғам көшбасшысы. Сондықтан әрбір жастың «Мен не аламын?» дегеннен бұрын, «Мен қоғамға қандай пайда әкеле аламын?» деген сұраққа жауап іздегенін қалаймын.

Өйткені үлкен өзгерістер кішкентай қадамнан басталады. Ал сол қадамның ең әдемі көрінісі – жақсылық жасау.

Еріктілік – міндет емес. Еріктілік – жүректің таңдауы.

Аққанат Болат,
«Тараз қалалық еріктілер» қозғалысының төрайымы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.