Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тараз қаласының тұрғындары дайын құжаттарды жеткізу қызметіне тапсырыс бере алады

0 20

Тараз қаласының халыққа қызмет көрсету орталықтарында дайын құжаттарды жеткізу сервисі жұмыс істейді. Бұл сервис азаматтарға ХҚКО-ға қайта бармай-ақ, жекелеген мемлекеттік қызметтердің нәтижелерін көрсетілген мекенжай бойынша алуға мүмкіндік береді.

Қызмет қаладағы барлық ХҚКО-ларда қолжетімді. Құжат дайын болғаннан кейін азаматқа 1414 нөмірінен бірегей коды көрсетілген SMS-хабарлама келеді. Осыдан кейін курьер қызмет алушымен байланысып, құжатты жеткізу үшін ыңғайлы уақыты алдын-ала келіседі. Жеткізу кезінде курьер жеке куәлік және растау коды арқылы сәйкестендіру жүргізеді. Сервистің құны – 1 036 теңге.

«Бүгінде азаматтар мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі артық уақыт жоғалтпай алуға мүмкіндік беретін сервистерді жоғары бағалайды. Дайын құжаттарды жеткізу қызметі – азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызметтерді алуды барынша ыңғайлы ететін мүмкіндіктердің бірі», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Батырхан Тоқтағұл.

Курьерлік жеткізу қызметі мемлекеттік қызметтердің 15 түрі бойынша көрсетіледі. Атап айтқанда, баланың туу туралы куәлігін, некені бұзу туралы куәлікті, туу, неке қию және некені бұзу, сондай-ақ қайтыс болу туралы қайталама куәліктер мен мұрағаттық анықтамаларды жеткізуге тапсырыс беруге болады. Бұдан бөлек, қызмет білім туралы құжаттардың телнұсқаларын беру, азаматтық хал актілері жазбаларын қалпына келтіру және ресми құжаттарға апостиль қою кезінде де қолжетімді.

Жеткізу мәртебесін «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болады. Бұл азаматтарға қосымша қоңырау шалмай-ақ, құжаттың дайын болғанын және оның жеткізілу кезеңін өз бетінше бақылауға мүмкіндік береді.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.