Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ақпарат – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір

0 81

Гүлназ СМАТИЛДАЕВА,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі
саясат бөлімінің басшысы

Ақпараттық саясат – бүгінгі қоғамның тыныс-тіршілігін айқындайтын маңызды бағыттардың бірі. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылып жатқан жұмыстар, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен қоғамдық бастамалардың барлығы дерлік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жеткізіледі. Осы ретте Тараз қаласында мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді жүзеге асыруға, жергілікті ақпараттық кеңістікті дамытуға және қала тұрғындарын сапалы әрі жедел ақпаратпен қамтамасыз етуге айрықша мән беріліп келеді.

Бүгінде Тараз қаласында ресми тіркелген 66 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Оның ішінде 31-і – мерзімді басылым, яғни 21 газет пен 10 журнал бар. Сонымен қатар шаһар аумағында 3 электрондық БАҚ – телеарна және 32 ақпарат агенттігі тіркелген.
Бұл көрсеткіштің өзі қаланың ақпараттық кеңістігінің ауқымы кең екенін аңғартады. Әр БАҚ-тың өзіндік аудиториясы, бағыты мен ақпарат тарату тәсілі қалыптасқан. Мәселен, мерзімді басылымдардың 15-і – қоғамдық-саяси, 2-еуі – жарнамалық-ақпараттық, ал 14-і өзге де түрлі бағыттағы аудиторияларға арналған. Яғни, қазіргі таңда қала тұрғындары ақпаратты әртүрлі форматта қабылдауға мүмкіндік алып отыр. Бірі газет-журналдан қажетті мәліметті іздесе, енді бірі телеарна, ақпарат агенттігі немесе заманауи цифрлық платформалар арқылы жедел ақпарат алады.
Қазіргі таңда мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру мақсатымен 15 бұқаралық ақпарат құралымен келісімшарт жасалған. Оның ішінде 6 республикалық және 9 жергілікті БАҚ бар. Бұл шаһар өміріндегі маңыз- ды мәселелерді кеңінен насихаттап, тұрғындарға атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат беруге мүмкіндік беретін жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз.
Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде Тараз қаласының оң имиджін қалыптастыруға, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуын көрсетуге, қоғам үшін маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен бас- тамаларды түсіндіруге басымдық берілуде. Атап айтқанда, «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» акциясы, жастар саясаты, дін, мәдениет, спорт, білім беру және басқа да әлеуметтік бағыттар бойынша ақпараттық материалдар тұрақты түрде жарияланады.
«Заң және тәртіп» – қоғамдық жауапкершіліктің негізі. Қазіргі кезеңде қоғам үшін заң талаптарын сақтау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру аса маңызды. Осыған байланысты «Заң және тәртіп» қағидатын тұрғындар арасында кеңінен насихаттау – ақпараттық саясаттың басым бағыттарының бірі. Заңды білу – әрбір азаматтың қоғамдық жауапкершілігі. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы заң талаптарын түсіндіру, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған материалдардың маңызы зор.
«Таза Қазақстан» – ортақ іске айналған бастама. Қаланың тазалығы да барша тұрғынға ортақ жауапкершілік екені белгілі. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған ауқымды акция аясында еліміздің барлық өңірінде тазалық, абаттандыру, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Тараз қаласында да қоғамдық орындарды абаттандыру, аулалар мен көшелерді тазалау, ағаш отырғызу, қоршаған ортаны қорғау және тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихатталуда.
Қоғамның болашағы – жастар. Сондықтан жастар саясатына қатыс- ты мәселелерді ақпараттандыру да назардан тыс қалмауға тиіс. Бүгінде Таразда білім алуға, кәсіп бастау- ға, спортпен айналысуға, шығармашылықпен шұғылдануға және қоғамдық жұмыстарға араласуға мүмкіндік беретін түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Осындай мүмкіндіктер туралы жастардың өзіне түсінікті тілде, заманауи форматта ақпарат жеткізу қажет. Бұл тұрғыда біздің мақсатымыз – жастарды тек ақпаратпен қамтамасыз ету емес, оларды қоғамдық өмірдің белсенді қатысушысына айналдыру. Сонымен қатар білім саласындағы жетістіктер, жаңа жобалар, оқушылар мен студенттердің ғылыми, шығармашылық және қоғамдық бастамалары да журналистер арқылы халыққа кеңінен жеткізіліп жатыр.
2026 жылға арналған медиажоспар да осы мақсаттарды жүйелі түрде жүзеге асыруға бағытталған. Биыл республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында 17 бағыт бойынша 200-ден аса материал жарық көрді. Мемлекеттік орган мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара байланысы неғұрлым тиімді болса, қоғамға берілетін ақпарат та соғұрлым сапалы болады. Осы ретте біздің ұстанымымыз ашықтық, қолжетімділік және жауапкершілік екенін айрықша атап өткеніміз абзал.
Ақпараттық саясат – қоғам мен билік арасындағы өзара байланысты нығайтатын маңызды құрал. Тұрғындарды уақытылы әрі нақты ақпаратпен қамтамасыз ету, қоғамдық пікірді ескеру және атқарылып жатқан жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, Тараз қаласының дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бас- тамалардың кеңінен насихатталуына өз үлесін қоса береді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.