Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Таразда 42 көше жөндеуден өтуде

0 95

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті. Жиында әуелі қала әкімдігі тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Елдос Қыдырбекұлы шаһардағы жол жөндеу жұмыстары туралы баяндады.

– Бүгінде қалада 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес жалпы ұзындығы 34,7 шақырымды құрайтын 42 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Арайстроймаркет-2003» ЖШС мердігерлігімен Рысбек батыр көшесінде және «Арайстрой-GROUP» ЖШС мердігерлігімен Қолбасшы Қойгелді көшесінде жүргізілген жөндеу жұмыстары толық аяқталды, – деген Е.Қыдырбекұлы күн тәртібіндегі келесі мәселе – жылыту маусымына дайындық барысына тоқталды.
Оның айтуынша, қалада 1 813 нысан орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтылады. Аталған нысандарды жылумен қамтамасыз ету мақсатымен жылу өндіру, тасымалдаумен айналысатын 5 кәсіпорын және көгілдір отынмен қамтамасыз ететін «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалы қызмет атқаруда. Сонымен қатар шаһар аумағында жылу желілерін қайта жаңғырту бағытында 3 ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр екен. Жобалар аясындағы құрылыс және абаттандыру жұмыстарын 1 қазанға дейін толық аяқтау жоспарланған.
Бұдан бөлек, кеңесте су құбырларын ауыстыру, Қала күні мерекесіне орай өткізілетін іс-шаралар, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысымен Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, шаһардағы көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы секілді өзекті мәселелер қаралды.
Жиынды қорытындылаған Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.