Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Аналарға арналған тағылымды кездесу

0 74

Отбасы – әр адамның өміріндегі ең қымбат мекен, мейірім мен махаббаттың, сыйластық пен татулықтың бастауы. Ал сол шаңырақтың жылуын сақтап, ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосып отырған әйел-аналардың орны қашанда ерекше. Осыған ретте Отбасы күніне орай Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында «Ұлттық құндылықтарды жаңғырту және заманауи кәсіптерді игеру» тақырыбында шеберлік сағаты өтті.

Көпбалалы және кәсіпкер әйелдер бас қосқан шарада сөз алған Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлназ Сматилдаева жиынның маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінде елімізде әйел азаматтары экономиканың сан алуан бағыттарында қызмет етіп, мемлекеттік басқару жүйесінде, ғылым мен білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және басқа да маңызды салаларда өз еңбектерімен танылып жүр. Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріміз бен еліміздің бүгінгі халықаралық беделінің қалыптасуына қазақ әйелдерінің қосқан үлесі зор. Аналарымыз бен әжелеріміз, апа-әпкелеріміз және жас ұрпақ өкілдері қоғамның дамуы жолында еселі еңбек етіп келеді. Бүгінгі шараға 50-ге жуық көпбалалы ана қатысып отыр. Шаһарда кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер әйелдер олармен өз тәжірибелерін бөлісіп, кеңестерін береді, – деді Гүлназ Есенғалиқызы.
Шара барысында «Respublica» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Айнұр Келімбетова, «FISMART», «VIECO», «ECOAPTECA» брендтерінің негізін қалаушы әрі иесі Виктория Усманова, инфопродюсер Айниль Әбуәлі, «Қаратау құрылыс-2030» ЖШС қаржы директоры Меруерт Исабекова, дизайнер-конструктор Тахмина Нұралиева, «SenimPro Taraz» психологиялық-педагогикалық түзету орталығының директоры, логопед-дефектолог Элиза Шайманбаева және «KLEO Tour» туристік компаниясының қалаушысы Лейла Алиева сынды кәсіпкерлер өз шеберлік сағатын өткізді.
Жиында қатысушылар кәсіп бастау, оны дамыту, заманауи кәсіптерді игеру, отбасы мен жұмысты қатар алып жүру жөнінде пайдалы кеңестер алды. Шара соңында қатысушылар пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарына тұщымды жауап алды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.