Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жамбылдық жампоздар ел мерейін асқақтатты

0 69

Әлемнің төрт тарабынан келген спортшылардың басын қосқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетіп, ұлттық спорттың мерейін асырған дүбірлі дода табыспен аяқталды. Қырғыз Республикасында 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өткен айтулы аламанға әлемнің 113 елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысты. Бұл жарыста Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына 32 алтын, 20 күміс, 22 қола – барлығы 74 медаль түсіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орыннан көрінді.

Аталған байрақты бәсекеде Жамбыл облысының спортшылары да лайықты өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді. Осыған орай кеше Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында халықаралық ойындарда жеңіс тұғырынан көрінген жерлес- теріміз бен олардың бапкерлерін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.
Шарада сөз алған облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов спортшыларды жеңіс- терімен құттықтап, олардың жетістігі ел спортына қосылған үлкен үлес екенін ерекше атап өтті.
– Жеңіс – спортшының маңдай тері мен табандылығының, бапкердің еңбегі мен ел қолдауының жемісі. Бүгін біз соның жарқын үлгісін көріп отырмыз. VI Дүние- жүзілік көшпенділер ойындарында Жамбыл облысының спортшылары ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Жамбылдық спортшылардың халықаралық додаларда өздерінің мықтылығын тұрақты түрде дәлелдеп келе жатқаны біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл ретте мемлекет тарапынан спорт саласына көрсетіліп отырған қолдаудың маңызы зор. Бүгінгі жеңістеріңіз – кейінгі буынға үлкен үлгі, – деді Ернар Таласбекұлы.
Айта кетейік, ел құрамасы сапында Жамбыл облысының 22 спортшысы бақ сынап, 8 алтын, 11 күміс, 7 қола – барлығы 26 медаль еншіледі. Атап айт- қанда, жамбы атудан «қырғыз» стилінде бірінші, «мажар» стилінде үшінші орын алған Абзал Тұлыбеков мерейімізді өсірсе, құсбегілікте қаршыға салудан жеңімпаз атанған Серікболсын Жалғасұлы да ұлттық өнеріміздің әлемдік деңгейдегі беделін биіктетті. Ал құсбегіліктің ителгі түрінен екінші орын иеленген Бақдәулет Бабажан жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Сонымен бірге қол күресінен қыздар арасындағы 65 келі салмақта Малена Сыдықжан оң және сол қол бағдарламаларының екеуінде де қарсыластарынан басым түсіп, қос алтынды қанжығасына байласа, ерлер арасында 70 келі салмақта оң қолдан екінші, сол қолдан үшінші орын алған Бақыт Ақжігітов те ел қоржынына жүлде салды. Сондай-ақ қазақ күресінен 60 келі салмақта белдескен Ернұр Сүлеймен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, Жамбыл жұртшылығына тағы бір қуаныш сыйлады.
Ұлттық ойындардың командалық түрлерінде де жамбылдықтардың үлесі салмақты болды. Ордо бәсекесінде ұлттық құрама сапында үшінші орын иеленген Нұрсұлтан Қалманбетов, Райымбек Кенжебайұлы және Ерсұлтан Тоқтасынұлы ел намысын лайықты қорғады. Ал көкпардан ұлттық құрама сапында екінші орын алған Құрманбек Тұрғанбек, Елдос Асыл, Ернат Мәлімбай, Ерғалым Жақсылық, Қуаныш Бейсен және Ерсұлтан Әзімбаев дүбірлі додада намысты қолдан бермеді. Көкбөріден екінші орын иеленген Есжан Құрманбай мен Құлажан Тоғайбаев та жамбылдықтардың жеңіс шежіресіне өз есімдерін жазды.
Сонымен қатар ұшқыр бәйгенің 2 400 метр қашықтығында бірінші, 3 200 метрде екінші орын алған шабандоз Рамазан Табылдиев пен «Зерек» сәйгүлігінің иесі Нұрбек Парахат топ жарды. Осы сайыстың 2 400 және 3 200 метр қашықтықтарында үшінші орын алған Диас Жеңіс те жүлдегерлер қатарынан табылды. Ал 300 шақырымдық «Жорық» ат жарысында Расул Газаевтың «Кавказ» атты сәйгүлігі мәре сызығын бірінші болып кесіп, бас жүлде еншіледі. Сондай-ақ демонстрация- лық жарыс ретінде өткен номад грэпплингтен де әйелдер арасында 57 келі салмақта Аяна Иса жеңімпаз атанса, ерлер арасында 77 келіде Әскербек Иса үшінші орыннан көрінді.
Осылайша VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы- командалық есепте көш бастады. Байрақты бәсекеде барын салып, ел намысын абыроймен қорғаған жамбылдық спортшылар алдағы жарыс- тарда да биік белестерді бағындырып, Жамбыл спортының даңқын асқақтата беретініне сенім мол.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.