Меркі ауданында балалар мен жасөспірімдерді спортқа жүйелі түрде баулу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және жоғары нәтижелі спортшыларды тәрбиелеу бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Бұл бағытта №20 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің атқарып отырған жұмысы ерекше.
2024 жылдан бері спорт мектебін Бегалиев Қайсар Дәуленұлы басқарып келеді. Осы уақыт аралығында оқу-жаттығу процесін жетілдірумен қатар, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға және спортшылардың жарыстардағы нәтижесін жақсартуға басымдық берілген.
Мектеп ғимараты 2021 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілген. Бүгінде ол аудан балалары үшін спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік беретін маңызды нысандардың біріне айналды.
Қазіргі таңда спорт мектебінде 9 спорт түрі бойынша 48 оқу-жаттығу тобы жұмыс істейді. 25 жаттықтырушы 740 спортшының спорттық шеберлігін шыңдап келеді. Оның ішінде жеті спорт түрі олимпиадалық бағытқа жатса, екеуі ұлттық спорт түрлерін қамтиды.
Мектеп ұжымының кәсіби әлеуеті де жоғары. 2025–2026 оқу жылында мұнда 50 штаттық бірлік бойынша 50 қызметкер еңбек етеді. Олардың 25-і – жаттықтырушы, 14-і – кіші қызметкер, 11-і – әкімшілік қызметкер.
Жаттықтырушылар арасында 2 жоғары санатты және 6 екінші санатты маман бар. Сонымен бірге мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында біліктілікті көтеру курстарына қатысуына жағдай жасалуда. Ағымдағы жылы мектеп жаттықтырушылары Астана қаласында арнайы курстардан өтуде. Бұл олардың заманауи жаттықтыру әдістерін меңгеруіне және кәсіби білімін жетілдіруіне мүмкіндік береді.
Спортшылардың жетістіктері де атқарылған жұмыстың нақты нәтижесін көрсетеді. 2025–2026 жылдары 641 спортшы түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, олардың 213-і жүлделі орындарға ие болды.
Ал 2024–2026 жылдар аралығында мектеп тәрбиеленушілері Қазақстан Республикасы чемпионаттарында 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Жамбыл облысы чемпионаттарында спортшылар 29 алтын, 20 күміс және 57 қола медаль иеленді.
Мектептің тағы бір маңызды бағыты – бұқаралық спортты дамыту. Ағымдағы жылы 22 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 2 947-ден астам адам қамтылды. Оның 11-і аудандық, 7-еуі облыстық, 4-еуі республикалық деңгейде өткізілді.
Жас спортшылардың арасында спорттық разряды бар тәрбиеленушілердің саны да артып келеді. Бүгінде 113 спортшының жасөспірімдік спорттық разряды бар, ал 44 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атанған.
Бұл көрсеткіштер – спорт мектебіндегі жүйелі дайындықтың, жаттықтырушылар еңбегінің және ата-аналардың қолдауының ортақ нәтижесі.
Алдағы кезеңде мектеп ұжымы спортшылардың кәсіби даярлығын одан әрі жетілдіріп, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруды жалғастырмақ. Жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшылардың республикалық және халықаралық додаларға қатысу мүмкіндігін кеңейту де басты міндеттердің қатарында.
№20 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі үшін түпкі мақсат – бүгінгі жас спортшыларды ертеңгі ел намысын қорғайтын чемпиондарға айналдыру. Соның ішінде Олимпиада ойындарының жүлдегерлерін тәрбиелеу – мектеп ұжымы алдына қойып отырған үлкен мақсаттардың бірі.
Меркідегі спорт мектебінің бүгінгі нәтижелері бұл мақсаттың нақты негізі қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Ең бастысы – балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, әрбір жас спортшыға өз қабілетін танытуға мүмкіндік беру.