Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баспана – бақыт шамы

0 275

Жамбыл облысының 80 жылдық торқалы тойы қарсаңында «Қарасу» мөлтек ауданында көпбалалы және халықтың әлеуметтік осал топтарына су жаңа 5 қабатты жатақхананың кілті тапсырылды. Пайдалануға берілген бұл әлеуметтік нысанда тұрғындар пәтер кезегі жеткенше тұратын болады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Биылғы жылдың ақпан айынан бастап елімізде көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайы күн тәртібіндегі өткір мәселелердің біріне айналған еді. Осы тұста өңірде қиын жағдайда өмір сүретін отбасылармен әкімдік тарапынан кездесулер өткізіліп, пәтер кезегі жеткенше уақытша тұруға жайлы жатақханалар салуға уәде берілген болатын. Берілген уәде дер кезінде орындалып, құрылысы аяқталуға жақын 12 үйдің 9-ы жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек. Ал бұл жолы 45 пәтерлі үйдің кілтін облыс әкімі Асқар Мырзахметов тұрғындарға өз қолымен табыстады.

– Өздеріңіз білетіндей, биыл облысымыздың құрылғанына 80 жыл толып отыр. 80 жылдық аясында өңірде 80 әлеуметтік нысанды халық игілігіне беру жоспарланып отыр. Бүгін өздеріңізге кілті тапсырылатын жатақханалар осы нысандар қатарында. Жыл басында көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін облыстық бюджеттен қаржы бөліп, тұрғын үй құрылысын бастаған болатынбыз. Әлбетте, ең басты мәселе – халықты баспанамен қамтамасыз ету. Бұл ретте қысқа мерзімде пәтер құрылысын сапалы жүргізген мердігер компанияларға алғыс айтамын. Бүгінгі үй иелерін Жаңа жыл мерекесінің алдында, өңірдің 80 жылдық торқалы тойы қарсаңында қуаныштарымен құттықтаймыз. Уақытша болғанымен, жаңа үйлердің кәдімгі пәтерлерден айырмашылығы жоқ. Барлық инфрақұрылым мәселелері шешілген. Әрбір отбасында тек қана жақсылық болсын, – деді аймақ басшысы.

Қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиевтің айтуынша, аталмыш нысандағы ең үлкен пәтердің жалпы ауданы 51 шаршы метрді құрайды. Барлық үйлердің ішкі құрылысы екі бөлмеден тұрады. Тұрғындар ай сайын әр шаршы метрге 60-70 теңгеден төлейді.

Қуанышқа кенеліп, уақытша үйлі болғандардың қатарында 12 баланы өмірге әкелген батыр ана Гүлфия Даутова да бар. Ол өз сөзінде бұқараның тілегін қабыл алып, тұрмысын түзеуге атсалысқан билік тарапына алғысын жеткізді.

– Баспана жайы қазіргі таңда отандастарымыз үшін ең өзекті мәселе екені белгілі. Жергілікті билік әлеуметтік жағдайымыздың оңалуына осылайша атсалысып жатыр. Мереке қарсаңында осындай қуанышқа бөленіп жатқанымыз балаларымыздың несібесі деп ойлаймын. Пәтер кезегі келгенде бүгінгі қуанышымыз екі еселенеді деп сенемін. Жатақхананың іші жайлы, жылы. Ай сайынғы төлемақысы да арзан, – деді батыр ана.

Айта кететін жайт, бүгінгі таңда өңірде пәтер кезегінде 18565 адам болса, оның 1748-і көпбалалы отбасылар. Ал 8593-і әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар. Тұрғындардың баспана мәселесін оңтайландыру үшін өңірде 30 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. 20-дан астамы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Демек, 2500-ден астам отбасы баспаналы болады деген сөз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.