Тағылымды тарихы мен өрелі мәдениеті ерте кезеңдерден-ақ талайлардың таңдайын қақтырып, тамсандырған Тараз өлкесінің тарихы әрқайсымызды бейжай қалдырмасы белгілі. Қойнауы құт, жері дархан бұл өлкенің өзіндік ерекшелігі мен тарихы туралы талай ғалымдар тер төгіп, жыршылар мен ақындар өз шығармаларына арқау еткен.
Талай оқиғалар мен кезеңдерді бастан кешірген ел мен жер тағдырында, ұлттық мұраларымыз бен төл жәдігерлеріміздің өзіндік ерекшелігіне қатысты ұрпақтан-ұрпаққа тараған аса құнды деректер еліміздің қай қиырын алсақ та теңдесі жоқ асыл қазына болып қатталып жатыр.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Тарих туралы сөз бола қалса, көне Таразды айтпай кету мүмкін емес. …Бұл мекеннің әрбір тасының астында тұнып тұрған тарихы бар. Тараз – рухани байлығымыздың алтын діңгегі», – деп өз бағасын берген болатын. Еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін Тараз қаласының 2000 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы мемлекет көлемінде атап өтілді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деген сөзін негізге алар болсақ, Тараз қаласының тарихы да Отанымыздың тарихының ажырамас бөлшегі деуімізге толықтай негіз бар.
Қазіргі кезде де Тараз өңірінің мәдениеті мен тарихын әлемге танытуға әлеуетіміз мол. Биылғы жылы жаңарған Жамбыл өлкесінің 80 жылдық мерейтойы республика көлемінде атап өткелі отыр. Осы орайда, қалың жұртшылықтың облыс әкімі Мырзахметов Асқар Исабекұлына алғысы шексіз. Соңғы жылдары Тараз қаласының ажары күн санап гүлдену үстінде.
Жамбыл облысының 80 жылдығына орай Тараз қаласында халық игілігі үшін көптеген тарихи-мәдени орталықтар мен кешендер бой көтерді. Бұлардың барлығы да болашақта өңір жұртшылығы үшін талмай қызмет атқара беретіні даусыз.
Облыс жұртшылығының рухани жан дүниесін байытып, тағылымды тарихымызды тереңнен танып білуге, өнеріміз бен мәдениетімізді, әдебиетіміз бен салт-дәстүрімізді жаңғыртуға үлес қосатын мерейлі мерекеге орай қазіргі таңда «Тараз мұралары» атты көптомдық кітаптар сериясы көпшілік қауымға жол тартып отыр. Үлкен еңбектің нәтижесінде жазылған «Тараз мұралары» көптомдығы дерекнамалық және тарихнамалық тұрғыдан аса бай әрі құнды мәліметтерге сүйеніп құрастырылған. Өйткені көптомдықты құрастырып, оқырман назарына ұсынуға көптеген жазушы, журналистерімізден бастап өлкетанушы ғалымдарымызға дейін өз үлестерін қосты.
Кітаптың алғашқы бөлімдерінде тарихи жүйелілік принципін сақтай отырып, ежелгі Жамбыл өңірінің тарихынан бастау алып, алғашқы тайпалық одақтар мен бірлестіктер, мемлекеттердің құрылуы, өлкеміздегі Қарахан мемлекеті, Ұлы Жібек жолы мен Қазақ хандығының құрылуына байланысты деректер өзара үйлесім тапқан.
Қазақтың бүкіл тарихы бірігу тарихы болғаны анық. Ата-бабаларымыз еркіндікке, бостандыққа, азаттыққа жету үшін ең алдымен халқымыздың бірігуі өте маңызды әрі шешуші екенін жақсы түсінді.
1916 жылғы өлкедегі ахуал Меркі, Шу өңірінде қалың халықты қамтыған Ақкөз батыр көтерілісі мен қазақтың біртуар азаматы Тұрар Рысқұловтың рөлі де назардан тыс қалмаған. Әрбір көтерілістің соңы қайғы-қасіретке толы болғанымен, ұлтты ұйыстыруда шешуші рөл атқарғаны сөзсіз. Сондықтан да азаттық үшін күрес қасиетті де қадірлі.
Кітапта сондай-ақ Жамбыл өңіріне жер аударылған этностардың қоныстану тарихы, конфискациялау тарихы мен қуғын-сүргін, ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарындағы өлкеміз туралы деректер архив құжаттарының негізінде жазылған.
Жалпы «Тараз мұралары» атты көптомдықты жарыққа шығару мәселесін облыс әкімінің өзі бас болып жолға қойғаннан кейін-ақ жазушы, журналист М.Рысдәулеттің жетекшілігімен кітаптың «Тарихи-ғылыми зерделеу» бағытында п.ғ.к., доцент, үздік өлкетанушы Дархан Байдалиев, археолог, тарихшы Сауран Қалиев, Асылжан Шайділдаев сынды зерттеушілер тікелей атсалысса, халық шығармашылығына байланысты жинақтарды оқырман назарына ұсынуда ф.ғ.д., профессор Сәмен Құлбарақ, Темірбай Мұқашев, Бақытжан Мақашев сынды ғалымдарымыз ерекше қызмет атқарды.
Кітапта тек тарихи-мәдени тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ Тараз өңіріндегі ақын-жазушылардың еңбектері мен жаңа деректері туралы мәліметтер көптеп кездеседі.
Қазіргі кезде облысымыздағы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Руханият және тарихтану орталығы» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі Жамбыл облысы әкімінің 09.09.2019 жылғы №187 қаулысы негізінде құрылды.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс жұртшылығының руханиятын көтерер мекеме тарихымызды тереңнен танып білуге, өнеріміз бен мәдениетімізді, әдебиетіміз бен салт-дәстүрімізді жаңғыртар рухымыздың өзегі болады. Руханият және тарихтану орталығы Тараз қаласының орталығындағы этно-тарихи кешенінде жаңадан салынған ғимаратқа орналасты.
Орталық ғимараты екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатында үлкен және кіші мәжіліс залдары бар. Мұнда зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары, қоғам белсенділері, облыс тұрғындары мен қонақтары рухани-тарихи тақырып аясында өткізілетін облыстық, республикалық дәрежедегі ғылыми конференцияларда бас қосатын болады.
Кіші мәжіліс залында мәдениетіміз бен руханиятымыздың дамуына ерен еңбек сіңірген зиялы қауым өкілдерімен, тұлғалармен келелі ой қозғар жиындар өткізуге арналған.
Орталықтың екінші қабатының кіреберісінде Шерхан Мұртазаның қоладан жасалған мүсіні мен оның әдебиеті мен журналистикасына арналған қос қанат бейнесіндегі қолжазбалары мен суреттерінен тұратын көрме орналасады.
Сонымен қатар осы қабатта «Шерхантану» бөліміне біріктірілген дәстүрлі музыка, салт-дәстүр, халық ауыз әдебиеті және әдеби шығармалар, шерхантану шығармашылық зерттеу бөлмелері және «Тарихтану» бөліміне біріктірілген өлкетану, деректер арқылы жазбалау және археология-этнология ғылыми-зерттеу бөлмелері бар.
Мекеменің негізгі қызметін жүзеге асыратын әрі ұлттық рухты көтерер мәдени мұраны, әдебиетті, тарихты, этнографияны, аңыз-әңгімелерді, жыр-дастандарды және ақын-жыраулардың еңбектерін жүйелі түрде зерделеп, зерттей отырып ақын, жазушы, айтыскер, сазгер, тарихшы және өлкетанушылардың еңбектерінен алтын қор қалыптастыруды қолға алады.
Келешекте мекемеде өткізілетін іс-шаралардың барлығы дерлік облыстық, республикалық сипатта және мекемеде облыс тарихына қатысты тарихи айғақтарды жинақтайтын ғылыми-зерттеу орталығы болатындықтан, мұнда қалыптастырылатын құжаттар да тарихи маңызға ие болады.
Сауран Қалиев,
«Руханият және тарихтану орталығы» КММ директоры