Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өңірмен бірге өркен жайған

0 47

Ақын атын алған еліміздегі жалғыз өңірдің ел картасынан ойып орын алғанына 80 жыл толып отыр. Топырағына құт қонған, қатпар-қатпар қойнауына бірнеше мыңжылдықтардың құпиясын бүккен киелі мекеннің торқалы тойын дүйім ел өз салтанатымен атап өтуде. Қала орталығының келбеті де күн сайын жаңарып һәм жасарып келеді. Осы ретте күншығысында Тектұрмастай әулиені, батысында Айша ананы, орталығында Қарахан бабаны бауырына алып жатқан текті мекенде осы өңірдің бүгінгі жетістіктері үшін аянбаған ұлт азаматтарымен пікірлесіп, дүбірлі той қарсаңында ақ тілектерін тыңдаған едік.

Күләш АХМЕТОВА, ақын:

– Адамдарды таңдантып, мәңгі ойлантып,
Ұшқан құстай заулайды, самғайды уақыт,
Мынау шексіз ғаламда
Өз далаң мен
Өз Отаның болғаны қандай бақыт!

Жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орын алатын ұланғайыр даланың ғаламатқа толы бір аймағы – Жамбыл, Тараз жері.
Тарихы бай, табиғаты таңғажайып туған жердің әр сүйемі біз үшін алтыннан қымбат. Көре білсек, көркемсурет, тыңдай білсек, күй-шежіре.
Жамбыл облысының тарихи, мәдени ескерткіштері өз алдына бір әңгіме. Айша бибі, Қарахан кесенелері, Ақыртас кешені, тағы басқа мәдени мұралар әлемдік тарихи жауһарлардың қатарынан табыла алады. Өркенді өлкеміздегі жаратылыстың кереметтері – алуан гүлдерінің, шүйгін шөптерінің, сан түрлі ағаштарының, жан-жануарларының, құстарының аттарын атап, түстерін түстеп шығудың өзі оңай соқпайды.
Көне Тараз бүгінгі күні жаңа өрлеу дәуірін бастан кешіріп отыр десе болады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің ерен ынта-жігерінің арқасында кейінгі уақытта ашылған саябақтар мен ескерткіштер, субұрқақтар шаһар бейнесін бұрынғыдан да жарқырата түскен. Мұндай игілікті істер ауыл-аудандарда да жалғасын тауып жатқаны қуантады.
«Шахристан» этно-мәдени кешенінің, «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің ашылуын тамашалау сәті де жақын. Облыс тойы рухымызды асқақтата түсетін үлкен мереке деп білемін.

Қайрат Шотбақов,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы:

– Мен Жамбыл облысына 31 жасымда келдім. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Қарағандыда жұмыс істеп жүрген кезімде Жамбылға жас мамандарды шақыртты. Ойлана келе келісіп, осындағы газ толтыру станциясында Жамбылдағы қызмет жолымды бастадым. Үлкен мектептен өттім. Әуелде станцияда бас механик болдым, кейінірек басшының орынбасары қызметтерін атқардым. Өңірдегі газ саласында ұзақ жылдар еңбек еттім. Бұл ел мені тәрбиеледі. Өмірлік сабақ берді. Осы өлкенің азаматтары менің тұлға болып қалыптасуыма септігін тигізді. Күні кеше ғана талай жыл қызмет еткен Жамбыл жерінің Құрметті азаматы атандым. Еңбектің еленгеніне дән ризамын. Бұл елге де мен мәңгілік қарыздармын. Газ саласында қажырлы еңбек еткен жылдарымнан бөлек, Жамбыл облыстық бокс федерациясының президенті болдым. Мен басшылық еткен тұста бірнеше жамбылдық тарландар әлемдік додаларда еліміздің байрағын желбіретті. Олардың қатарында Олимпиаданың екі дүркін күміс медаль иегері Болат Жұмаділов, Азия және Олимпиада ойындарының жүлдегері Болат Ниязымбетов, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы, «Баркер» кубогының иегері Бақтияр Артаев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Олимпиадада алтыннан алқа таққан Ермахан Ибрагимов бар. Жамбыл жері қазақ даласына осындай талантты тарландарды берді. Мен солтүстіктің тумасымын. Алайда өзімнің ыстық мекенімді осы өңірден таптым. Жамбылдықтардың барлығы өздерінің туған жерлерінің ертеңі үшін аз еңбек етіп жатқан жоқ. Бүгінгі жағдайымызда біз еліміздің өзге өңірлерімен газдандыру саласы бойынша иық тірестіріп тұра алар жағдайға жеттік. Жамбылдың 80 жылдық мерейтойын осы өңірдің Құрметті азаматы ретінде атап өту – мен үшін зор мәртебе, үлкен мақтаныш. Келер ұрпақ еліміздің тарихи темірқазығына айналған өңірдің көркеюі үшін барын салып, бар білімін жұмсайды деген сенімім мол.

Күләш Әбдікешова, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Мен Жамбыл облысының Сарысу ауданында дүниеге келгенмін. Осы өңірдің қоғамдық өміріне етене араласып, қызмет етіп келе жатқан 40 жылымның 15 жылын халықтар достығын нығайтуға, 25 жылын партия қызметіне арнадым. Өңірмен бірге өсіп-өніп, осы өңірге балаларыммен өркен жайдым. Саналы ғұмырымның тағы бір бөлігін ардагерлер мен қарттарға қызмет етуге арнап жүрмін. Жасым ұлғая бастаған шақта бойыма осындай қуат берген, ең алдымен, жерлестерімнің қолдауы болса, екіншіден, өзімнің жастайымнан бергі қоғамдағы белсенділігім болар. Қалай десек те, қазіргі таңда облыстағы патриоттық тәрбиенің талбесігіне айналған, жастарға өнеге беретін құтты жерде қызмет ету – менің бағым болса керек. Міне, бүгінде ізінен еріп келе жатқан ұрпақтың тағдырына бейжай қарамайтын қазыналы қарттарымызбен бірге Жамбыл облысының 80 жылдық торқалы тойын атап өтпекпіз. Түрлі жылдары осы аймақтың дамуына, ел егемендік алған тұста өңірдегі түрлі этнос өкілдері арасындағы бірлік пен татулықты нығайтуға атсалысқаныма өзімді шексіз бақытты санаймын. Себебі әрбір адам баласының өмірге келгендегі белгілі бір мақсаты болады. Біздің мақсат осы – елге қызмет ету еді. Саналы ғұмырымда осы үлкен мақсатты дұрыс орындап келемін деп ойлаймын. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде өңіріміздің адам танымастай өзгеріп, өткеніміздің жаңғырып, өшкеніміздің жаңарып, арғы-бергі тарихымыздың түгелденіп жатқанына өңір халқы куә. Ардагерлерге облыс орталығынан ақ сарайдай ғимарат салынып, апта сайын жиналып, емен-жарқын әңгіме құрып, түрлі патриоттық шараларды өткізуге мүмкіндігіміз ұлғайды. Бүгінгі таңда қоғамдық жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Ардагерлер үйі орналасқан саябақтың іші де құлпырып, қала халқы үшін еліміздегі ең ұзын субұрқақ салынды. Қазыналы қариялар жиі ат басын бұратын қоғамдық орынға жастар жиі келетін болды. Осылайша, аға буын мен жастар арасында байланыс орнай бастады. Ұлттық негіздегі тәлім-тәрбиенің іргесі осылай қаланбай ма?! Бұл біздің өңір руханияты жеткен алғашқы әрі соңғы жетістіктер емес. Келешекте де өңірдің 90-100 жылдық тойларында биік белестерді бағындыратынымызға сенемін. Оған әлбетте келешек ұрпақ әбден лайық. Жамбылдай дана ақынның атын алған өңірдің бұлайша құлпырмауы мүмкін емес деп ойлаймын. Себебі бізде тарих десе тарих бар, дін десе асыл дініміз исламды да қазақ жері әуелі осы өлкеден бастап қабылдаған. Өркениеттің алтын бесігі деп атауға әбден лайық өңірде бүгінде өзге де жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Дәл осы қарқынмен дамуды жалғастырсақ, Орта Азияның маржанына баланар жауһар шаһарға айналатынымыз анық. Лайым солай болғай!

Айдархан Қалиев, халықаралық дәрежедегі дизайнер,
«Асыл Дизайн» сән үйінің директоры:

– Әр салада моральдық міндет деген ұғым бар. Мен халықаралық мәртебеге ие дизайнер ретінде әрқашан туған жерім үшін үлкен жауапкершілікті сезінемін. Себебі 35 жыл бұрын Таразға алғаш келген кезден бастап осы өңірде тұлға ретінде, маман ретінде қалыптастым. Қайда жүрсем де өзімнің тараздық екенімді мақтан тұтамын. Сән әлеміндегі барлық мамандар Тараз туралы жақсы біледі және оны Азияның сән орталығы деп есептейді. Осы өңірдің тумасы болғандықтан, «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән жобасының Жамбыл облысында тұрақты түрде өтуіне жыл сайын күш салып келемін. Бұл мақсатымның орындалып жатқанын жамбылдық жұртшылық көріп жүр. Сондай-ақ «Тараз перілері» атты жұмбақ мәнге ие коллекциялар әр маусымда әлемдік подиумдарда көрсетіледі. Менің туған өлкемнің керемет энергетикасын, тереңге тамыр жайған өткенінің ғажап демін «ASPARA FASHION WEEK»-ке келген шетелдік қонақтар да сезінеді. Өткен жылғы «ASPARA FASHION WEEK» шарасында америкалық телеарна менің тапсырысым бойынша Тараз туралы фильм түсірді. Қазіргі таңда бұл фильм әлемнің барлық тұрғындарына қолжетімді. Осы жылдың қаңтарында аталмыш фильм Голливудта «Қайда саяхаттаймыз?» номинациясында алтын медаль иеленді. Соңғы жылдары туған жерім адам танымастай өзгеруде. «Шахристан» сынды жаңа нысандар салынып, ел игіліне берілмек. Бұл нысандар өңірде туризмді, қолөнерді, жеңіл өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндік береді. Осындай керемет өзгерістерден кейін түрлі сән көрсетілімдерімде туындыларымды ел назарына ұсынарда өзімді «Айдархан, «ASPARA» бренді, Тараз, Қазақстан» деп хабарлайтыныма дән ризамын. Туған еліме шексіз даму, өсу мен өркендеу тілеймін.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.