2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасында елді мекендерді абаттандырудың жаңа Үлгілік қағидалары күшіне енді. Жаңа құжаттың негізгі мақсаты – қалалардың тазалығын қамтамасыз ету, қауіпсіздігін арттыру, сәулеттік келбетін сақтау және барлық тараптардың жауапкершілігін нақтылау.
Қазіргі таңда абаттандыру тек көшелерді тазалау немесе көгалдандыру ғана емес, тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастырудың маңызды тетігіне айналып отыр. Осыған байланысты жаңа қағидаларда мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлердің, тұрғындардың және мердігер ұйымдардың міндеттері нақты белгіленген.
Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қала аумағындағы абаттандыру жұмыстарын жаңа талаптарға сәйкес ұйымдастыруды жалғастыруда. Бөлімнің негізгі міндеттерінің бірі – көшелерді, автомобиль жолдарын, тротуарларды, саябақтар мен скверлерді, қоғамдық кеңістіктерді және басқа да инфрақұрылым нысандарын талапқа сай күтіп-ұстауды қамтамасыз ету.
Сонымен қатар қаладағы санитариялық тазалықты сақтау, жасыл желектерді күтіп-баптау, аялдама павильондарының жай-күйін бақылау, көше жарығын күтіп-ұстау, абаттандыру нысандарын уақтылы жөндеу және қоғамдық орындардың тартымды келбетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Жаңа Үлгілік қағидаларда кәсіпкерлік субъектілеріне де нақты талаптар қойылған. Атап айтқанда кәсіпкерлер өздеріне тиесілі және оған іргелес аумақтардың тазалығын сақтауға, ғимараттардың қасбеттерін күтіп ұстауға, рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бер- меуге міндетті.
Қағидалар тұрғындардың да жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Қоғамдық орындарды таза ұстау, қоқысты арнайы белгіленген орындарға тастау, жасыл желектер мен ортақ пайдаланылатын мүлікті бүлдірмеу – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Қаланың тазалығы мен көркі коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, тұрғындардың азаматтық мәдениетіне де тікелей байланысты.
Тараз қаласында алдағы уақытта абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасын табады. Қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту, көшелерді жарықтандыру, жол инфрақұрылымын жақсарту, жасыл аймақтарды көбейту және санитариялық тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылады.
Жаңа Үлгілік қағидалардың енгізілуі – қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға, экологиялық жағдайын нығайтуға және тұрғындар үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптас- тыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастаманың нәтижелі болуы мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлердің және тұрғындардың өзара жауапкершілігі мен бірлескен еңбегіне байланысты. Ортақ іске жұмылған жағдайда ғана Тараз қаласының тазалығы мен көркі артып, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасады.
Ғабит АЛТАЕВ,
Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль
жолдары бөлімінің басшысы