Тараз қаласы әкімдігінде қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ жазасын өтеген азаматтарға әлеуметтік және өзге де көмек көрсету жөніндегі қалалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиынды қала әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова жүргізді.
Басқосуда ағымдағы жылдың II тоқсанында Тараз қаласы бойынша №1, №2 және №3 пробация қызметтерінің есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері қаралды.
Комиссия мүшелері пробация есебіндегі азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік бейімдеу және қоғамға қайта кірігуіне жағдай жасау бойынша атқарылған жұмыс- тар туралы ақпараттарды тыңдады. Сонымен қатар азаматтарды белгіленген квота шеңберінде жұмыспен қамту, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларға тарту, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған шаралар жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың қоғамға бейімделуіне қажетті жағдай жасау, олардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету және қайта құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту мәселелеріне басымдық берілді.
Жиын қорытындысы бойынша азаматтарды әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту және қоғамға бейімдеу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру бойынша тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
Еркін САЙЫН