Спорт – ұлт денсаулығын нығайтып қана қоймай, қоғамның белсенділігін арттыратын, жас ұрпақты жігерлілік пен салауа- тты өмір салтына тәрбиелейтін маңызды құндылық. Осы орайда елімізде тамыз айының үшінші жексенбісінде Спорт күні аталып өтетіні белгілі. Бұл мереке кәсіби спортшылардың жетістігін дәріптеумен қатар, күнделікті өмірде спортпен шұғылданатын барша азаматтың белсенді өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді. Ендеше айтулы мереке қарсаңында Тараз қаласында осы салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталғанды жөн көрдік.
Қазіргі таңда көне шаһарда 595 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 459-ы мемлекеттік, 136-сы жеке меншік нысандар болса, 258-і нысан білім беру мекемелерінде орналасқан. Қалада тұрғындардың күнделікті өмірінде жиі пайдаланылатын шағын футбол алаңшаларын көбейтуге де ерекше мән берілуде. Айталық, өткен жылы облыс орталығында бюджет қаражаты есебінен 11 шағын футбол алаңшасының құрылысы басталып, биыл толық аяқталды. Оның 5-і Әулиеата ауданында салынса, 6-ы Жібек жолы ауданында бой көтерді. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың, әсіресе балалар мен жастардың спортпен айналысуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Қаладағы ірі спорт инфрақұрылымдық жобалардың бірі – «Ұлы дала» шағынауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені. 2025 жылы аталған шағынауданда құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бұл нысан үшін Ш.Жандарбеков көшесінен жалпы ауданы 1,1278 гектар жер учаскесі бөлінді. Жобаны іске асыруға былтыр жылы 386 миллион теңге, ағымдағы жылы 250 миллион теңге бөлінді. Ал 2027 жылға 962 миллион теңге жоспарланған. Кешеннің құрылысын аяқтау келер жылға жоспарланып отыр.
Қала тұрғындарының ашық аспан астында дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндік беретін street workout алаңшаларының желісі де кеңейіп келеді. Қазіргі таңда көне шаһарда 140 street workout алаңшасы жұмыс істейді. Оның 25-і өткен жылы ел игілігіне берілді.
Бұқаралық және кәсіби спортты дамыту ісінде арнайы спорт мекемелерінің де атқаратын рөлі зор. Бүгінде облыс орталығының аумағында бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын 25 мемлекеттік мекеме мен кәсіпорын бар. Олардың қатарында 7 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 3 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 6 кәсіби спорт клубы, Бұқаралық спортты дамыту спорт клубы, «Намыс» спорттық клубы, Олимпиадалық резервті даярлау орталығы, Облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі, Жоғары спорт шеберлігі мектебі, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы, «Тараз-Арена» спорт сарайы, облыстық спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізу орталығы және Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша дирекция жұмыс істеп тұр. Аталған мекемелерде 9 403 мектеп жасындағы балалар мен жастар қамтылған.
Шаһардағы спорт инфрақұрылымын дамытуда «Құмшағал» алабына айрықша көңіл бөлінуде. Халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету және тұрғын алқапты дамыту мақсатымен 2023 жылы дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Ал 2024 жылы осы кешеннің базасында Балалар мен жасөспірімдердің дене даярлығы клубы ашылды. Мұнда 7 кәсіби жаттықтырушы 6 спорт түрі бойынша 7-17 жас аралығындағы 504 спортшыны жаттықтырады. Олар футзал, волейбол, қазақ күресі, дзюдо, бокс және кикбоксинг бағыттары бойынша спорттық дайындықтан өтеді. Кешкі уақытта аталған спорт кешені барлық жастағы тұрғындар үшін спортпен жүйе- лі түрде айналысуға тегін негізде қолжетімді. Қазіргі таңда мұнда 236 адам спорт түрлерімен және тренажер залындағы жаттығулармен қамтылған.
Балаларды спортқа тартуда «DamuBala» мемлекеттік спорттық тапсырысының да маңызы зор. Биыл Тараз қаласында осы мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша 47 жеке кәсіпкер 92 спорттық секцияда 3 202 балаға спортпен шұғылдану үшін қыз- мет көрсетуде. Бұл көрсеткіш балалардың спорттың әртүрлі бағыттарына қатысуына және олардың дене дайындығын жүйелі түрде жетілдіруіне септігін тигізіп отыр.
Жалпы алғанда, тұрғындарды жүйелі спортпен қамту Тараз тұрғындарының жалпы санының 45,4 пайызын немесе 209 027 адамды құрайды. Оның ішінде мектеп жасындағы балалар – 66,9, жастар – 66,3, ерекше қажеттіліктері бар адамдар – 22,7 пайыз болып отыр. Бұл бағыттағы өсім соңғы жылдардағы көрсеткіштерден де анық байқалады. Әсіресе, мектеп жасындағы балалар арасында спортпен жүйелі түрде айналысу көрсеткіші жылдан жылға артып келеді. Айталық, 2022 жылы олардың 58,6 пайызы спортпен шұғылданса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 64,9 пайызға жетті. Ал биыл жеткіншіктердің 66,9 пайызы спортпен қамтамасыз етілуде.
Мүгедектігі бар азаматтарды спортқа тарту мәселесі де біздің назарымыздан тыс қалған емес. Мәселен, Таразда 2012 жылдан бері ерекше жандарға арналған мамандандырылған клуб жұмыс істейді. Қазіргі таңда онда 360 адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Клубта 16 спорт түрі бойынша 19 штаттық және 16 штаттан тыс жаттықтырушы еңбек етеді. Спорт түрлерінің қатарында жеңіл атлетика, жүзу, пауэрлифтинг, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, таеквондо, арбадағы спорттық билер, еркін және грек-рим күресі, волейбол, дзюдо, голбол, футбол, армрестлинг және бочча бар.
Бүгінде Тараз қаласында спорттың 66 түрі қамтылған. Оның ішінде 27-сі – олимпиадалық, 28-і – олимпиадалық емес және 11-і – ұлттық спорт түрі. Ұлттық спорт түрлерінің қатарында қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, бәйге, асық ату, бестас, құсбегілік және садақ ату бар. Ұлттық спорт – халқымыздың тарихи-мәдени болмысымен сабақтасқан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан құндылықтардың бірі. Сондықтан оны балалар мен жастар арасында кеңінен насихаттау бұқаралық спортты дамытудың маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Осы мақсатпен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі жыл сайын көктем мезгілінде 18 жастан асқан спортшылар арасында «Қазақстан Барысы» қалалық іріктеу турнирін өткізеді. Ал күз мезгілінде жастар арасында «Жас Барыс» жарысы ұйымдастырылады. Бұл бәсекелер үш жас тобын қамтиды. Қатысушылар 14-15 жас аралығында – 9 , 16-17 жас аралығында – 7 және 18-19 жас аралығында 8 салмақ санаты бойынша бақ сынайды. Сонымен қатар балалар, жастар, ересектер мен ардагерлер арасында тоғызқұмалақтан, асық атудан, көкпардан, садақ атудан және басқа да ұлттық спорт түрлерінен қалалық жарыстар өткізіліп тұрады.
Бұқаралық спорттың басты көрсеткіштерінің бірі – халықты спорттық іс-шараларға тарту. Осы бағытта да Тараз қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен жылдың ағымдағы кезеңінде облыс орталығында әртүрлі деңгейдегі 671 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіліп, оларға 84 400-ден астам адам қамтылды. Ал ағымдағы жылдың басынан бері әртүрлі деңгейдегі 360 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіліп, оларға 86 100-ден астам адам қатысты. Оның ішінде 31 400-ден астам адамды қамтыған 191 қалалық іс-шара ұйымдастырылды.
Жастарды спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту мақсатымен облыс орталығының барлық округінде аула командалары арасында жарыстар өткізу дәстүрге айналған. Биыл 30 мамыр мен 4 маусым аралығында әр апта сайын демалыс күндері ойын кестесіне сәйкес 2012-2014 жылы туған жасөспірімдерден құралған аула командалары арасында шағын футболдан Тараз қаласы әкімінің Кубогы өткізілді. Жарысқа 32 команда қатысып, 500-ден астам адам қамтылды. Сайыс қорытындысы бойынша Тараз қаласы әкімінің Кубогын «NFS Шалғай Қарасу» командасы жеңіп алса, II орынды «Скарлет», III орынды «Алатау» шағынауданының командасы иеленді.
Көне шаһарда балалардың дәстүрлі ойындарға қызығушылығын арттыруға бағытталған аула ойындары спорттық фестивалінің қалалық іріктеу кезеңі де жыл сайын өткізіледі. Әдетте сәуір айында қалалық білім бөлімімен және Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп ұйымдастырылатын бұл жарыс үш жас санатын қамтиды. Бірінші санатқа 10 жастан 14 жасқа дейінгі балалар, екінші санатқа 14 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастар, үшінші санатқа 18 жастан асқан азаматтар қатысады. Қатысушылар қалашық, ләңгі, асық ату, секірмекте секіру және орта доп сияқты 5 спорт түрінен өзара мықтыны анықтайды.
Сондай-ақ жыл сайын қалалық білім бөлімімен бірлесіп үш жас санатындағы Көше ойындары чемпионатының қалалық іріктеу кезеңі ұйымдастырылады. Оған 16 жасқа дейінгі ұлдар мен қыз- дар, 16 жастан 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастар және 21 жастан асқан азаматтар қатысады. Қатысушылар армрестлинг, армлифтинг, стритбол, зілтемір көтеру, арқан тарту, масрестлинг, стритворкаут және гір тасын көтеру сияқты 8 спорт түрінен жарысады.
Спортпен белсенді айналысатын ардагерлердің де қаланың спорттық өмірінде өзіндік орны бар. Дәстүрлі түрде ардагерлер арасында волейболдан, шахматтан, тоғызқұмалақтан, шағын футболдан қалалық турнирлер, сондай-ақ спартакиада және әуесқой клубтар арасында футзалдан «Қазфосфат» ЖШС-нің Кубогы ұйымдастырылады. Мұндай жарыстар аға буын өкілдерінің денсаулығын нығайтуға ғана емес, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға да ықпал ететіні белгілі.
Әлеуметтік бейімдеу бағытындағы жұмыстар да спорт саласымен ұштастырылған. Атап айтқанда, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар арасында тоқсан сайын спорттық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Бұл олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, қоғамдық ортаға бейімделуіне және салауатты өмір салтын қалыптастыруына бағытталған.
Қорыта айтқанда, Таразда бұқаралық спортты дамыту тек спорттық нысандардың санын көбейтумен шектелмей, тұрғындардың нақты қажеттілігіне бағытталған кешенді жұмыстармен жалғасып келеді. Соның нәтижесінде жоғарыда келтіргеніміздей спортпен айналысатын тұрғындарының қатары көбейіп келеді. Оның тағы бір себебі – бүгінде Таразда спортпен айналысу үшін мүмкіндік те, нысан да, бағыт та жеткілікті. Ал алдағы жылдары жаңа спорт кешендері мен алаңдардың салынуы, инклюзивті спорт орталығының іске қосылуы, балалар мен жастарға арналған секциялардың кеңеюі және бұқаралық іс-шаралардың көбеюі бұл көрсеткіштерді одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз.
Оксана БОРИСЮК,
Тараз қаласы әкімдігі
дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы