Қырағы бақылау – сапалы құрылыс кепілі
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады. Әуелі шаһар басшысы «Ұлы дала» (15) шағынауданындағы №31 тұрғын үйдің жағдайымен танысты.
Бұған дейін аталған үйдің тұрғындары кәріз жүйесіне қатысты мәселе көтеріп, тиісті шара қабылдауды сұраған болатын. Шаһар басшысы тұрғындармен тілдесіп, мәселенің мән-жайына қанықты. Кездесу барысында тұрғындар кәріз құбырының жиі бітелуі салдарынан қолайсыздықтар туындайтынын жеткізді.
Бақытжан Орынбеков көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесіне түсіп, кәріз жүйе- сінің қазіргі жағдайын көрді. Жауапты мамандармен бірге құбырлардың жай-күйі, жүйенің жұмыс істеу ерекшеліктері және ақаудың туындау себептері талқыланды.
Сонымен қатар шаһар басшысы тұрғындардың өздеріне де ортақ инфрақұрылымды ұқыпты пайдаланудың маңызын түсіндіріп, кәріз жүйесіне тұрмыстық қатты қалдықтарды, құбырдың бітелуіне себеп болатын өзге де заттарды тастамау қажеттігін атап өтті.
– Бұл мәселені созбалаңға салуға болмайды. Кәріз жүйесінің бітелуіне себеп болып отырған жағдайды анықтап, қажетті жұмыстарды жедел ұйымдастыру қажет. Тұрғындардың қолайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасау – басты міндет. Сондықтан жауапты мамандар мәселені бақылауға алып, нақты шешім қабылдауға тиіс, – деген қала әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұдан кейін қала әкімі шаһардағы тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Аралау барысында шаһар басшысы құрылыс жұмыс- тарының межеленген мерзімінен кешігіп жатқанын сынға алды. Осыған байланысты жауапты мекемелерге әрбір нысан бойынша жұмыстардың орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстап, мердігерлердің міндеттемелерін сапалы орындауын қамтамасыз ету тапсырылды.
– Қасбеттерді жаңғырту жұмыстары – қала келбетіне тікелей әсер ететін маңызды жобалардың бірі. Сондықтан мұнда жұмыс- тың уақытында аяқталуы ғана емес, сапалы орындалуы да басты назарда болуға тиіс. Белгіленген мерзімнен кешігуге жол беруге болмайды. Әрбір нысан бойынша нақты жұмыс кестесі сақталып, мердігерлер өз міндеттемелерін толық орындауы қажет, – деді Б.Орынбеков.
Бүгінде Таразда қаланың сәулеттік келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылуда. Әсіресе, орталық көшелер бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбетін біріздендіру, ескірген қасбеттерді жаңарту және заманауи архитектуралық талаптарға сәйкес- тендіру жұмыстарына басымдық берілуде.
Бірыңғай сәулеттік стиль қалыптастыру мақсатымен орталық көшелер бойындағы тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жобасы қолға алынған. Биыл аталған жоба аясында Ы.Сүлейменов көшесінің бойында орналасқан 9 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс барысында ғимараттардың сыртқы келбетін жаңарту, қасбеттерді ретке келтіру және сәулеттік тұрғыдан біртұтас көрініс қалыптастыру көзделген.
Бұл жұмыстар – тұрғын үй қорын жаңғырту бойынша қолға алынған ауқымды шаралардың бір бөлігі. Атап айтқанда, 2026 жылы Тараз қаласында 73 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Күрделі жөндеу барысында үйлердің шатырлары, инженерлік желілері, кіреберістері, қасбеттері және басқа да ортақ мүліктері жаңартылады.
Осы күні Бақытжан Орынбеков шаһардағы жол жөндеу жұмыстарын да көрді. Әуелі шаһар басшысы Рысбек батыр көшесіне барды. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары толығымен аяқталуға жақын. Ұзындығы 1,9 шақырымды құрайтын жол учаскесінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жолдың ені 8 метрден 12 метрге дейін кеңейтілген. Бұл, өз кезегінде, көлік қозғалысының өткізу қабілетін арттырып, әсіресе, көлік көп шоғырланатын уақытта қозғалысты біршама жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Жолдың техникалық жағдайын жақсартумен қатар, аталған аумақтың сыртқы келбетіне де ерекше көңіл бөлінбек. Атап айтқанда, келер жылы Төле би даңғылынан Рысбек батыр көшесіне дейінгі аралықты көгалдандыру жоспарланып отыр.
Келесі кезекте Бақытжан Әмірбекұлы Қ.Тұрысов көшесіне аялдады. Биыл аталған көшеде (Т.Рысқұлов көшесі мен Төле би даңғылы аралығы) жолдың жүріс бөлігі мен тротуарға орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жөнделетін учаскенің жалпы ұзындығы – 1,123 шақырым.
Сонымен қатар шаһар басшысы Қолбасшы Қойгелді көшесінің жаңғырту жұмыстарымен таныс- ты. Бүгінде аталған көшенің Төле би даңғылы мен Қапал көшесіне дейінгі аралығында жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Жөнделетін жолдың жалпы ұзындығы 3,15 шақырымды құрайды. 2025 жылы басталған құрылыс- ты биыл толықтай аяқтау жоспарлануда.
Аталған көшелерде жол жабынын толық жаңарту, инженерлік желілерді ретке келтіру, жол жиегін абаттандыру және көлік қозғалысын заманауи талаптарға сәйкестендіру жұмыстары қатар атқарылып жатыр. Бұл жобалар аяқталғаннан кейін көлік ағынының өткізу қабілеті артып, жолдардың пайдалану мерзімі ұзарады.
Жалпы, ағымдағы жылға арналған жоспарға сәйкес, қала аумағында ұзындығы 34,7 шақырымды құрайтын 42 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.
Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы жүріп-тұруы үшін ұзындығы 14,8 шақырымды құрайтын жаңа жаяу жүргіншілер жолдарын салу жоспарланып отыр. Бұл жоба, әсіресе, мектептер, балабақшалар, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй алаптарының маңындағы жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ