Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Зайырлылық – тұрақтылықтың берік негізі

0 64

Қоғамның тұрақтылығы мен ел ішіндегі татулықтың сақталуы – мемлекеттің басты құндылықтарының бірі. Әсіресе, діни сенім бостандығы мен зайырлы мемлекет қағидаттарының үйлесімді жүзеге асуы қоғамдық келісімнің маңызды тетігі саналады. Бүгінде Жамбыл облысында дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, конфессияаралық келісімді нығайту және тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Өңірдегі бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы», «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңдарына, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, сондай-ақ стратегиялық жоспарлар мен жол карталарында белгіленген міндеттер мен нысаналы көрсеткіштерге сәйкес жүргізіледі. Облысы әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Еркебұлан Ақбайдың айтуынша, аталған құжаттарда мемлекеттің зайыр- лылық қағидаттарын ілгерілету, діни бірлестіктермен өзара іс-қимылды жетілдіру, қоғамда діни тұрақтылықты сақтау және радикалды идеологияның таралуына жол бермеу жөніндегі негізгі міндеттер айқындалған.
– Дін саласындағы мемлекеттік сая- сатты іске асыру барысында үш негізгі бағытқа басымдық беріліп отыр. Біріншісі – діни экстремизм мен терроризмнің кез келген көріністерінің алдын алу. Екіншісі – мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы сындарлы қарым-қатынасты қалыптас- тырып, конфессиялар арасындағы өзара түсіністік пен келісімді нығайту. Үшіншісі – Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген зайырлылық қағидатының сақталуын қамтамасыз ету.
Дін саласында білімі мен тәжірибесі бар 54 маманнан құралған ақпараттық-түсіндіру тобы қоғамның түрлі әлеуметтік топтарымен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, зайырлылықтың мәнін, діни сенім бостандығының заңнамалық негіздерін, деструктивті діни ағымдардың белгілерін және экстремистік идеологияның қаупін түсіндіреді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тәуекел дәрежесіне қарай «төмен», «орта» және «жоғары» деңгейлер бойынша жүргізіледі, – дейді басқарма басшысы.
Басқарма басшысының мәліметіне сүйенсек, бүгінде облыс аумағында 11 конфессияға тиесілі 403 діни бірлестік пен филиал өзара келісім жағдайында қызмет атқарады. Оның 358-і – исламдық, 45-і христиандық бағыттағы діни бірлестіктер. Христиандық бағыттағы ұйымдардың ішінде 8 православтық, 1 католиктік және 36 протестанттық діни бірлестік бар. Өңірдегі діни қызмет саласының субъектілері қатарында 4 миссионер бар. Олардың екеуі – Рим-католик шіркеуінде, тағы екеуі пресвитериандық шіркеулерде діни қызмет атқарады. Миссионерлердің заңнамаға сәйкес жыл сайын тіркеуден өтуі тұрақты бақылауда. Сонымен бірге облыста 40 намазхана мен құлшылық үйі жұмыс істейді. Діни білім беру бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінде бүгінде 80 шәкірт білім алып жатса, «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығында 222 шәкірт діни білім алуда.
Жамбыл жерінде ислам дінімен қатар православие, католицизм, баптизм, лютеран, елуіншілер, адвентист, прес- витериан, жаңаапостолдық, методистік және Иегова куәгерлері секілді конфессия өкілдері де өз қызметтерін жүзеге асырып келеді. Олардың арасында өзара түсіністік пен келісім қалыптасқан. Өңірде конфессияаралық қақтығыстардың тіркелмеуі – жүргізіліп отырған мемлекеттік саясат пен қоғамдық келісім жұмыстарының маңызды нәтижелерінің бірі. Діни ұйымдармен бірлесіп Ораза айт, Құрбан айт, Рождество, Пасха сияқты діни мерекелер де дәстүрлі түрде аталып өтеді.
Қазіргі ақпараттық қоғамда діни радикалды идеологияның таралу жолдары да өзгеріп келеді. Бұрын мұндай ақпарат белгілі бір ортада немесе жабық кездесулер арқылы тараса, бүгінде интернет пен әлеуметтік желілер оның таралу мүмкіндігін кеңейтіп отыр. Осыған байланысты өңірде профилактикалық жұмыстардың мазмұны қайта қаралып, негізгі басымдықтар белгіленді. Ең алдымен, сандық көрсеткіштен сапалық нәтижеге көшуге басымдық беріліп отыр. Діни радикалды идеологияның ықпалына түсу қаупі жоғары әлеуметтік топтармен мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Олардың қатарында сауда орындары, құрылыс алаңдары және басқа да әлеу- меттік орта өкілдері бар.
– Басқарма тарапынан деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен азаматтармен де профилактикалық және оңалту жұмыстары жүргізіледі. Биыл жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде дәстүрлі ислам бағытына қайта оралған, Қазақстан қоғамының құндылықтарына бейімделген азаматтар бар.
Дін саласындағы жұмыстың нәтижелі болуы, ең алдымен, осы бағытта қызмет атқаратын мамандардың білімі мен кәсіби біліктілігіне байланысты. Бүгінде облыста дін саласында жоғары білімі бар 102 азамат қызмет атқарады. Оның 21-і – Дін проблемаларын зерттеу орталығының мамандары.
Сонымен бірге өңір үшін білікті кадр даярлау мәселесіне де басымдық берілуде. Қазіргі таңда облыстан 215 студент «Нұр-Мүбәрак» университетінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алып жатыр. Олардың әрқайсысымен жеке байланыс орнатылып, оқуын аяқтағаннан кейін өңірге жұмысқа тарту бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Бұдан бөлек, 25 азамат шетелдегі діни оқу орындарында білім алуда. Аталған азаматтардың жақындарымен және мессенджерлер арқылы өздерімен байланыс орнатылып, олардың жағдайы туралы мәліметтер алынып отырады. Ал өңірдегі 11 конфессияға тиесілі 403 діни бірлестік пен филиалдың өзара келісім жағдайында қызмет етуі, өңірде конфессияаралық қақтығыстардың тіркелмеуі – осы тұрақтылықтың айқын көрінісі, – дейді Еркебұлан Ахметұлы.
Сонымен қатар өңірде Instagram, Facebook, Telegram, VKontakte, TikTok сияқты әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін пайдаланып, деструктивті діни контентке қарсы балама ақпараттық материалдар әзірленіп, жария- лануда. Дін проблемаларын зерттеу орталығының жанынан арнайы студия ашылып, онда подкастар мен түрлі форматтағы бейнеөнімдер дайындалуда. Бүгінде студия арқылы ұзақ форматтағы 22 бейнеөнім және reels форматында 576 бейнеөнім әзірленіп, «Әулиеата» және «ruQh» жобалары аясында YouTube видеохостингіне және әлеуметтік желілерге орналастырылған.
– Интернет кеңістігіндегі ахуалды зерделеу үшін «Талдамалық интернет карта», «Кибербақылау», «Контр» сияқты ақпараттық жүйелер де қолданылады. Олар интернет кеңістігіндегі теріс діни контентті талдауға, анықтауға және оған қарсы ақпараттық жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді. Жүргізілген жұмыстың ауқымын өткен жылғы көрсеткіштерден де көруге болады. 2025 жылы интернет желісіндегі теріс діни бағыттағы топтарға тіркелген 40 808 тұрғын аталған топтардан шығарылды. Сонымен қатар интернет кеңістігінде еркін қолжетімді 11 398 күдікті парақша анықталып, дінтану сараптамасына жолданды. Сондай-ақ аймақтағы газет редакциялары мен телеарналарда жұмыс істейтін 21 тілшіден тұратын журналистер клубы құрылған. Олар дін саласындағы өзекті мәселелерді тұрақты түрде көтеріп, бұқаралық ақпарат құралдарында тиісті материалдар жариялап келеді.
Жыл басынан бері өңірде 1 821 түрлі шара ұйымдастырылып, оған 47 мыңнан астам адам қамтылды. Ал 2025 жылы 4 789 түрлі шара өткізіліп, оған 100 мыңнан астам тұрғын қатыс- ты. Ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында шеберлік сыныптары мен оқыту семинарлары тұрақты түрде ұйымдастырылады. Мәселен, 2026 жылғы 27-28 сәуір күндері республикалық деңгейдегі сарапшылардың қатысуымен облыстық екі күндік оқыту семинары өткізілді. Оған мемлекеттік саясатты іске асыруға және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға мүдделі жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қыз- меткерлері, арнайы және жалпы білім беру ұйымдарының педагог-мұғалімдері, діни бірлестіктердің өкілдері қатысты. Семинарға 100-ден астам адам қамтылды, – дейді облыс әкімдігінің дін істері басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Самғат Мутанов.
Әрине, бүгінгі міндет – қол жеткізілген қоғамдық келісімді сақтау ғана емес, оны жаңа заман талаптарына сай одан әрі нығайту. Әсіресе, интернет кеңістігінің мүмкіндігі кеңейген сайын діни сауаттылықты арттыру, жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту, радикалды идеологияның алдын алу және қоғамда зайырлылық құндылықтарын кеңінен түсіндіру жұмыс- тары өзектене береді.
Қорыта айтқанда, Жамбыл облысында дін саласындағы мемлекеттік саясаттың жүйелі жүргізілуі, діни сауаттылықты арттыру, конфессияаралық келісімді нығайту, жастар мен әлеуметтік топтар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейту және интернет кеңістігіндегі деструктивті діни ақпараттың алдын алу бағытындағы шаралар қоғамдық тұрақтылықты сақтауға ықпал етіп келеді. Басты мақсат – тұрғындардың діни сенім бостандығы мен зайырлы қоғам құндылықтарын қатар ұстануына жағдай жасап, бейбітшілік пен келісімді берік сақтау. Себебі ел ішіндегі тұрақтылық пен қоғамдық татулық – мемлекеттің орнықты дамуының ең берік негізі.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.