Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастар жылы қалай өтті?

0 255

Биылғы жыл Жастар жылы деп бекітілген соң, олардың болаттай шыңдалып, болашаққа бағдар жасауына мол мүмкіндіктер қарастырылу керектігі жыл басынан бері айтылып келді. Қала әкімдігі жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңес отырысында жастар жылында жастарға қандай мүмкіндіктер жасалды деген сауалдың жауабы қаралды.

Сәндібек Піренов

Кеңестің кезекті отырысын қала әкімінің орынбасары К.Олжабай жүргізді. Оған облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа мен кеңес мүшелері қатысты.

– Статистикалық мәліметтер бойынша Тараз қаласының жалпы тұрғындар саны 357 882 адамды құраса, оның 76 436-сы 14 пен 29 жас аралығындағы жастарды құрайды. Яғни халық санының 22%-ын құрап отыр. 2019 жылдың 11 айында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 3 048 жас тартылды. Ваканттық бос жұмыс орындарына 1 998 азамат, жастар тәжірибесіне 332 жас маман, әлеуметтік жұмыс орындарына 13 адам, кәсіптік оқыту курстарына 360 жас азамат, кәсіпкерлік негіздеріне 180 азамат, ақылы қоғамдық жұмыстарға 152 жас жолданып, 29 жасқа дейінгі 13 жас кәсіпкер шағын несие алды. Мұнымен қоса, қалада «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын ұйымдастыруға 25 000,0 теңге бөлінді. Бөлінген қаражатты игеру мақсатында нысаналы трансферттер және еңбекпен қамтылатын жастарды тарту бойынша наурыз айында жұмыстар жүргізілді. Ағымдағы жылы барлығы 350 жас 8 сағаттық уақытша жұмыспен қамтылып, бір айлық жалақысы 60 000 теңгені құрады. Жастардың волонтерлық қызметін дамыту мақсатында 2017 жылдың қыркүйек айында қалалық Жастар ресурстық орталығы жанынан «Темірқазық» волонтерлар қозғалысы құрылды. Қазіргі таңда аталған волонтерлар қозғалысының құрамында арнаулы орта оқу орындарының еріктілерінен құралған 100-ге жуық белсенді жас бар. 2019 жылы Тараз қаласында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында 6 әлеуметтік жобаны іске асыруға қалалық бюджеттен 4 800 000 теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде барлық жобалар өз деңгейінде жүзеге асты, – деді Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының міндетін уақытша атқарушы Абзал Есіркепов.

Жастар ресурстық орталығының ізімен қала әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мекемесінің директоры Бауыржан Төлегенов Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес жастарды жұмыспен қамту бойынша атқарылған жұмыстарды ортаға салды.

– Бағдарламаның негізгі мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және біліктілігі жоқ адамдарды, оның ішінде жастарды үш бағыт бойынша нәтижелі жұмыспен қамту. Соның бірінші бағыты бойынша жыл басынан бері қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 361 жас азамат жолданған. Оның ішінде 265-і оқуды аяқтап, 192-сі жұмысқа орналасты. Ал екінші бағыт бойынша микрокредит беру тетіктерін ауылдық және қалалық елді мекендерде де кеңейту көзделген. 2019 жылға республикалық бюджеттен қалаға шағын несиелендіруге «Даму» АҚ екінші деңгейлі банктер арқылы 801,05 млн теңге бөлініп, 33 азаматқа шағын несие берілді. Сонымен қатар қайтарымсыз грант бойынша ағымдағы жылдың тамыз айынан 110 жас азаматқа 200 АЕК немесе 505000 теңгеден жоспарланып, оған 55,6 млн теңге бөлінді. Жыл басынан 106 адам грант алды. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша жастар тәжірибесіне үстіміздегі жылдың қаңтар айынан 78 мекеменің тізбесі бекітіліп, 200 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Нақты жолданған 332 жас азамат болса, бағдарламаны аяқтағандар 311 жас азамат, оның ішінде 218 жас азамат тұрақты жұмыспен қамтылған, – деді Бауыржан Қадырбайұлы.

Биылғы атқарылған жұмыстардың барысымен танысқан қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай: «Жастар жылында өзіміздің аймақтың жастарына айтарлықтар дүниелер ұсынылмады», – деді. Сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының басшысының міндетін уақытша атқарушы Абзал Есіркеповке «биылғы жыл статистикаларды сөйлетіпсің, бірақ қашанда саннан бұрын сапға мән берілуі тиіс» деп алдағы Волонтерлар жылында көзге көрінетіндей жұмыстардың атқарылуы керектігін баса айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.